Мұхамеджан Тазабеков: МЕН МҰСЫЛМАНМЫН, ӘРІ ҚАРА ТҰЯҒЫМА ДЕЙІН ҚАЗАҚПЫН
– Мұхамеджан, сіз жөнінде жұрттың білгісі келетін бір сұрақ бар. Айтысқа неге шықпайсыз?
– Мен айтысқа өте жас келдім. Он үш жасымда қолыма домбырамды алып, сахнаға шығып, ал он бес жасымда үлкен ақындармен айтысып, республика көлеміндегі жыр додасында жүлдегер атандым. Және бірден нәтижелі айтыс көрсетіп, қатарға ертерек қосылып кеттім. Айтыста өзімнің жолымды салдым. Бірақ мен айтыспен қош айтысқан жоқпын. Адам өзінің рухани жаңғыру, түлеу және шыңдалу кезеңдерінде жұрттың алдына көп шыға бермеуі мүмкін. Сондықтан айтысқа шықпай жүргеніме соншалықты үлкен себеп жоқ. Әлі де айтыстың төңірегіндемін. Жас ақындардың басын біріктіріп, оларға бас-көз болып, жол көрсетумен айналысып жүрмін. Негізі мұсылманшылық жолды тереңірек ұстанып, үйреніп, білім алып жүргендіктен, уақытымның көбі осы жолға жұмсалып жатыр. Өзімнің ақындық қабілетімді, шығармашылық мүмкіндіктерімді пайдаланып, мұсылмандық өлең жазып, уағыз-насихаттар жүргізіп жүрген жайым бар.
– Менің бір байқағаным, соңғы уақыттарда дінді ұстанғандардың басым бөлігі сахнадан қол үзіп жатыр. Аузы дуалы ақындарымыздың бірі Шорабекті айтыстан көре алмай дал болдық. Ал Бекболаттың дауысын қаншама қазақ сағынды. Сізді де осы топқа қосуға болады. Жаңа «уағыз-насихат жасап жүрмін» дедіңіз. Неге осы уағызыңызды сахна арқылы, өнеріңізбен әрлеп жеткізбеске? Қайта сахнаның күшімен халықты ұйытуға болады ғой.
– Өнерде толыққанды жүру оңай емес. Көп жағдайда орта өз әсерін қалдырмай қоймайды. Уақытың пайдасыз іске көп жұмсалады. Жалпы, айтысқа, өнерге дін ешқашан тыйым салған емес.
Алланың берген қасиеті поэзия өте құдіретті өнер. Бұл өзі қанжар іспеттес. Пышақпен нан турауға да, кісі өлтіруге де болады. Сол сияқты өлеңнің күшімен жақсылықтың да нұрын шашуға және жамандықтың уытын да таратуға болады. Құранда 114 сүре болса, оның біреуі ақындарға арналған «Шұғара» сүресі. Сол сүреде «ақындарға азғындар ғана ереді, бірақ олардың иман келтіргені басқа» деген жолдар бар. Яғни, ақындар Алланың берген қасиетінің арқасында соңынан халықты ертіп, сөзіне иландыра алады. Бірақ қазір «құбылаңа түкірдім!» деп немесе Аллаға, Пайғамбарға қарсы күпір сөз айтып, өлең жазып жүргендер де бар. Мұндайлар халыққа қасиетсіз ұғымдарды сіңіреді. Кейбір ғалым деп жүрген ағаларымыз «неге мешіттер көп салынып жатыр?», «неге жастардың бәрі намазхан боп кетті?» деп, кейбір мінбелерден орынсыз сөз айтып, мәселені басқа жақтан іздейтін сияқты. Мәселен, мен Париж сахнасында өткен жыр додасында айтысқым келген. Жүрсін ағам екеуміз Париж төрінде имандылық айтысын өткізейік деп ұйғарғанбыз. Бірақ кезінде маған қамқор болған үлкен ағаларымның бірі «Мұхамеджан сақалымен сахнаға шығатын болса, айтыспай-ақ қойсын» деп, жолыма тосқауыл болды.
– Сол Париж сахнасында өткен айтыста «Дін ислам – діңгегім» деген толғауыңызды оқыған кезіңізде, көздеріңізден сахнаға деген сағынышты байқадым. Халықтың ілтипатын әбден сағынып қалған сияқтысыз…
– Әрине, сағындым. Жанкүйер жұртыммен тағы да қауышатыным сөзсіз. Айтпағым, әлгі «жанашыр» ағаларымыз сонда менің өнерге келіп, өз үлесімді қосуымды ойлап отырған жоқ, керісінше менің болмысыммен күресіп жүр. Өзі арақ ішіп, зина жасап, ақша тігіп карта ойнап жүрген адамдар бір адамның таза жолда жүргенін түсінуге мұршасы жоқ. Олар сол адамның көлеңкесінде өзінің жамандығы көрініп қалатынынан қорқып, кісіні күстәналауға дайын тұрады.
– Ал осы сақалыңызды алсаңыз не қылады?
– Сақал – пайғамбардың сүннеті. Қазақта «Сөздің көркі – мақал, ердің көркі – сақал» дейді. Сақалды қырып жүру үрдісі бертінде ғана шыққан еді, ал ер жігіттің сақал қоюы – ықылым заманнан келе жатқан табиғи болмыс. Сондықтан бұл әркімнің өз шаруасы. Мәселе сақалда емес, мәселе көзқараста. Мен көшеде кіндігін ашқан қыздардың барлығын «жезөкше» деп кінәлай алмаймын ғой. Сол сияқты, сақал қойған адамның барлығы дінбұзар емес. Кеше ғана дәстүрімізге енген жаман қасиеттерге қалыпты жағдай ретінде қарайтын болсақ, онда неге ата-бабаларымыздан келе жатқан еркекке тән мұра – сақалға шошына қараймыз?
– Жалпы, шариғат бойынша мұсылман баласы сақал өсіруге міндетті ме?
– Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша міндетті. Бір жағынан сақал қойғанды өзім жақсы көремін. Сақалым өзіме ұнайды. Суретшілер мен геологтардың көпшілігі сақал қояды. Бірақ біз олардың сақалына жармасып жатқан жоқпыз ғой. Кезінде сақалды «көрік» деп санаған ата-бабаларымыз, керісінше, сақалы жоқ адамдарды «көсе, кемпір бет, сұйық сақал» деп сынаған екен.
–«Сақал қойған адамның барлығы дінбұзар емес» дедіңіз. Естуімше, сіз Исламның уақапшылдық ағымында көрінесіз. Осы мәселенің анық-қанығын өзіңіз айтып беріңізші.
– Әуелі, Исламда уақапшылдық деген ағым бар ма екен? Болған күнде де, кез келген ат қойылып, айдар тағылған ағымның Исламға ешқандай қатысы жоқ. Ал жала жабушылардың «уақапшылдықтың» тарихы туралы оқып көрсек, араптың Абдул-Уаххаб деген тұлғасы туралы айтылады. Оның біздің қазаққа, оның ішінде маған ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, дін ұстану үшін араптанудың, түріктенудің, парсыланудың ешбір қажеті жоқ. Өйткені Аллаһ Құранда біздерді жекелеген ұлт қылып жаратқанын анық айтқан. Мен дінім мұсылман болғанмен, қара тұяғыма дейін қазақпын. Және қияметте мұсылман қазақтардың қатарында тірілгім келеді. Ал кейде жұрттың көзіне ерсі көрініп, кейбір сөзіміз тосын болып жатса, айтушының адасқандығынан емес, тыңдаушының өз дінінен хабарсыздығынан болар. Өйткені қазақ айтады: «Кісі – білмегенінің дұшпаны», «Адам – танымағанын сыйламас» деп.
– Осы жерде сұрайын дегенім, «ислам – қанмен, яғни қылыштың күшімен қабылданған дін» деген де әңгімелер айтылады ғой.
– Бұл сізге жеткен теріс ақпарат шығар. Адамдардың жүрегіне тек ізгілік себуші дін қылыштың жүзімен енгізілуі мүмкін емес. Жетпіс жыл бойы бізге Ислам жөнінде жалған ақпарат жеткізіліп келді. Біз өзіміздің дінімізден алыстағанымыз сондай, Исламның қағидаларына бөтенсініп, жатырқап қарайтын болдық. Егер біреу құранды негізге алып, пайғамбарымыздың сүннеті бойынша, тура жол ұстанатын болса, біз оған шошына қараймыз. Арақ-шараптың енгені кеше, бірақ біз оған тосырқап қарамадық. Тіпті қыздың қалыңмалына қоймен қосып, бір жәшік арақ апаратын болдық қой. Ал ежелден ұстанып келе жатқан мұсылманшылығымыздан аз күнде жерініп шыға келдік. Атеистік көзқарастағы азғындаған жылдардың салқыны әбден тиген. Қазір дін дұшпандарының теріс пиғылымен хақ дініміздің кері жарнамасы жүріп жатыр. Мәселен, менің жеке басымды алып қарайық. Мен бас жарып, көз шығарыппын ба? Болмаса ұлтыма қастандық жасаппын ба? Ұлттық қасиеттерімнен жерініппін бе? Арамыздағы кейбір Абайды «кришнаид», қазақтарды «христиан болған» деп дәлелдегісі келген «ғалымдар» да «дінбұзар» деп танылған жоқ қой. Сізге басымнан өткен оқиғаны айтып берейін. Өзімнің ауылымда туған-туыстарымның басын жинап, уағыз-насихат айтып бердім. Ауылдың адамдары малдарын қоралап әбден шаршаған болуы керек, араларында ұйықтап кеткендері де болды. Сөзімнің аяғын «Ла-иллаһа-иллалаһ» яғни «Алладан басқа тәңір жоқ, Алладан басқа құдай жоқ» деген сөздерді түсіндірумен аяқтаған едім. Сол кезде «Алладан басқа сыйынуға лайықты Құдай жоқ!» деген кезде «Құдай жоқ!» деген сөзді қаттырақ айтсам керек. Ертесінде бір көкеміз «Ой, мына Мұхамеджан әбден адасыпты. Түнде қатты шаршап ұйықтап кеткен екенмін. Бір көзімді ашсам «Құдай жоқ!» деп зіркілдеп отыр екен. Тұрдым да, қаштым!» депті. Осыдан кейін не дейсің? Ол сөзімнің аяғын ғана тыңдаған. Жалпы, біз қазір мәселенің байыбына бармай, арзан дақпыртқа жүгінетін болдық. Елбасының да күйінетіні осы жағдай ғой. Өйткені біз ол кісінің не ойлап тұрғанын пайымдамай, ұнамаған кейбір іске қарап, күстәналауға құмармыз. Бірақ ол кісі әрқайсымызға «Әй, әліптің артын бақсаңдаршы!» деп айта алмайды ғой.
– Мұхамеджан, сізді әруаққа Құран бағыштап, бет сипамайды деседі. Осы сөздің жаны бар ма?
– Алла сақтасын! Мен Құран оқимын, сауабын әруаққа бағыштаймын. Бірақ мен әруаққа сыйынбаймын. Аллаға сыйынамын. Абай «жаратушы тұрғанда, жаратылғаннан не сұрайсың?» деген екен. Сондықтан біз әруаққа сыйыну мен сыйлаудың ара-жігін ажыратып алуымыз керек сияқты. Жалпы, әруаққа, тасқа, ағашқа, отқа, құсқа табыну – Ислам дініне дейін болған негізсіз сенімдердің жемісі. Ол ешқандай кітабы, жолы, пайғамбары жоқ кездегі адамдардың адасқан нанымдары. Мәселен, Абайдың аталары Алшынбай, Кеңгірбайлар заманында мықты тұлғалар болған. Бірақ Абай олардың әруағынан жәрдем сұрап, сыйынып-табынбайды, керісінше «Патша құдай сыйындым, тура баста өзіңе» деп, Аллаға тікелей шығуды айтып кеткен. Жалпы, әруаққа ғана емес, пайғамбарымыздың өзіне де сыйынуға болмайды. Оны біз Алланың құлы, әрі елшісі деп қана танимыз. Құранда Алла христиандарды «адасқандар» деп айтады. Олардың адасуының басты себебі – адамдардан құдай жасады. Егер Алла пайғамбар Исаға табынғанды адасты деп танитын болса, онда күнәсі мен сауабы қатар жүрген жәй ғана пендеге табынуды қалай деп танымақ? Алла Тағала Құранда «адамды өзіме орынбасар етіп жараттым» дейді. Расында да, жер бетінде адамнан құдіретті жаратылыс бар ма? Осылай деп айтсаң, кейбіреулер «біз әруақты құдай көріп жатқанымыз жоқ. Тек Аллаға біздің тілегімізді жеткізеді деп жатырмыз» дейді. «Қарапайым әкімнің өзіне тікелей кіре алмайсың, ал Құдайға қалайша бірден байланысқа шықпақсың?» деп уәж айтқан болады. Ал біз бір нәрсені ескермейміз. Кімге көмекші, орынбасар керек? Барлық нәрсеге бірдей мүмкіншілігі жоқ, шектеулі адамға керек. Әкім – адам. Ал Аллаһ ешбір жәрдемші мен көмекшіге, адамзат пен екі ортадағы дәнекерге мұқтаж емес.
Тірі адам Аллаға жалынып, жәрдем сұрап, біреуге қол ұшын созып, көмек көрсете алады. Ал қайтыс болған адамның жаны мен тәні ажырады. Оның жаны Алланың алдында жауап беру үшін белгіленген күнін күтіп тұр. Ал біз осы әруақты мазалап, көмек сұрамай, керісінше, оған жәрдемдесіп, дұға қылуымыз керек. Мен де бұрын білімсіздікпен адасып, әруаққа сыйындым. Әруаққа сыйыну маған не үшін керек болды? Айтыста жеңгім келгенде, мәртебе керек болғанда, тегімді айтып мақтанғым келгенде мен әруақты еске түсіріп, атын ауызға алатынмын. Олардың ақыреттегі халі туралы бас қатырмайтынмын да. Ал қазір мен бес уақыт намаз оқыған сайын Құран мен Сүннетте көрсетілгендей ата-бабама дұға қыламын. Олардың атынан қажылық орындап, ораза ұстап, садақа беріп, сауабының соларға баруын Алладан үміт етемін.
– Сіз бірнеше жыл Жамбылда тұрдыңыз. Туған жеріңізде немен айналыстыңыз?
– Бір жылдай шетелде білім алып, тәжірбие жинақтадым. Отбасылық жағдайыма байланысты, үш жылдай Таразда тұрып, әке-шешеме қолғабыс еттім. Мал-жанға бас-көз болдым.
– Мал-жан демекші, сізді алдында мыңғырған малы бар, бақуатты тұрады деседі.
–Шүкір, ешкімнің қолына қарап отырған жоқпын. Кәсіппен, сауда-саттықпен айналысамын.
– Дін жолындағы адамға осы дүниенің қызығы болып саналатын дәулеттің не қажеті бар?
– Сіз қате пікір айтып отырсыз. Мұсылманшылық – бұ дүниеде адамның бақытты болуына қажеттінің барлығын қолдайды. Тыйым салынған нәрседен басқаның бәрі рұқсат. Ислам адамзатқа пайдалы нәрсенің барлығын тұтынуға қарсы емес. Сіз дәулетті боласыз ба, жомарт боласыз ба, өз еркіңізде. Тек малыңыздың қақысын өтеп, зекет пен садақаны беріп отырсаңыз болғаны. Мұсылманшылық деген – тек қана дін ұстанғанда намаз оқып, мешіттің бұрышына тығылып отыру емес. Мәселен, мұсылманға тәуір киінбе, қымбат көлік мінбе делінбеген. Бұл фәниде адал тапқан дүниеңнің игілігін пайдалан, тек ақыреттегі беретін жауабын да ұмытпа.
– Мен сіздің келіншегіңізді көрдім. Ол небәрі жиырма бес жаста екен. Бірақ ол неге бет-ауызын тұмшалап алған? Жаңа өзіңіз айтқандай, шариғат мұсылманның бақытты өмір кешуіне ешқандай тыйым салмайды емес пе?
– Сонда сіз менің келіншегім бет-аузын тұмшаласа, ол бақытсыз өмір кешіп жатыр деп ойлайсыз ба? Ол жүзін жауып жүрген жоқ. Тек басына орамал салып, үстіне етек-жеңі мол көйлек киіп жүр.
– Менің айтпағым, мәселен, сіз заманға сай киініп алғансыз, неге келіншегіңіз де заманға сай киінбеске?
– Ол заманға сай киінбейді деп кім айтты? Зайыбым өзінің ұнатқанындай өмірін сүріп жатыр. Ел барған жерге барады, ел жүрген жерде жүреді. Менімен бірге шетелге қыдырып, қажет дүниесінен қағажу қалған емес. Сіздің ойыңызша, «заманға сай киіну» деген етек-жеңі қысқа, денеге жабысқан көйлек киіп, шашыңды әсемдеп жүру ме? Сонда сіздің заманға сай емес дегеніңіз, өзге еркектердің нәпсісін қоздыратын киім киіп, әуретін ашып жүрмеді дегеніңіз бе? Болмаса, бөтен еркектермен емін-еркін араласпады дегеніңіз бе? Рас, шариғат мұсылманның бақытты өмір кешуіне тыйым салмайды. Бірақ, әйелдің ашық-шашық жүруі зиян екендігі діни тұрғыдан ғана емес, психологиялық, медициналық тұрғыдан да дәлелденген. Ал менің әйелім ұзын әрі кең-мол киінеді. Бұл жерде оған да, қоғамға да зиян келіп отырған жоқ. Мен әйелімнің құқын шектеп отырғаным жоқ. Керісінше, осылай жүру оның өзіне ұнайды. Қайта бір жері ашық тұрса, өзінен өзі берекесі қашып, мазасы кетер еді. Жалпы, мен өзімнің жүрген жолымды, отбасымыздағы қарым-қатынасымызды, өмір сүру жиынтығымызды заманға сай өтіп жатыр деп есептеймін. Өз кәсібім бар, көзім ашық, көштен қалып бара жатқан ештеңем жоқ. Арақ ішпеймін. Зина жасамаймын. «Біреудің ақшасын қалай жеймін» деп басымды қатырмаймын. Қайта күндіз-түні өзімнің рухани кемелділігімді қалай толтырамын деп ойланамын. Сондықтан да, керісінше, мен қайта заманға сай өмір сүріп жатқан болармын. Кейбір адамдар жараспағанына қарамай, модамен киінуге құмар. Ал танымы толық адам модаға, қоғамдық пікірге құлшылық қылмайды. Керісінше, Алланың ризалығын алатын істерді істеп, ұлтының сапасын күшейтетін салихалы амалдармен айналысқанды ұнатады. Мұсылманшылығы мол адамдардан қоғамға пайда көп. Өйткені олар ұлтын жан-тәнімен сүйіп, халқының екі дүниесі үшін қам жейді.
Сондықтан мен де өз ұлтымның азғындамауы жолында, тілін-дінін, рухани болмысын жоғалтпауы жолында күш-қуатымды жұмсап жатырмын.
– Сіз келіншегіңізбен қалай таныстыңыз? Оның дін жолына түсуіне өзіңіз түрткі болдыңыз ба?
– Менің келіншегім Еңлік – Бекболат Тілеухан ағамыздың қарындасы болып келеді. Бекболат ағамен жақын достығымыз, сыйластығымыз бар. Осы кісінің үйінде алғаш Еңлікті көрдім. Маған жас болса да Еңліктің дінді мойындап, жолына түскені қатты әсер етті. Бірден «мен іздеген қалыңдық осы болар» деп ойладым. Мен оның жастығына, болмаса сымбатына қызығып алғаным жоқ. Мені оның иманы таңғалдырды. Еңлік – кәдімгі қарапайым мұсылманның келіншегі. Ерінің, балаларының барлық жағдайын жасап, күйеуіне қызмет етіп отыр. Сізге, ерсі көрінген сыртқы көрінісі ғана шығар. Қайта ол өзінің күйеуіне ғана көрсетуге тиісті нығметтерін сырт көзден қорғап жүр.
– Неше балаңыз бар?
– Екі қыз, бір ұлым бар. Үйленгенімізге жеті жыл болды. Міне, зайыбым инша Алла, төртінші перзентін дүниеге әкелейін деп отыр. Үлкеніміз – Айша, екіншіміз –Абдулғафур. Кішкентайымыз – Фәтима.
– Сіз маған бұрын тәкаппар адам болып көріндіңіз…
– Мүмкін солай болған шығармын. Өйткені өзінің жаратушысын танымаған адам, өзіне де, өзгеге де ешуақытта әділдік жасай алмайды. Мен иманым толық болмаған жылдары Алланы дұрыс танымай, не болса соған табындым. Ал бұдан өткен күнә жоқ шығар.
–Мәселен?
– Әруаққа сыйындым, тұмар тақтым. Көріпкел-тәуіптерге бардым. Осындай күнәға барған адамның басқа да күнәсін сөз қылуға бола ма? Мен бұрын халықтың алдында кейбір өлеңдерді бәйге алу үшін айтатынмын. Егер осы мәселені көтерсем, халық маған қошемет көрсетіп, дауыс береді деп ойлайтынмын. Ал қазір, нені айтсам да, шынайы айтамын. Ет жүрегіммен елжіреп айтамын. Тек ұлтымның бұ дүние мен ақыретте бақытты болуы үшін айтамын.
– Алматыға келгеніңізге алты айдан асыпты. Немен айналысып жүрсіз?
– Қазақ радиосында жұма күні сағат алты мен жетінің арасында «Құбыла» деген діни-танымдық хабарды жүргіземін. Осы хабар арқылы көпшіліктің дінге қатысты сұрақтарына жауап беремін. Енді діни бейне, аудио таспа шығармақ ниеттемін.
– Айтыста кімге есе жібердім деп ойлайсыз?
– Әріптес ақынға есем кетсе, оған өкінбеймін. Өмірге есем кетіп, Алланың алдына барғанда абыройсыз болмасам болғаны…Әңгімелескен
Мақпал ҚАРАТАЙҚЫЗЫ
http://www.aikyn.kz/
5 Пікір »
Пікір жазыңыз
-
Мұрағат
- Қараша 2009 (1)
- Қыркүйек 2009 (1)
- Тамыз 2009 (8)
- Шілде 2009 (2)
- Маусым 2009 (7)
- Мамыр 2009 (1)
- Қаңтар 2009 (3)
- Желтоқсан 2008 (1)
- Қараша 2008 (1)
- Тамыз 2008 (1)
- Шілде 2008 (1)
- Мамыр 2008 (1)
-
Категориялар
-
RSS
RSS жазулар
RSS пікірлер



Ассаламу ъалейкум уа рахматулла! Жақсы мақала екен. Мұхаметжан ағамыздың көзқарастары айқын көрініп тұр. Әйтсе де, сұхбаттасушы жорналшымыз сұрақты өткір қойғанмен ағамыздың жауабын қағазға түсіруге келгенде тізгінді тарта ұстап, тым солғын реңк бергенге ұқсайды. Мұндай сәтті пайдаланып Мұхаметжан ағамызға көрнекті дін қайраткері шейхул ислам абд-әл Уаххаб ат Тамими жайлы ақиқат сөздер мен хиджабтың маңызын, қажеттілігін қаттырақ айтқызып алу керек еді. Сақал қою мәселесі де халыққа кеңірек түсінік беруді қажет етеді. Жұртшылыққа сахих мәліметтер бара бергені дұрыс қой. Біздің қазақ баспасөзге сенеді. Дегенмен жақсы мақала. Аллаһ разы болсын!
ua ‘aleikumussalam uaraxmatullah uabarakaatuh.
amin
Barlik oner adamdari osi Muhametzhan aghamizday-ak bolsin!
Keremet, biz zhanuyamyzben Muhammedzhandy zhaksy koremiz, inimnin atyn sol kisinin atyna koiganbyz. Allahym razy bolsyn. Ote kuanyshtymyn sondai zhaksy omir surip zhatkanynyzga.
МашАллаһ, жақсы мақала! Негізі баспасөзде дін мәселесін осылай халыққа қызықты етіп, ойната отырып, хикметпен де жеткізіп отырған жөн тәрізді. Кей кейде баспсөздегі діни мақалаларда терминдер көп болғандықтан діннен хабары жоқтары оны қиынсынып оқымай кетеді. Ал осындай сұхбат арқылы біраз мәлімет жеткізуге болады.