Zhandos's Weblog

Уәһһәбшылар деген кім?

СҰРАҚ-60: Әссәләму алейкум уә рахмәтуллаhи уә бәракәтуh!!! Сіздін жауабынызды алып,куанып калдым! менің сурайын дегенім уәһһәбшылардын мусылман бауырларымыздан кандай айырмашылыгы бар? оларды калай ажырата аламыз?
тагыда сурайын дегенім намазды кандай жолмен тез уйренуге болады жане менін алган бейнелі намазга карап уйреніп жургенім дурыс па? Дарын атты имамнын уагызын карап,омірге деген коз карасым озгере бастады,осындай уагыздарды карауга бола ма? менің сурап жаткан себебім,жолдасым озі намаз окиды, екеуміз тойга дейін бірге тура алмаймыз,иншалла отбасын курам дегенге дейін толыктай парызымды менгерсем деймін.Осыган жауап берсеніздер нур устіне нур болар еді. Жәзәкәл-ләху хайран!

ЖАУАП-60: Уағәләйкумус сәләм уа рахматуллаһи уә бәрәкәәтуһ!
Жауап көлемі үлкен болса да, қазіргі таңда кең тарап кеткен “уәһһәбшы” деген тіркесті жақсылап талдап шығайық.
Біріншіден, бұл атау Ислам ғұламаларының бірі Мұхаммед ибн Абдулуәһһәб есімді ғалымның есімімен байланыстырады. Ол кісі шынымен-ақ ғалым болғаны, Ислам үшін, әсіресе таухид үшін көп тер төгіп, біраз еңбек еткенін ғұламалардың бәрі дерлік мойындайды. Ол кісі өзінің “ғалымдық” дәрежесіне лайықты адам. Бірақ, ол кісінің қай кітабын ашып қарасаңыз да көп бөлігі Құран мен хадистерді қамтып, азғантай бөлігінде ғана өз сөзін келтіретін. Демек, бұл тұлғаның дәл өзін жамандап, атын қараламаған дұрыс.
Екіншіден, ол кісі өзінің Исламға қызмет етуінде негізгі мақсатын “жалғыз Аллаһқа құлшылық етуге шақыру” арқылы жүргізген. Сол заманда пұтқа, әруаққа, әулиеге табынып кеткендер көбейіп, бұл адам соған қарсы тұру мақсатымен көп еңбектер жазып, адамдарды таухидке шақыруға тырысқан. Ал таухидке шақыру – барлық пайғамбарлар жолы.
Үшіншіден, бір ғалым пікірін ұстанған адам екі түрлі болады. Түсінігі кең адам және түсінігі тар адам. Түсінігі кең адам ғалымның сөзін ДҰРЫС ұғып, тиісінше, дұрыс түрде соңынан ілеседі. Ал түсінігі тар адам қате түсініп, өзінің қате түсінігіне ереді. Ондай болса бір адам соңынан ерген адамға қарап “ғалымды” кіналамаймыз, бәлкім “ерген адамды” кіналау керек. Бірақ, кейбіреулер бұл ғалымның кітаптарын қате түсініп алған адамдарды көріп, оларға “уаһһабшы” деп ат қойып, ақыры Мухаммед Абдулуәһһәбты жамандауға көшкен. Бұл ерсілік.
Төртіншіден, негізінен “уаһһабшы” деген атауға келер болсақ, бұл атауды көбіне “таухидке, сүннетке” тырысқан жандарды жалпы қоғамға енуінен сақтау үшін ойлап тапқан. Біле-білсеңіз, жалпы қоғамға біреуді құбыжық етіп көрсетіп, оған бір атау беріп, соған ұқсағандардың бәрін де солай атау – бұл жалпы қоғамдық сананы улайтын жаман саясат. Ең ерте кезеңде Аллаһ елшісін (с.а.с) сиқыршы, жалғаншы, шайыр деп жамандап, адамдарды одан бет бұруын үндеді. Бірақ ол кісі тек ақиқатпен келген еді. Алысқа бармай-ақ, өзіміздің зиялы қауымды алып қарасаңыз: “Оян қазақ!” деп еді, ақыры “халық жауы” атанды. Тура осы сияқты “таухид пен хадистерге” берік болған адамдарды қоғамнан бөліп тастау үшін оларға “уәһһабшы” деген атау таңып, Мухаммед Абдулуәһһәбты жаман етіп көрсетуге тырысқан. Адамдар өздері білмесе де өздеріне ұнамаған жанды “уаһһабшы” деп атауға көшті. Бірақ “Уаһһабшы деген не?” деп сұрасаң, дұрыстап жауап бере алмайды көбісі.
Бесіншіден, кейбір бауырлар өздерінің шала ілімінің салдарынан Исламды халыққа қате түсіндіріп, елге уағыз айтуда дөрекілік көрсетіп, мазһабтарды мойындамай, жұртты жаппай кәпір-мұсылманға бөліп, халықты өздеріне қарсы қаратып алды. Олардан: “Кімнің кітабын оқыдың?” десе, ол “Әбдулуәһһәбтың” деп, ақыры өзінің былғанған атына қоса ұлы ғалымның есімін де қосып алды. Сөйтіп “уаһһабшы” боп шыға келді. Біліңіздер ағайын, Абдулуәһһәб үлкен ғалым әрі қазіргі кезде ел ішінде кейбір шала ілімді жастардың жасап жүргені ол кісіге мүлдем қатысы жоқ.
Алтыншыдан, мен нақты “уаһһабшы” деген ағымды, (егер ол бар болса) басқа мұсылмандардан қалай ажырап тұратынын біле алмадым. Олар да мұсылман ғой. Егер таухидке берік адам “уаһһабшы” болса, онда пайғамбарлар да уаһһабшы. Егер хадистерге көбірек көңіл бөлген адам “уаһһабшы” болса, онда Ислам ғалымдарының көбісі уаһһабшы. Бірақ, жұрттың “уаһһабшы” деп айтуы дін жауларының ойлап тапқан “құбыжық” атауы. (“Халық жауы” деген атау мен “уаһһабшы” деген атау жүз пайыз бірдей). Сізден сұрайтыным, егер “уаһһабшы деген – мыналар” деп, нақты біреуді білдіретін бір іліміңіз болса, ортаға салсаңыз. Бәріміз бірігіп талқылайық.
Жетіншіден, бір ғалымның ойлары – оның кітаптарында. Адамдардың аузындағы сөздер біреудің кім екенін көрсете алмайды. Егер шынымен-ақ адамның кім екенін білгің келсе, кітаптарын оқы. Бұған көп мысал келтіріп жатудың керегі жоқ.
Сегізіншіден, біреу мазһабты мойындамаса, жұртпен қатал болса, жұртты кіналап жүрсе, уағызды дөрекі айтса, ол адам “уаһһабшы” емес, бәлкім басқа атау алады. Себебі Мұхеммед Абдулуәһһәб ешбір кітабында “дөрекі бол, жұртты кінала” демеген.
Тоғызыншыдан, “Уаһһабшы” деген тіркестің өзінде шикілік бар. Аллаһтың көркем есімдерінің бірі болған “Уәһһәб” есіміне бұлай жалғап қою дұрыс емес. “Аллаһшы, Рахманшы, Рахимшы” деген сөзіміз дұрыс па? Ақылы бардың бәрі де бұрыс екенін мойындайды.
Оныншыдан, біз қай ғалым соңынан ерсек те, кімнің кітабын оқысақ та мақсатымыз бір болу керек ол – Құранға және сүннетке сай амал жасау және ол екеуін тиісінше сахабалар сияқты түсіну. Сондай-ақ, бір ғалымнан өзгені мойындамау, өзгені қате деп білу – адасудың басы. Пайғамбардан өзгенің бәрі де қателеседі. Осыны есте ұстаңыз.
Біз бұл жерде жауап жазғанда нақты ағымды, топты, жамағатты ақтап жазбаймыз, себебі Ислам діні әртүрлі жамағаттар мен топтарға толықтай тыйым салған. Бірақ, Ислам үшін еңбек еткен қай ғалым болса да оны ақтап алуға тырысып, дұрыс пен бұрыстың арасын ажыратып алуға тырысамыз. Бір адам сыртынан ғайбат айту – оның етін жеумен тең. Ал ғалым адамның атынан ғайбат айту одан да сорақы, себебі олар пайғамбарлар мирасқорлары.
*** Намазды үйренуге келер болсақ, үйрететін біреу болса ең абзалы сол. Ислам діні ұстаз бен шәкірттік байланысты абзал көреді. Ал егер үйретуші адам таба алмасаңыз, онда өзіңіз айтып отырған “Бейнелі намаздан” үйренсеңіз де болады, бірақ, ол жерде айтылған дұғалар, намаз сипаттары жайында білімді жандардан сұрап, шариғатқа сай және қайшы келетін тұстарын ажыратып отырыңыз. Дәлелсіз түрде көз жұма орындауға болмайды.
*** Ал Дарын немесе тағы басқа уағыз айтушы бауырларымыздың дәрістерін тыңдауға келер болсақ, иншалла, оқасы жоқ әрі осындай әрекет жасап жүрген бауырларымызға Аллаһ разы болсын. Жалпы, Құран және хадиске сай келіп тұрса, оған қоса сахабалар түсінгендей түсіндіріп беріп отырса, нұр үстіне нұр, тыңдауға болады. Анығын Аллаһ біледі. Түсініксіз жерлер болса ашып сұрап алыңыз.

Иман

Мамыр 18, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , , , , , | 1 Пікір