ДІН МЕН ДӘСТҮР (дүкеншінің әңгімесі)
Қайырымды да мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Қызық деген осы. Күні кеше мен қолыма қалам алып, бірдеңе жазып ой толғаймын деп ойлаппын ба? Ойламақ түгілі, ондай нәрсе үш ұйықтасам түсіме кіріп пе екен? Енді міне, түн ұйқымды төрт бөліп, сөз теріп, сөйлем құрастырып, басым қатып отырғаны. Абай атамның: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» дегені өз басымнан өткен соң ғана түсіне бастағандаймын. Расында, маған да ат пен атақтың қажеті шамалы. Тек қана жүрегіме жүк болған бір мәселені айтып салып тынышталмасам болатын емес. Ендеше, бәрін басынан бастайын.
Мен жер шары деген көк глобустың бір нүктесіндегі аты жазылмаған ауылдың қарапайым ғана дүкеншісімін. Көргенім көп болмаса да, ауыл деңгейіндегі мәселелердің бел ортасында жүруге мәжбүрмін. Және мен айтқалы отырған жағдай бір ауылға ғана қатысты емес-ау деп топшылаймын…
Қазақ қонақжай, жомарт халық. Қазекеңнің кеңқолтық пейілі, жаймашуақ, жайылмасуат мінезі біздің жаңаарқалық ағайындарда жап-жақсы сақталған. Өзім деген кісіге өзегін суырып, жаяу қонаққа астындағы жалғыз атын түсіп беретін дархандығы қандай мақтауға да сиярлықтай. Соның бір көрінісіндей нәрсе – тойшылдығы. «Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой… ай, шіркін-ай!» деп ақындардың шырқайтынындай-ақ бар. Қарызданып, қауғаланып жасайды да жатады. Қалталарында көк тиын болмаса да мейлі. Бәрібір, байлардан бетер тәуекелшіл. Ленин айтатын коммунизм бізде. Жалақыдан – жалақыға дейін дүкенге келіп, керегін алып кете береді. Оған көнбесең, саудаң жүрмейді.
Әлбетте, ел болған соң, оның тыныс-тіршілігі, қимыл-қозғалысы, ыстық-суығы болмай тұрмайды. Мәселен, біреудің ұлы келін әкеп қалды делік. Әбігерге түскен әке «ә» дегенде дүкенге қарай тартады. Яғни, маған келеді. Керек заттар тізімін алдыма тастайды. Мен түгендей бастаймын. Барын буып-түйіп болғанда, ол маған ақшасы жоқ екенін айтады (айтпаса да білемін ғой). Оған уайымдамаймын, бір-екі қапшық азық-түлікті артамын да жіберемін. Тойдан соң есептесеміз. Бұл жағдай күніге-ақ болып жатыр. «Киіз кітабымның» ішінде талай есімдер мен цифрлар бар. Қалаңды қайдам, ауыл дүкенінің бәрінің жұмысы осылай болып келетін шығар деп ойлаймын. Елдің бәрі ақшасы айналымда жүрген саудагер емес қой. Бірде бар, бірде жоқ, бірде зар бірде тоқ. Көктемде дән сеуіп, күзде егін орып алатын егіншідей, айдың басынан бастап таратқан тауарларымның ақысын жалақы, зейнетақыдан түгендеп аламын.
Бір күні бір ауылдасым келіп, тойға деп кәмпит-пішіни, сусын… секілді азық-түліктер сұрап тұр. Берейін десем, қайтара алмайтынын білемін. Бермейін десем, жағама жармасардай екпіні қатты. Болмағасын:
«Әй, ел қаншадан беріп жатыр, өзі? Мен олардан асырып берейін. Он-онбес мың теңгенің затын тегін ал. Бірақ, ары қарай мені қинама» дейім. Көнбейді. Сұрағаны менің айтқанымнан он есе асып тұр. Ренжиді. Ашуланады. Мен бар елдің қажетін өтей беруге міндетті сияқтымын. Абайдың сөзі бар ғой: «Бай болғаннан не пайда, кедей болғаннан не зиян, бәрі ортақ болса?» деген. Сол психология әлі де бар. Елге жексұрын боламын.
Хош делік. Айтқаным «ауыл» деген организмның ыстық (нөлден жоғары) жағдайы. Ал, суығында қандай болады? Енді соған келейік.
Аяқ астынан адамынан айырылып, қанатынан қайырылып, үлкен қайғыға душар болған, басы қаралы, жүрегі жаралы ауылдас та алдымен маған келеді. Ол да қонақ күту керек. Оған да азық-түлік қажет. Ол да жеңіл автокөліктің іші-сыртын толтырып қайтады. Жылап-сықтап жүріп, ағайын-туған, құда-жекжаттарын күтеді. Шығарып салады. Бәрін бітірген соң қайтып маған келеді. Есептеседі.
Өлген кісінің артынан оның «жетісін», «қырқын», кей аймақтарда «жүзін» де беріп жатады. Оған да көп ел жиылады. Оларға да тамақ керек. Алғашқы жолғыдай емес, ендігі тамақты келген-кеткендер тегін жеп кетеді. Ал, өлік иесі бәрібір менімен есептесуі керек. Не істейді? Шығыс бар да, кіріс жоқ. Ендігі жылауы – кісісі қайтыс болғаннан да бетер болады. Ботадай боздайды. Жоқтау айтады. Одан не пайда? Болар іс болды. Туысының «қырқын» өткіземін деп, қарыздың астында қалған адамның дұғасы қалай қабыл болмақ? Осы нәрсе керек пе халыққа? Сонымен, ол «қарызбын» деп кетеді. Айналымдағы ақшамнан айырылып мен де қала беремін. Енді не істеуім керек? Онда ешкімнің шаруасы жоқ. «Жар басындағы жантақты жанынан безген нар жейді» деп біраз тәуекелдерге барып жатып бірдеңе жасаймын. Оған да шүкір. Бар әңгіме осы ғана. Кітабымның прологы да, негізгі бөлімі де бітті. Енді эпилогына келейік.
Абай атам: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген еді. Жоғарыдағы қиыншылықтардың төркіні дәстүрде жатқан сияқты. Жалпы, ұлтымызда жақсы дәстүр көп: құда түсу, қыз айттыру, үлкенді сыйлау, өлгенді жамандамау, қонақ күту… айта берсе, аз емес. Ал, енді сонда жаңағы жан ауыртар қиындықтарды да тастамай алып жүре беру керек пе? Одан не ұтамыз, не ұтыламыз? Қайтсек бізге жақсы болады? Оны кімнен сұрайын? Көп ойландым. Ой елегінен біраз кісіні өткізіп байқадым. Бәрі де өзім сияқты ет пен сүйектен жаралған, өлшеулі ғана ақыл-парасаты бар, шайтаны мен нәпсісімен арпалысып, бірде жеңіп, бірде жеңіліп жүрген жұмыр басты пенделер. Олар да қателеседі. Сонда қателеспейтін, шексіз дана кім бар? Байқасам, бүкіл әлемдерді жоқтан бар етіп жаратқан және басқарып отырған Ұлы Раббымыз – Алла Тағаладан басқа ешкім жоқ екен. Ендеше, Содан сұрау керек. Қайтіп сұраймын? Пайғамбар (с.ғ.с.) айтады: «Егер сен Алламен сөйлескің келсе – намаз оқы, Алла сенімен сөйлессін десең – Құран оқы» деп. Онда Алланың сөзі Құран кәрімді оқып көрейін дедім. Бастан аяқ оқып шықтым. Еш жерінде кісі өлгесін «жетісін», «қырқын», «жүзін», «жылын», «асын» өткізіп, елді тойдыр, өзің шығындал деген нәрсе жоқ. Сонда, бұл бұйрықтың иесі кім?! Алла айтпаса, бәлкім Оның елшісі – Мұхаммед (с.ғ.с.) айтқан шығар? Оны қайдан білеміз? Білетіндерден сұрастырып көрдім. Сөйтсем, Пайғамбардың (с.ғ.с.) өсиеттерін «хадис» деп атайды екен. Әйгілі хадис жинаушы шоң ғалымдардың ең жолы үлкен, жалы биігі – Имам Бұхари көрінеді. Ендеше, сол Бұхари жинақтаған «Сахих» (шын, дәл) хадистер топтасқан «Сахих Бұхари» деген екі томдық алып кітапты оқыдым. Бұл кітап Құраннан кейінгі ең жоғары орында тұрған дүние боп бағаланады екен. Іздегенім ол кітаптан да табылмады. Бірақта, ол жерден мынандай хадис таптым: «Сендер өздеріңе дейінгілердің дәстүріне еліктемей қоймайсыңдар. Олардан бір қарыс, тіпті, бір елі қалмайсыңдар. Ақырында, олар кесірткенің ініне кірсе, сендер де қоса кіресіңдер» депті Пайғамбар (с.ғ.с.). Сонда, қасындағы сахабалар: «Олар кімдер, христиандар мен яһудилер ме?» деп сұрайды. «Басқа кім болушы еді?» депті сонда Алла елшісі.
Енді байқасам, орыс ағайындар өлген адамның соңынан «тоғыздығын», «қырқын», «жылын» өткізеді екен. Дәні бізден бұрын қалыптасқан христиандар дәстүрін бізге үйреткен Ібіліс сияқты. Осы орайда міндетті түрде білуіміз керек бір нәрсе бар: Кез-келген дәстүр-салт, әдет-ғұрыптың дұрыс-бұрысын шариғат заңынан іздеу керек. Салтымыз жоғарыдан түскен бұйрыққа қарсы келсе, онда ол дәстүр бізге қажет емес. Себебі, Алла бізге пайдалының бәрін үйреткен. Ал, авторы белгісіз дәстүрді анық атамыздыкі дей алмаймыз. Тіпті, солай болған күнде де, аталарымыз – өзіміздей ғана адамдар болған. Бізді жарататын, сынайтын, жарылқайтын, жазалайтын шексіз құдіретті Аллаға бағынбаудың арты дұрыс болмайтындықтан, тәкәппарсымай-ақ қойғанымыз өзімізге қайырлы. Салт-дәстүрдің жақсысы да, жаманы да болатынын мойындау керек. Соңғы кезде босағада тұрып амандаспайтын болдық, себебін білмесек те, сөйтеміз. Байқасақ, ол да христиандардан келіпті. Олар ілгеріде өлген әке-шешелерін босаға астына көмеді екен. Әруақ жақын жерден қолдасын дегендері сияқты. Сондықтан, әруақтарын сыйлаған олар босағада тұрып амандаспайды екен.
Жақында бір қазақ қайтыс болды. Оны жерлеп келген біраз жақындары арақ ішті. «Поминка» жасады. Солардың ішінде бір «тәуірі»: «Жігіттер, мұндайда соғыстырмай ішеді» депті. Ал керек болса! Бұл қайдан шыққан дәстүр? Енді осылай кете берсек, бір күні шөбереміз: «Құдайың не айтқанында шаруам жоқ, менің аталарым сөйткен» десе, сауаптың астында қаламыз ба? Біз де ата-баба болмаймыз ба? Қатесіз, мінсізбіз бе?
Адамдар адасады, қателеседі. Бірақ, қандай жағдай, қай заман болса да бағытымыз жәннат болуы керек. Оған жетер жолды Құран анықтап берген. Ақиқат деген сол. «Темір өзек пенде жоқ, өлмес адам елде жоқ» деп Жамбыл атамыз жырлағандай, әуелде келген жағымызға ертелі-кеш бір қайтамыз. Яғни, екі дүниенің ортасындағы есіктен өтеміз. «Кешіріңіз, мен қазақ едім, жеңілдік болмас па екен?..» деген сөз ол жақта айтылмайды. Өйткені, қасиетті Құран Кәрім бүкіл адамзат баласына түскен. «Құран – әлем жұрты үшін ортақ насихат» (Жүсіп cүресі: 104-аят). «Құранды адам баласы үшін шындық бойынша түсірдік» (Зумәр сүресі: 41-аят). «Бұл Құран бүкіл әлем үшін бір насихат. Әлбетте, оның хабарын бір замандардан кейін түсінесіңдер» (Сад сүресі: 87-88-аяттар).
Яһуди (иудей) дініндегілер Мұхаммедті (с.ғ.с.) арап болғаны, еврей болмағаны үшін ғана мойындағысы келмейді. Өйткені, олар еврейлерді жоғарғы, арабтарды төменгі сорттағы адамдар деп есептейді. Аят, хадистерде христиандарды адасқандар, яһудилерді қарғысқа ұшырағандар дейді. Олар біле тұра мойындамайды. Ібіліс те «адамнан артықпын» деген тәкәппарлығынан тозақы болып «үмітсіз шайтан» атанған. Ендеше, қазақтар да: «Біздің қанымыз таза, араптардың діні керек емес. Тәңір діні керек бізге» десе, ұлттық тәкәппарлыққа ұрынып, Ібіліс пен яһудилердің ортақ статьясы мойындарына ілінеді. Алла айтады: «Сендерді ұлт, қауым етіп жараттым. Сендердің Алла қасындағы құрметтіректерің – (Менен) қорқушырақтарың» (Хұжырат сүресі: 13-аят). Ислам баланы әкеге қарсы айдап салмайды. Керісінше, ата-ананың хақы жайлы өте қатаң ескертеді: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті» (Исра сүресі: 23-аят). Алла әрдайым Өзінен кейін, бірінші кезекте әке-шешені құрметтеуді ескертіп отырады. Оның елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Алла Тағала Өзінен басқаға арнап құрбан шалғанды, ата-анаға тіл тигізгенді, бұзақыға пана бергенді қарғысқа ұшыратады». Тағы да: «Үш түрлі адамға жәннат иісі харам – Аллаға ортақ қосқанға, ата-анаға қарсы келгенге, дін жолындағы соғыстан қашқанға». Көрдіңіз бе, Алла алдымен Өзіне бағынуды бұйырады. Ендеше, біз ата салттан – шариғатты биік қоюымыз керек, егерде ақиқатты көздесек, Құдайдан қорықсақ. Қазақ: «Құдайдан қорықпағаннан қорық» демей ме? Біз: «Құдайдан қорқамын» деп ауызымызбен ғана айтып, ал, Оның әміріне бойсұнбасақ, Ақыреттегі ахуалымыз не болмақ? Әлбетте, біз әке-шеше, ата-бабаларымызды жақсы көреміз, олардың әр сөзін алтынға балаймыз. Абай атамыз: «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің жаманнан аманы жоқ» демеді ме? Атадан жақсы сөз де, жаман сөз де қалады. Ал, Алла сөзі тек қана жақсы, пайдалы. «Айтқанның ауызы жаман, жылағанның көзі жаман» деген аталардан қалған нақыл бар. «Қатты айтсаң – қарындасқа жақпайсың, ақырын айтсаң – ақың кетеді» деген де өзіміздің аталарымыз. Көпке топырақ шашу мұратым емес. Көпті жамандағанның көмусіз қалатынын да білемін. Алайда, көріп тұрып көз жұму – Алла алдында үлкен күнә. «Біз біреуге оның шамасынан тыс нәрсе жүктемейміз. Жақындарың болса да әділін айтыңдар» (Әнғам сүресі: 151-152-аяттар). Кемшілік айту оңай, оның себебін табу қиын. «Өлеңді жерде өгіз семіреді, өлімді жерде молда семіреді» деген бекер сөз емес. Шариғатқа шарқы жетпейтін шала молда көп. Айтсаң, бәлеге қалдың. «Шала молда шарт кетердің» дәл өзі. Көбіне өлік шыққан үйдегілерді күнәға итермелейтін де солар:
- Әй, Пәленшенің үйінде семіз жылқы тұр, Түгеншеден өсімге ақша ал да, соны сой, «өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді ауызы қисаймай. Сондағысы, күнде келіп Құран оқып, жылқының жас етін жеп тұру. Ал, әлгі бейшараның баласының киерге нәскиі де жоқ шығар. Көп қазақ бөрі болғысы кеп, итке жүнін қампайтып әлек. Алланың емес, адамдардың разалығын алғысы келеді. Соның салдарынан қаралы отбасы мүшелері адамша аза да тұта алмайды. Сойыс, жеміс, киім-кешек іздеп әбігерге түседі. Қатардан қалғылары келмейді. Дос-дұшпанға күлкі болмау үшін «жоқтан бар» жасап шабылады. «Өлім – бардың малын шашады, жоқтың артын ашады» деп шығарып қойған ауызша заң бар, соның статьясына ілінуден қорқады.
Әлбетте, қаралы адам ет жақынынан айырылып отырған соң, несін аяй қойсын? Ілгеріде, қаза болған кісінің киімдерін тарататын. Бүгінде, дүкеннің су жаңа киімдерін сатып алып, елге үлестіреді. Әйтеуір, ел сөз қылмаса екен дейді. Киім тарату деген шариғатта бар ма, өзі? Жоқ болса неге артық шығынға, ысырапқа жол береміз? Бұл не қылған дарақылық? Не деген жалған намыс?! Жыртыс беру дәстүрінің де жаны сірі екен. Әсіресе, оңтүстікте бұл аламан бәйгеге айналғалы қашан?! Адамдар ақша қолына тие салысымен дүкенге қарай тарта берген соң, жыртысты жердің басына барып, бір-ақ тарататын болды. «Мұсылман мұсылманның жаназасына тұрса, сауаптың астында. Ал, оны көміссе, тағы да сонша сауап беріледі». Бұл – хадис. Ал, біздегілер кісі жерлеуде сауап бар екенін де біле бермейді. Зират басы ақша тарататын кассасы бар мекеме секілді. Кейбір қулар шығарған ырым немесе дәстүр бойынша, өліктен алған ақшаны үйге апаруға болмайды-мыс. Оны «ішіп» құрту керек. Кейбір елде бұл жыртысты «жілік» деп те атайды екен. Тіпті, біреулер: «Пәленшенің жілігі қаншадан болыпты?» деп сұрайтын көрінеді. Астағфируллаһ!
Шариғатта жоқ бола тұра қазақ үшін «міндетке» айналған не өліге сауабы, не тіріге пайдасы жоқ ысырапқорлықты тыюға тәуекеліміз жете бермейді. «Мынау – қабір қазғанға, мынау – сүйек жуғанға, мынау – жаназа шығарғанға, мынау – таһлил оқығандарға» деп, киім, мата, ақша үлестіреміз де жатамыз. Дәл сол кезде өлік шыққан үйдің, өзінің, туысының, көршісінің үйіне қонақасыға жиналғандардың ішінде жыртақ-жыртақ, ыржақ-ыржақ, қалжыңдасып отырғандар табылады. Тіпті, карта ойнауға дейін баратындар да бар…
Ал, өлік иесі жаназа кезінде өліктің өміріндегі оқымаған намазы, тұтпаған оразасы, істемеген жақсылығының орнын толтыру үшін пәленбай мал, ақша шығарып, өлген адамды күнәдан пәк етеді-мыс. Осындай да ақылға қонбайтын, төбе шашыңды тік тұрғызатын «дәстүрлеріміз» әр жерден төбе көрсетеді. Алланы қаралағымыз келеді! «Әр адам өз амалының тұтқыны» (Муддәссир сүресі: 38-аят). «Әр адам өз қылығы үшін ғана жауапты болады» (Тур сүресі: 21-аят) деген аяттарды оқымаймыз.
Өлікті жөнелтіп, яғни, жерлеп келгесін, тағы да кісісі өлген үйден жақсылап тұрып, әңгіме айтып отырып, тыңқиып тойып тамақ жеп барып зоға тараймыз. Қайтып бара жатып, атқарылған «шаруаларға» баға береміз. Кейде «екіліктер» қоямыз. Пыш-пыш… Алла елшісі (с.ғ.с.): «Қаралы үйден дәм алған кісіден мен аулақпын» деген екен. Пайғамбарға (с.ғ.с.) жақындай алмаған кісінің ақыреті қандай болмақ? Осының бәрінің дұрыс-бұрысын түсінудің ең тура жолы – Құран кітабы мен Хадитер жинақтарын оқу. Әрине, «түсінсем», «білсем» деген ниетпен. Ниетің дұрыс болса, Құдайдан қорықсаң, Алла саған жақсы мен жаманды айыра алатын қабілет береді. Алла мен Оның діні ешкімге қиыншылық қаламайды. Дәстүр күнде өзгереді. Ал, дін өзгермейді. Дінді бұрмалап, дәстүр жасаушылар кімге қастандық жасап жатқандарын білуге тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дін тазалығын сақтау жолындағы қиыншылықтарға сабыр қылып шыдаймын деген адам қолына қып-қызыл шоқ ұстап тұрғандай кезеңдерге тап болады» деген екен. Алла Тағала баршамызға сабыр берсін! Әмин!
Бабаларымыз: «Өз отыңды өшірме!» деген. Себебі, бұрын кісісі өлген үйде от өшірілетін. Қазан төңкерілетін. Яғни, тамақ пісірілмейді. Көршілер әр түрлі дәмді астан күніге әкеп беріп тұрады. Көңілдерін аулайды. Себебі, өлік иесі көркем аза тұтуы керек. Елдің елдігі осындайда. Бүгінде ондай қайда? Адамы өлген үйден әбден тойып, кекіріп отырып: «Енді жетісі қашан болады?» дейді. Біздің бетіміздің қызыл бояуы оңып кеткен сияқты. Рияның шегінен де асып кеттік-ау…
Шариғатта той жасама демейді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Балаң үйленсе, қойдың бір жамбасын ассаң да той жаса» деген. Бірақ, бүгінгідей ағыл-тегіл ақтарылып ысырап қыл демейді. Керісінше: «Ысырапқор – шайтанның досы» деп ескертеді. Әйтпесе, қайтыс болған кісінің өлген, туған күндерін тойлағанымыз – қай сасқанымыз? Дұға жолдау үшін, дүрілдетіп, мейрамханада той жасап, тост айтудың қаншалықты қажеті бар?
Бір қызығы – Ақырет Күніне сенгісі келмейтіндердің өзі өлген адамды арулап, он сегіз метр ақ кебінге орайды. Көрін кең етеді. Жаназа шығарады. Қайта-қайта тамақ пісіріп, Құран оқытып тұрады. Мүмкін, онысын дін емес, дәстүр деп қарайтын шығар. Біз дін мен дәстүрді шатастырмауымыз керек. Дінді жәннатқа апарар жол деп Алла үйретеді. Дәстүрді өзіміз жасаймыз. Шектеулі ғана ақылымызбен. Абай айтады:
«…Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Ақсақал айтты, бай айтты,
Кім болса мейлі сол айтты.
Ақылменен жеңсеңіз -
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз.
Аят-хадис емес қой,
Күпір болдың демес қой,
Қанша қарсы келсеңіз»
Аят-хадистің әр әрпін байқап айту керек. Ол жерде қателесуге болмайды. Ал, дәстүрді әркім ойынан шығара береді. Арақ ішкіш қазақтардың өзі қаншама дәстүр қалыптастырып тастады. «Кебіс кигізер», «бау байлатар»… соңында «құйрықтан тебер» дегені де бар. Біз алдымен, өлген адамға бізден не қажет екенін білуіміз қажет. Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Өлген адамға (артынан) үш нәрсе барып тұрады: жария садақасы (мешіт, көпір салу, шөлге құдық қазу…), пайдалы ғылымы (шәкірт тәрбиелеу, кітаптар жазу…) және салихалы ұрпағының дұғасы». Яғни, мұсылманшылықты ұстанып, Алланың жақсы көретін амалдарын жасап жүрген ұрпақ дұға етсе, сол барады. Біздің ағайындардың көбісі өздерінің шайтанның армиясында қызмет етіп жүргенін білмей, арақ ішіп, зина жасап, өтірік айтып жүреді де, сүре, дұға жаттауға ерініп, молдаға ақша төлеп Құран оқыта салып, әке-шешелерін жарылқап тастағылары келеді. Садақасын Алла қабыл ете ме, жоқ па, онымен тиіттей шаруасы жоқ. Керісінше, сондай оңбаған ұрпақ тәрбиелегендері үшін әке-шеше сұралатынын білмейді. «Негізінде малдарыңды және балаларыңды сын деп біліңдер. Алланың қасында зор сыйлық бар» (Әнфәл сүресі: 28-аят). «Мал мен балалар – дүние тіршілігінің сәні. Ал, бақи қалатын жақсылықтар болса, Раббыңның қасында. Табыс бойынша да, әрі үміт тұрғысынан да жақсы» (Кәһф сүресі: 46-аят). Алла жәннатты не үшін беремін дейді? Сынақ болған баланы дұрыс тәрбиелесең ғана. Сыннан өтпесең не болады? Онда біттің…
Рас, өлімнің де сән-салтанаты бар. Соның бірі – жоқтау. Мұны қазақы дәстүр деп есептейміз.
Біз кейде өлген адамға неғұрлым қатты жыласақ пайдалы деп ойлаймыз. Мәйіттің басында: «Асқарым, тірегім» деп жыласа, мәйітке періштелер келіп: «Сен расында сондайсың ба?» деп соққының астына алады екен. (Хадис). Бұл – Алла елшісінің (с.ғ.с.) өсиеті. Бір заманда араптар да өлікті әкесін танытып тұрып жоқтайтын болған. Оларға Пайғамбар (с.ғ.с.) тыйым салды. Әуелде араптар да қазіргі көп қазақтар сияқты: «Дәстүрімізді қорлады» деп шу шығарды. Өздерінше ұлтшыл, ұлтжанды болды. Сонда олар Алла рұқсат етпеген нәрсені қорғағысы келді. Кімге қарсы шықты? Сол ұлтты жаратқан Алланың Өзіне!
Ия, халық әуелде жақтырмағанымен иман деңгейі көтерілген соң, жоқтауын қойды. Өйткені, тыйым бұйрығы адамнан емес, Алладан келгенін түсінді. Оған төмендегідей сахих хадистер дәлел:
«Кімде-кім бетін ұрса, (қазаға қайғырып), жағасын жыртса, жәһилиет заманындағыдай зарлап жыласа, онда ол бізден емес» (Бұхари 1-том, 292 бет №606, Мұслим).
Абдуллаһ ибн Омардан: Саъд ибн Убада қатты ауырғанда, Алла елшісі (с.ғ.с.) оның көңілін сұрауға Абд ар-Рахман ибн Ауф, Саъд ибн Әбу Уәққас және Абдуллаһ ибн Масъудпен бірге келді. Ауруға кіріп, айналасында отырған жақындарын көріп, Пайғамбар (с.ғ.с.) жылап жіберді. Оның жылағанына үй іші түгел қосыла жылады. Сонда, ол айтты: «Тыңдаңдар! Шындығында Алла Тағала көзден аққан жас үшін, жүректі сығымдаған қайғы үшін емес, мынау үшін жазалайды және жарылқайды» деп, тілін көрсетті. Сөйтті де: «Ақиқатында, өлген адам жақындарының дауыс салып жоқтағаны үшін азапталады» деді» (Сахих әл-Бұхари №613).
Біздің ақындар да бұл жайлы:
…Ағайыным шынымен қазақтар ма?
Қазыққа атым сүрінсе, мазақтар ма,
«Қайсысы қалай жылар» деп пыш-пыштаған,
Қатындарды көргендей азап бар ма?
деп, жылап отырып жырлаған.
Біздің «Қазақстан» телеарнасындағы ағайындарымыз да ырымды Алла бұйрығынан артық қойғысы кеп шыр-пыр боп жүр. Ұлтын сүйген адамдар ұлтты адастырып тозаққа бастамайды. Ұлтты сүйсең – жәннатқа шақыр. Дін мен дәстүрді шағыстырып, жауластыруға болмайды. «Әй, мүминдер! Өздеріңді, үй-іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болатын оттан қорғаңдар. Оның басындағы періштелер ірі, қатал. Олар Алланың әміріне қарсы келмейді. Не бұйырса, соны орындайды» (Тахрим сүресі: 6-аят). «Ол сондай Алла, мүшріктер жеккөрсе де дінін бүкіл діндерге үстем қылу үшін елшісін туралықпен, хақ дінмен жіберді» (Саф сүресі: 9-аят).
Сол Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Қабір басына құрылыс салмаңдар, ол құрылыс қабірде жатқан адамның кеудесін езеді» деді. Оған қарайтын біз бе? Айтып жатқан молданы тыңдамай, зәулім ғимараттар саламыз. Сөйтіп, өліктің мәртебесін өсіргіміз келеді. Бұдан шығын, ұтылыстан басқа түк жоқ. Біріншіден, бала-шаға нәпақасын пайдасыз іске шашып, ысырап жасадық, екіншіден, өлікті азапқа салып қойдық, үшіншіден, Ақыреттегі үлкен соттағы рия (мақтаншақтық) статьясына іліктік, төртіншіден, ертең ақыретте сол азаптаған әке-шешеміз жағамыздан алғанда жауап беру керек болады. «Туған-туысқа, пақыр-міскінге, ғаріп-жолаушыларға (садақа) ақысын беріңдер (басқаға) босқа шашылмаңдар» (Исра сүресі: 26-аят). Алла: «Босқа шашылма, одан да сол дүниеңді ғаріп-міскіндерге бер, сауап іздесең» деп тұр. Біз ше? Есіл дүниені желге шашып, ысырап жасаймыз. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ысырапқорлар шайтанның досы» деген. Ертең Алла біз өмірде пайдаланған, иеленген, жұмсаған әр заттың есебін алады. Себебі, бәрін бізге Өзі берген. «Сол күні бұл дүниеде берілген нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар» (Тәкәсүр сүресі: 8-аят). Сондықтан Алла Тағала: «Алланың саған берген дәулетімен Ақырет жұртын ізде де, дүниедегі несібеңді де ұмытпа. Алла саған жақсылық еткендей, сен де жақсылық істе» (Қасас сүресі: 76-аят) деп айтқан.
Менің жазып отырғаным ешқандай да шығармашылық емес. Онда бірде-бір жаңалық жоқ. Тек біз мойындағымыз келмейтін, нәпсіміз қаламайтын, Ібіліс жеккөретін шындық. Алла: «Маған бағынсаңдар, жәннатпен жарылқаймын» деп тұр. Ал, біз шайтанның бұйрығын орындағымыз келеді. Алла айтады: «Шайтанды иман келтірмейтіндерге жолдас еттік» деп (Ағраф сүресі, 27-аят). Көп адамдар ойланудан қашады. Әйтпесе, қарапайым дүкенші түсінген нәрсені ұғу үшін данышпан болып туылудың еш қажеті жоқ. Ұлы Жаратушы әрбір адамға Өзін танитындай дәрежеде ақыл берді. Сонан соң: «Алла азапты ақылын жұмсамайтындарға береді» деді (Юнус сүресі: 100-аят). Біз құлмыз. Бізге ең пайдалы нәрсе – Иемізге бағыну. Бірақ, бізге таңдау еркі берілген. Яғни, бағынбауға да болады. Ол деген – үмітсіз шайтанның армиясындағы еріктілер батальонына қабылдану. «Дінде зорлық жоқ» деген осы.
Мен дүкеншімін. Жұмысым – сауда жасау. Сондықтан, сауда жайлы көп ойлап, көп ізденемін. Бүгінде сауда деген нәрсе қанатын кеңге сермеп, самғап келеді. Кеңес Одағы кезінде орталықтандырылған сауда жүйесінен басқаның бәрі «спикулянт!» еді. Оларды бәріміз жеккөретінбіз. Өз бетінше тірлік қылып, әрекет жасайтындардың бәрі «алыпсатар», «дүниеқор» еді. Кеңес таққан көзілдірік шешілген соң, өмірдің шын келбетін көргендей болдық. Сөйтсек, сауда деген адал кәсіп екен. Әділ сауда жасаған жәннаттың ең жоғарғы дәрежесінде, пайғамбарлар мен шәһидтермен бірге болады екен. Тіпті, адамзаттың ұстазы, Алланың сүйікті құлы – Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі де саудамен айналысыпты. Оның бергі жағында Имам Ағзам Әбу Ханифа да ірі саудагер болыпты.
Енді бір әңгімені харам саудаға бұрайық. Көшедегі тәнін сатқан жезөкшелерді айтпағанның өзінде небір сорақы саудалар бар екен. Оның бірі – наркобизнес. Миллиардтаған ақшаны ұршықтай зырқыратып жатыр. Мақсаты – ұлттарды жою, ұрпақты улау. Олардың құрған өрмекші сипатты торына бай-бағыландардың баласы бірінші түседі. «Семіз қозы пышаққа сұранып тұрады» немесе «түлкінің қызылдығы – өзінің соры» деп аталарымыз бекер айтпаған ғой. Анаша, апиын, марихуана, какаин… не пәлесі бар, қанына бір араласқасын бейшара адам оны өзі іздейді. Енді, содан түскен ақша қайда барады? Ол Ислам жауларының қазынасын толтырып, адамзатқа қарсы жұмсалады. Ібілістің иелігіндегі ол дүние адамдардың имандарын сатып алып, тозаққа тоғытуда. Көшедегі кітап тарататын тәтті тілмен майда сөйлеп, іші-бауырыңа кіріп кететін миссионер сектанттар шайтан әскерлері. Осы зұлым саясатты жүзеге асырушылар. Мұндай сұмдықтың да құралы – сауда.
Мен білетін сауданың ең жақсысы – құлшылығыңды бұлдап, жәннатты сатып алу. Ораза, садақа, зекеттеріңді жолға қойсаң, Алла саған мәңгі өмірдегі таусылмас ләззатты сыйлайды. Ол – нағыз бағыт. Ол жайлы Құран Кәрімнің «Саффат» сүресіндегі 60-61-аяттарда айтады: «Ал, ұжымаққа кіру – нағыз бақыт. Өмірде не істесең де сол бақытқа жету үшін жаса». Аса қамқор, ерекше мейірімді Алла бізден осыны талап етеді. Біздің екі дүниелік бақытымызды қалайды. Ал біз Ібілістің қызық көрсеткен нәрселерін армандаймыз…
Адам Ата пайғамбардың өзіне күнә жасатқан Ібіліс талай аталарымызды жәһәннамның жолына салып жіберді емес пе?
«Танымайтын періштеден танитын шайтан артық» деп мақалдатқан кімнің атасы?! «Есіркеме жетімді, жетім тырнар бетіңді» деген кім? «Ұра берсе – Құдай да өледі» деген ше? «Құдай ұрған оңалады, әруақ ұрған оңалмайды» деген ұранның авторы неміс не жапон емес шығар? Әруақты дәріптегенде, Алладан асырып жібереміз.
Құранда, хадистерде Алла мен араға әруақты дәнекер еткендердің мүшріктер (Аллаға серік қосушылар) екені көп әрі анық айтылады. Олардың тұтқан ораза, берген садақа, оқыған намаздары далаға кетеді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Келешекте біздің дін жетпіс үш ағымға бөлінеді. Олардың ішінен біреуін ұстанғандар ғана жәннатқа кіреді. Қалғандары адасып тозаққа кетеді» дегенінде, сахабалары: «Жәннатқа кіретіндер кімдер екен?» деп сұрайды. «Құран мен Сүннетке ғана амал қылғандар» дейді Алланың расулы. Ал, енді мүшріктер сол адасушы жетпіс екі ағымнан да алыстағылар.
Бүгінгі «жаңашылдар» қайтыс болған кісінің «жетісін», «қырқын» тауысқаннан соң, оның туған күнін, өлген күнін де атап өтетін болды. Кәдімгідей ел жинап, асарға шақырады. Бұл – тойып секіру ме? Өздері «әруақты бір аунаттық» деп мәз. Әруақ аунатқыштардың бірде-бірі сол әруақтардың халі мүшкіл болуы мүмкін-ау деп ойламайтындары қалай? Аят-хадистерде адамдардың көбі тозақтық болатыны анық, айқын айтылады. «Заманға серт! Негізенен, адам баласы зиянда. Олардың ішінде иман келтіріп, салихалы іс істегендер (мұсылманның бес парызын орындағандар), бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырға шақырғандар құтылушылар» («Асыр» сүресі). Ал, біздің тірілердің бәрі дерлік өлгендердің барлығы жәннаттық болатынына сенімді сияқты. Олар үшін еш қам жемейді. Рахат! Анда-санда арттарынан «ет» жіберіп тұрады (құдайы тамақ жасап, құран оқытқанын айтамын). Дұға жолдаушы ұрпақтың салихалы болуы шарт екені қаперлеріне кірмейді.
«Дәстүр, ұлт!» деп ұрандап жүргендердің көбі арақ ішеді. арақ ішкендердің бәрі дерлік зина жасайды. Осы екі дерт, яғни маскүнімдік пен зинақорлық ұрпақты ұғымсыз, ұлды ұятсыз, қызды қытықсыз етеді. Ұлттың қамын жегендер осыны түсінуі керек-ақ. Ғалымдарың зерттеуінше, «жөнімен ішетіндердің» яғни спирттік ішімдіктерді ең аз мөлшерде қолданатындардың өзінің ұрпағы топас болып туылады екен. Ұрпақ мәңгүрттенуінің басты себебі – батыстық мәдени экспансия емес, Құдайдан аз қорқатындардың арақ ішуінде. Арақ пен темекінің көп жарнамалануының артында да Ібіліс әскерлерінің құйтырқы саясаты жатқаны жасырын емес қой…
Алла айтады: «Қашан оларға: «Алла түсірген Құранға және пайғамбарға сеніңдер» деп айтылса, олар: «Аталарымыздың жолы бізге жетеді» дейді. Ата-бабалары еш нәрсе білмеген және тура жолда болмаған болса да ма?» (Мәидә сүресі: 104-аят). Әлбетте, сауатты, білімді тақуа бабаларымыз аз болмаған. Олар салған сара жолдар, қалыптастырған дұрыс дәстүрлермен мақтанамыз. Бірақ, қалдырмай алып келе жатқан керексіз дүниелеріміз де баршылық. Өз басым керекті-керексіз затпен інін толтырып тастап, өзі далада қалатын дүниеқоңызға ұқсамай, әр нәрсеге салқын санамен, жіті көзқараспен қарай білу керек деп білемін.
Газет-жорнал, кітаптарды оқыдым. Қаралы митингілерге қатыстым. Бәрінде: «Қатыгез тағдыр, сұм ажал алып кетті!…» деп аһ ұрған ақын-жазушылар, жорналшылар, әкім-қараларды көреміз. Шындығында, тағдыр тасбауыр, ажал мыстан ба? Әлбетте олай емес. Тағдыр – Алланың қаламымен жазған кітабы. Исламда тағдырға разы болу – парыз. Парызға қарсы келсең, діннен шығасың. Алла қаласа бір адам емес, мың адамды да бір-ақ сәтте ала алады. Қарсы істер айла-амалың болса, пайдаланып көр. Ал, ажал дегеніміз – Әзірейіл періште. Ол Алланың бұйрығын орындайды. Сен ренжиді, қаламайды екен деп Раббысының тапсырмасын кері қайтара алмайды. Сондықтан, оған тіл тигізудің еш реті жоқ.
Пайғамбар (с.ғ.с.): «Өлім – мүминге нығмет» дейді. Өйткені, қарапайым мұсылманнан дәрежесі жоғары мүмин қайтыс бола салысымен бар қиыншылықтан, сынақтан құтылады. Алда тек қана рахат, мәңгі өмір. Онда ешқандай проблема, мәселе жоқ. Әли (р.ғ.) айтады: «Дүниеде амал бар да, есеп жоқ, ақыретте есеп бар да амал жоқ» деп. Бірақ, өлім елдің бәріне рахат емес. Адамдар оны біле бермейді. Білетіндер де аз емес. Сондықтан да, өлімнен қатты қорқады. Жақында интернеттен қайтыс болған бір жас жігіттің суретін алдық. Түрі сұмдық қорқынышты, бет-ауызы дап-дала. Сол бейшараны арулап, әп-әдемі қылып-ақ жаназасын шығарып көмген. Көме салысымен әкесі дәрігерлердің диагнозына сенбей, қайта тексертпек ниетпен көрді ашқызады. Қараса, баласының шашы ағарып кеткен. Қатты азапталған. Аяқ-қолы, жамбасы, қабырғалары сынған. Денесі көк-ала қойдай. Ауызынан қан ағып, көзі шарасынан шыға жаздап жатыр. «Бұл қандай сұмдық?» деп діндарлардан сұрайды. Сөйтсе, қабір азабы екен. Пайғамбар (с.ғ.с.) қабір азабы туралы өте көп ескерткен. Әрі өзі де Алладан: «Мені қабір азабынан сақтай көр!» деп жиі жалбарынған. Ия, Пайғамбар басымен сөйткен. Біз ше? Жәннаттан үмітіміз таудай. Хор қыздарынан дәмеміз бар. Жүректеріміз қорқыныштан жұрдай. Қайғымыз – елге жақсы көріне алмай қалу. Адамдардың ризалығын алу үшін өліп-тіріліп жатамыз. Оған разы боп жатқан ел жоқ. Бәрі-бір бір ауыздар бірдеңе деп кетеді. Адамдар мұсылман болу бақытын сезіне алмай қор болуда. Жүректерінде маза жоқ. Бастарын тауға да, тасқа да соғып аласұрады. Одан оң нәтижеге жетіп жатса бір сәрі. Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Мұсылман ылғи да ұтыста: қашан оған бір жақсылық келсе, ол сол игілікті беруші Аллаға мадақ, шүкірлік айтады. Сол үшін оған Алла көп сауап жазады. Қашан оған Алла бір қиыншылық жіберсе, ол Алладан сол қиынға төтеп берер сабыр сұрайды. Тәуекел етеді. Алла оған мол сауап береді. Ал, наданға Алла ризық-несібе бере қалса, ол бишара өзінің іскер-пысықтығына риза болып сүйсінеді. Мақтауды өзіне арнайды. Алла оған күнә жазады. Ия, ондайлар көп. Оларға бір сынақ берсе, олар: «Әй, Алла! Мен саған не жазып қойдым-ә?!» деп шәт-шәлекейі шығады. Тіпті: «Соқыр құдай!», «Шұнақ құдай!» деп сөгетіндер де көп. Ондайлар бұрын да болған, қазір де аз емес. Бізді сондайлардан болудан Алла сақтасын!
Кезінде, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ұлы қайтыс болып, ол (с.ғ.с.) қайғырып жатқанда, дін дұшпандары: «Сенген құдайы неге жарылқап жібермейді?» деп табалаған. Сол кезде Пайғамбарға (с.ғ.с.) «Кәусәр» сүресі түседі. Онда: «Біз саған Кәусәр өзенін дайындап қойдық. Сондықтан, Раббыңа шүкірлік қыл, айт намазын оқы, зекет бер. Олардың өздері ұрпақсыз қалады» деген мағынада аяттар түсті. Расында, бізге белгілі бір жай – сол табашылардың бірі өмірден жылап-еңіреп ұрпақсыз өтті. Ол – бұл дүниесіндегі қайғы. Ана жақта не күтіп тұр? Бізді ондай сұмдықтан Алла сақтасын!
Әңгіменің «әлқиссасын» негізгі тақырыпқа бұрайық. Біздер жасайтын кей амалды дін мен дәстүрдің қайсысына жатқызатынымызды өзіміз де білмейміз. Мысалы, бейсенбі күні шелпек пісіріп, Құран оқыту. Дін дейін десең, діни кітаптардың бірде-бірінде шелпек туралы әңгіме жоқ. Әрі аптаның жұма күні ғана қасиетті екені белгілі. Ол күн мұсылмандардың мейрамы. Жуынып-шайынып, таза киініп, иіс-су себініп, мешітке жұма намазға бар. Уағыз тыңда, иманыңды көтер. Мұсылман болғаныңа қуан, шүкірлік ет. Дін солай дейді. Біз не дейміз? Әруақтар бейсенбі күні шұбырып келеді. Дәметіп босағада тұрады. Шелпек пісіріп, соларға бағыштасақ, қуанады. Шелпектің өзін жемесе де, иісіне тояды. Сөйтіп, улап-шулап жұма күні түстен кейін келген жақтарына қайтады. Әр бейсенбі-жұмада осылай қайталана береді. Дұрыс-ақ делік. Енді осыған қандай дәлел бар? Олардың келу-кетуіне Алла Тағаланың еш қатысы жоқ па? Болса, неге Құран, Хадисте бұл айтылмайды? Ұмытып кеткен бе? Астағфируллаһ! Алла ештемені ұмытпайды. Онда ешбір кемшілік жоқ. Болуы да мүмкін емес. Ол айтады: «Олар еш нәрсені жаратпаған, өздері жаратылған нәрсені Аллаға серік қыла ма? Ол нәрселері оларға да өздеріне де жәрдем ете алмайды. Оларды мейлі шақырыңдар, мейлі үндемеңдер, ештеме өзгермейді» (Ағраф сүресі: 191-192-аяттар). «Шынында өліктерге естірте алмайсың» (Нәміл сүресі: 79-аят). «Қабірдегі біреулерге сен (сөз) естірте алмайсың» (Фатыр сүресі: 22-аят).
Бұл аз болса, мына бір аятты оқып, тереңірек мән берейік: «Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым, мені дүниеге қайтар. Мүмкін мен қалдырған (дүниеде) жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Рас, бұл оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені, олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах бар» (Муминун сүресі: 99-100-аяттар). «Барзах» – бұл дүние мен ақыреттің аралығындағы өмір. Бұл сөздің тілдік мағынасы «бөгет» дегенге келеді. Яғни, әруақтар аптаның қай күні болмасын, сол бөгеттен бері өте алмайды. Ал, шелпек пен жас етті жейтін олар емес, молдалар. Бейсенбі туралы ертекті жарнамалайтын да солар…
Мені ойландыратыны – неге дәл бейсенбі күні тәтті тағамдар желінуі тиіс? Мәселе мынада сияқты: дүйсенбі және бейсенбі күндері Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ораза тұтатын еді. Яғни, сүннет жолын ұстанушылар сол күндері ауыз бекітіп, сауап жинайтын күн. Ал, оразаның әр күні адамды жетпіс жыл оттан ұзақтатады. Ендеше, өзі отқа түсетінін анық білетін Ібіліс қас дұшпаны болған адамды оттан алыстатып қойып қарап отыра ала ма? Сондықтан, қазақтардың бейсенбісін оразадан қақты. Сол күні молдекеңдер ораза тұтудың орнына былқыған ет пен майлы тоқаш жеп, былбырап отырады. Сосын «шариғат» айтады. Онысы елге ұнауы үшін «ақиқатпен» үркітпей, «тәтті ертектер» айтады. Анау әулие ұшып кетіпті, мынау әулие суды теріс ағызыпты… Ой сұмдық-ай! Не деген керемет! Біз де сөйтсек… деп армандап отырғандары. Жыл он екі ай, тіпті, өмір бойы осылай қайталана береді. Осындай «жұмыс» соңында жүріп, көбісінің оқып-ізденуге уақыттары да жете бермейді…
Біреулер ойлайтын шығар: «мына жаман сатушының сонша көсемсіп кеткені несі?» деп. Рас, мен ғұлама, данагөй емеспін. Соған қарай айтарым да өте қарапайым, әрбір қазақ білуге тиісті нәрселер. Қазекең айтады: «Ойға кірген құры шықпайды, көрге кірген тірі шықпайды» деп. Ойлансақ, бәріміз түсінеміз. Бірақ, біздің сорымыз – ойланбауымызда. Жалқаулықтың көкесі – ойлануға еріну. Ылдиға екпінмен түсіп келе жатқан көлікті басқармасаң, қирап, талқаны шығатыны сияқты, зуылдап өтіп бара жатқан өмірімізді дұрыс жолға бағыттап отырмасақ, сол екпінмен тозаққа топ ете қалмаймыз ба?
Әрине, ағысқа қарсы жүзу өте ауыр. Қай пайғамбардың жолы жеңіл болыпты? Таиф қаласына уағыздау үшін барған Мұхаммедті (с.ғ.с.) таспен атқылап қуаламады ма? Сонда, Алла елшісінің (с.ғ.с.) үсті дап-дала болып, кебісі қанға шылқылдап толмады ма? Иса (ғ.с.) қанша қуғын көрді. Ақырында Алла оны көкке көтеріп әкетті де, жауы оның бейнесіне келтіріліп, шегеленіп еді ғой. Нұхтың (ғ.с.) кемесі жасалынып жатқанда қауымы оны мазақ етіп қорлап, кемеге дәрет сындырушы емес пе еді? Тоғыз жүз елу жыл өмірі дағуатпен өтсе де оған ергендер көп болды ма?
Ілгеріде, аты белгісіздеу бір пайғамбарды ағайындары сабап жатқанда, ол Жаратқанға жалбарынып жылайды екен: «Я, Алла! Мына білімсіз ағайындарымды кешіре гөр. Бұлар өздерінің не істеп жатқандарын білмейді» – деп. Ендеше, сол халықтың бәрі надан да, қазақтар ғана кемеңгер емес шығар? Елдің бес саусағы бірдей емес қой. Абай:
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Бірақ ол қайтып келіп ойнап-күлмес.
Менімен менікінің айырылғанын,
«Өлді» деп ат қойыпты өңшең білмес.
- дегенде, «өңшең білмесі» кім? Білсеңіз айтыңызшы, «өлсе өлер табиғат, адам өлмес» дегені не? «Мен» мен «менікі» не? Көңіліңізге келсе де айтайын, дінді білмесеңіз расында дымды білмейсіз.
Табиғат – ол тәніміз де, адам – жан. Тән топыраққа айналады да, жан жәннаттық немесе тозақтық болады. «Мен» деген – жан, «менікі» – сол жанды көтеріп жүретін дене.
Сөйткен Абайды да сабаған өз аталарымыз. Себебі, Мұхаммед мұстафаға (с.ғ.с.) алғаш уахи келгенде, ол қайын атасы болып келетін христиан Уарақаға барып жөн сұрайды. Сонда, Уарақа: «Саған келген ешқандай да жын емес, Жебірейіл періштенің өзі екен. Сен расында пайғамбарсың. Әттең, сені елің қудалағанда, қасыңда болып көмектесе алмайтыныма өкінемін. Менің әбден қартайған кезімде келгеніңді қарашы!» депті. Сонда, елдің бәрі оның шыншылдығы, әділдігі, көркем мінезділігі үшін өте жақсы көретін Мұхаммед: «Қалай, мені өз елім қуғынға ұшырата ма?» дейді таң қалып. «Иә, ақиқатты айтқандардың бәрі де қудаланған» депті Уарақа.
Сөзімді айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабековтың өлеңімен аяқтайын:
Өзгелер көп жүргізер үстемді елге,
Аллаға ғибадат аз істелгенде.
Бұл қазаққа Ислам, имам керек,
Кісі өлгенде немесе түс көргенде.
Неге ілім, білімге талпынбайды,
Бәрін біліп туғандай іштен пенде.
Ертең бірақ өкініп қаламыз-ау,
қарттық келіп қасыңа түстенгенде,
Ажардан – нұр, базардан – құның кетіп,
Ажалдан адуынды күш келгенде.
қазаққа иман, иба қайтып келер,
Табансыз емес елім тайқып берер.
Иманды елге жұртым айналар ма?
Шіреніп жүрген кезде шалќып нелер.
құдайдан қорықпайтын болды көп ел,
Жаратса да құлым деп артық көрер.
Алла діні ұстаның заты емес қой,
Ұнамаса өзіне қайтып берер.
Сахы Бірімбетов
Иман блогынан
2 Пікір »
Пікір жазыңыз
-
Мұрағат
- Қыркүйек 2009 (1)
- Тамыз 2009 (8)
- Шілде 2009 (2)
- Маусым 2009 (7)
- Мамыр 2009 (1)
- Қаңтар 2009 (3)
- Желтоқсан 2008 (1)
- Қараша 2008 (1)
- Тамыз 2008 (1)
- Шілде 2008 (1)
- Мамыр 2008 (1)
- Наурыз 2008 (3)
-
Категориялар
-
RSS
RSS жазулар
RSS пікірлер


Машаллах! Мейірімді де Рақымды Алланың шапағаты сізді иман жолында жетегіне алып, жаннатқа кірер жолдан тайдырмасын!
amin. sizdi de