Zhandos's Weblog

Құран кімдер үшін?

 
Құран кімдер үшін?

Қазір біздің кезімізде Құранды өлілерге арнап оқитындар көбейіп бара жатыр десек артық айтпаспыз. Бір жерге қонаққа барсақ: «Балам, қане, Құран оқып жіберші, дәметкендер бір аунап қалсын!» – дегендерді де естиміз. Егер Құран оқымай, батасын ғана жасап тұрып кететін болсаң, яғни халықтың бір көңілінен шықпасаң, сені уаһабисттің мән-мағынасын түсінбей, уаһабисттердің қатарына жатқызары сөзсіз. Құранды өлең құсап оқып беріп жатамыз. Сол оқылған аяттарға үңіліп, түсінуге көңіл қойып, ынталанып жатқандар да шамалы. Егер, Құранның басынан аяғына дейін ақтарып шықсақ та өлілерге арнап айтылған аяттарды таба алмаймыз. Аллаһ Тағаланың мына аятына назар аударайық: «Құран тірілер үшін ескерту, қарсы болғандарға байланысты сөз шынға шығу үшін» (36:70).

Өйткені, ең бірінші Аллаһ Тағала Құранды ең сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с) Жәбірейл (ғ.с) арқылы түсіргені және Құрандағы «Алақ» сүресінің алдыңғы бес аяты оқып ілім іздену әрі адам баласының жаратылысы жайында қысқаша ғана баяндап кеткен.

Біз осы уақытқа дейін Құрандағы «Оқы!» - деген аяттың келгенін білместен, «Оқы, оқы және оқы, айтқан Ленин бабамыз» – деп жүрмедік пе?

Құран ізденуге шақыратынын, басқада жайттар жайында айтатынын білместен, адасқан ғалымдардың сөздеріне құлақ асқанымыз да өтірік емес.

Иә, ойлап қарайтын болсақ, егер Құран тірілерге емес, өлілерге түскен болса, онда неге жердің астындағы мәйітке түспей, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түседі? «Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеу – әрбір мұсылман ер-әйелге парыз» – делінген. Сондықтан кітабымыз Құран Кәрімді насихаттауды және соның жолымен жүруді ұмытпауымыз керек.   

Зікірдің ең үлкені – Құран

Зікірдің тілдік мағынасы «Алланы еске алу» дегенді білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисіне назар аударайық: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, яғни үйлеріңде Құранды көп оқыңдар» – дейді.

Құран біз үшін музейге сақтап қоятын кітап емес. Сыртына қарап, ішіне үңілместен тамашалап кете беретін зат емес. Ол – адам баласының рухын, рухани байлығын қоректендіретін ғажайып кітап. Алла Тағаланың мына аятына көңіл бөлейік: «Сондай иман келтіргендер – Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады». (13:28) және Бақара сүресінің 152-аятында «Енді Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар!» – дейді.

Жоғарыдағы аяттардан көріп тұрғанымыздай, Құран Алланы еске алудың ең үлкені екендігін байқауға болады. Құран кітабы аруақтардың артынан бағыштап, болмаса оқып, хатым түсіріп, бергенін қиналмастан алу беру үшін түскен бе? Әрине, жоқ! Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құранды арзан бағаға сатпаңдар» – дейді. Яғни, Құран оқып ақша табу – мүлдем мұсылмандыққа жат нәрсе. «Арзан бағаға сату» дегеніміз, яғни бұл дүниедегі бүкіл байлық жиналса да Алланың қасында түкке тұрғысыз болып қалады. Мысалы: Аллаһ Тағаланың бізге берген бір көзінің құнын да өтеу мүмкін емес. Аллаһ Тағала Құранда: «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы – өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» (14:34). Және Нахл сүресінің 18-аятында: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла – өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Құранды арзан бағаға сатып жаңылыспайық. Себебі, бұл зікірдің ең үлкені болған Құран баға жетпес қазына екенін ұмытпауымыз керек.

Құран – екі дүниенің азығы

Бұл дүниедегі азығың, рухани байлығың. Ал, ақыреттік азығың, сені тозақтан қорғап, арашалап қалуы, яғни саған шапағатшы болады. Адам баласы материалдық жағынан бай болса да, бірақ рухани жағынан жұрдай болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисіне назар аударайық: «Құран оқыңдар, себебі кім Құран оқыса, Құран қияметте өз егесіне шапағатшы болады» – делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтыс болар сәтінде: «Мен сендерге екі нәрсені қалдырып бара жатырмын. Біріншісі – Алланың кәләмы Құран және Менің сүннетім (хадис)» – деген екен.

Алла бізге жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырату үшін баға жетпес өзінің кітабын Құранды сыйлады. Бұл Оның бізге деген мейірімділігі емес пе? Бұл дүние – жалған, ал ақырет – мәңгілік екенін көрсетіп, бұл уақытша ғана өмірде жақсылық амалдарын істеп, ақыретте солардың жемісін жейтінімізді көрсетті. Иә, Құран бізге мал-мүлік табу үшін емес, рухани байлығымызды күшейтіп, ақ пен қараны ажыратып, құлдарына насихат ретінде түскен.  Аллаһ Тағала Шура сүресінің 20-аятында: «Кімде-кім ақырет пайдасын қаласа, оған оның пайдасын арттыра түсеміз. Ал және кім дүниенің пайдасын іздесе, оған одан береміз. Оған ақыретте несібе жоқ» – дейді. Алла бізді осыдан сақтап, Өзінің тура жолынан тайдырмасын!

Қаңтар 29, 2008 - Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , | 5 Пікір

5 Пікір »

  1. МашАллах, Кураннын сурети оте таза шыгыпты.
    ФлэшКуранды озиме калай орнатып алуга болады? Инетке кирмейак оки беретиндей кылып?

    Comment жазған Zakaria | Қаңтар 29, 2008 | Жауап

  2. мына ссылкамен алуға болады. Бірақ уақытша қазір сайттары жасамай тұр, көшіп жатыр.

    Comment жазған zhandos | Қаңтар 29, 2008 | Жауап

  3. Salem!

    Mash… ozin jazdyn ba?

    Men uzbei okyp kelemin

    Comment жазған bakytnur | Қаңтар 30, 2008 | Жауап

  4. salem
    joq ozim jazghan joqpin. okiniwke orai, qoip jatqan maqalalardin’ avtorlari kim ekenin bilmeim. kirip oqip jatsa, renjimeidi gho dep oilaim :)

    Comment жазған zhandos | Қаңтар 30, 2008 | Жауап

  5. Igilikti isti taratyp jatyrsyn goi… renjimes

    Comment жазған bakytnur | Қаңтар 30, 2008 | Жауап


Пікір жазыңыз