Zhandos's Weblog

СҮЙРЕҢДЕГЕН СҮЙІР ТІЛ…

Бар ауылда солай ма, әлде бізде ғана сөйте ме, әйтеуір ауылға барғанда көретінім, екі-үш еркектің басы қосыла қалса, біреулерді сыртынан мысқылдап, мазақтап отырғандары. «Қарап отырғанша ағайынды жамандайық» дейтіндердің дәл өзі. Біреудің отырғаны – опақ, тұрғаны – сопақ. Өзгенің табысын санап, малын есептеп, оны қалай тапқанын, не ішіп, не жеп қойғанын, онысы кімнің арқасында екенін жіпке тізіп, шотқа салып әуре.

Қалалықтар да қалыса қоймайды саясат жайлы сайрай жөнелгенде… Бірақ сөздері сөгіске айналып жүре береді. Алысқа бармай-ақ, өзімізді мысал қылуға әбден болады. Құлшынысымызды құрықтай алмай құба жонға шығып құлдыраңдай жөнелеміз. Ғайбат нәпсіден екен-ау!

… Әлгінде үйге ауылдан бір жеңгем келіп кетті. Көрген, білген, естіген жаңалықтарын айтып, жарты сағат бойы жағы тынбады. Ешкімге қажетсіз, пайдасыз ақпараттарды қардай боратып, судай сапырып қайтты. Бізден шығып тағы біреуге барады. Сосын біздің үйден не көріп не байқағанын жыр қылып айтады. Сөйтетіні анық. Себебі онда пайдалы білім жоқ. Аллаһ ауыз берген соң, ол ауыз сөйлеу керек деп түсінеді. Ел әңгімеге сусап отыр деп ойлайды. Ол, әлбетте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адамды жәннатқа жетелейтін оның көркем мінезі, ал тілі тозаққа апарады» деген хадисінен бейхабар. Тіпті естісе де мән бермеген шығар. Әйтпесе қазекеңнің де: «Сүйреңдеген қызыл тіл сүйгеніңнен айырар..» немесе «Тырс-тырс тамшы тасты теседі, былш-былш өсек басты кеседі» сынды мақалдарын естімеуі мүмкін емес қой. Болмаса ол: Әйел сәні өсек деп ұғуы да ғажап емес. Мұхаммед (с.ғ.с.) миғраж оқиғасынан кейін: «Тозақта әйелдер мен семіз еркектер көп екен» депті. Яғни, әйелдерге ерекше жеңілдік жоқ екен. Сабыр, салмақтылық бәрімізге де қажет-ақ.

Бала күнімнен бері өзбектер туралы анекдоттарды көп естідім. Өзім де айттым. Кейінірек қырғыздар, орыстар, армяндар, чукчалар жайлы да талай қисық әңгімелер жаттадық. Наймандар ондай, арғындар мұндай деген сынды рулардың намысына тиетін қалжыңсымақ жетерлік екен. «Құран» кітабын оқымай, оны ақ шүберекке орап биікке іліп қойсақ, ішіндегі Жаратушының ескертулері мен нұсқауларын қайдан білмекпіз? Әйтпесе, «Хұжрат» сүресінің 11-12 аяттарындағы: «Әй, мүминдер! Бір елді бір ел тәлкек (мазақ) қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар… Сыр тексермесін. Біреуді – біреу ғайбаттамасын» – дегенді оқып, білер едік қой. Ал, Аллаһтың соңғы Елшісі (с. ғ. с. ): «Ей, тілімен иман келтіріп, жүрегіне әлі иман ұяламағандар, мұсылмандарды ғайбаттамаңдар. Олардың кемшілігін аңдымаңдар. Егер кімде-кім олардың кемшілігін аңдыса, онда Аллаһ оның кемшілігін аңдиды. Егер Аллаһ кімнің кемшілігін аңдыса, онда оны үйінде масқаралайды», – деген. Толығырақ »

Қаңтар 30, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , , , | 1 Пікір