Қабірге зиярат жөнінде Қырық сұрақ

1-СҰРАҚ: Қабірлерге зиярат етуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Болады. Оған: «Мен сіздерді қабірлерге зиярат етуден тыйған едім. Енді, оларға зиярат етіңіздер. Өйткені, қабірге зиярат ету ақыретті еске түсіріп, жақсылықты арттырады. Енді, кім қаласа, зиярат етсін. Бірақ, (онда) бос сөз айтпаңдар» деген хадис (Мүслим, Әбу Дәуд, Бәйһәқи, Нәсәи, Ахмәд, Тирмизи) дәлел болады.
2-СҰРАҚ: Қабірлерді зиярат етудегі мақсат не?
ЖАУАБЫ: Ондағы мақсат ақыретті еске түсіріп, одан ғибрат алу және мәйіттің күнәсінің кешірілуін Алладан тілеу болып табылады. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» (Ибн Мәжәһ).
Әбу Сәъид әл-Худридің (р.ғ.) риуаятында: «…Енді, оларға (қабірлерге) зиярат етіңдер. Расында, зиярат етуде ғибрат бар…» деген жолдар бар.
Айшадан (р.ғ.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әл-Бақиъ қорымына шығып, олардың күнәларының кешірілуін тілейтін. Сонда Айша (р.ғ) одан бұл жөнінде сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Мен оларға дұға етуге бұйырылдым» деді» (Ахмәд, Мүслим және басқалар).
3-СҰРАҚ: Қабірлердің басында дұға жасауға бола ма?
ЖАУАБЫ: Болады. Бірақ, дұға сүннет бойынша жасалуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірлерді зиярат еткенде: «Әс-сәләму ъалайкум, әһләд-дияри мин әл-мумининә уәл-мүслимин. Уә иннә ин шә Алла бикум ләхиқун. (Уә ярхамуллаһул-мустақдимина миннә уәл-мустәхирин). Әсәлуллаһа ләнә уә ләкумул-ъафия» деген дұға оқыған.Ұғымы: «Ассалаумағалейкум, уа, бұл мазарда жатқан мүмин-мұсылмандар! Алла қаласа, біз де (бір күні) сіздерге қосыламыз. (Бізден бұрын өткендерді де Алла рахым етсін) Алладан өзіме де, сіздерге де азаптан құтқаруды сұраймын».
4-СҰРАҚ: Әулие мен әруақтардан және ғайыптағы адамдардан күнәміздің кешіруіне көмек сұрап, дұға талап етуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Болмайды. Өйткені, бұл Алла алдында кешірілмейтін күнә – ширкке жатады. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Алламен бірге (басқа) тәңір шақырма. Онда, сен де азапқа ұшыраушылардан боласың» (Шуъара сүресі: 213-аят).
Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім Алла Тағаладан басқа біреуге дұға етіп, жалбарынып жүріп өлсе, ол тозаққа енеді» (Имам Бұхари).
5-СҰРАҚ: Өліктер (әруақтар) дұғаны естиді ме?
ЖАУАБЫ: Жоқ, естімейді. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Қабірлердегі біреулерге сен (сөз) естірте алмайсың» (Фатыр сүресі: 22-аят).
6-СҰРАҚ: Өліктер (әруақтар) мен ғайыптағы (көрінбей тұрған) кісілерден медет, қолдау-қорғау сұрау мүмкін бе?
ЖАУАБЫ: Жоқ, олардан медет, қолдау-қорғау сұралмайды. Медетті Алла Тағаладан ғана сұрау қажет. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «(Олардың) сондай Алладан басқа жалбарынғандары еш нәрсені жарата алмайды. Олар (өздері) жаратылғандар. Олар өлі, тірі емес. сондай-ақ, қашан тірілетіндерін білмейді» (Нахыл сүресі: 20-21-аяттар).
7-СҰРАҚ: Қабірдегі әулиелерден, әруақтардан жәрдем және жол ашу, перзент, дәулет, денсаулық, дертке шипа сұрауға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Ол істе Алладан басқа лайық ешкім жоқ. Оған дәлел мына аят: «(Әй, Алла) Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз» (Фатиха сүресі: 5-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Сұрасаң, Алла Тағаланың Өзінен сұра, медет тілесең, тек Алла Тағаладан тіле» (Имам Тирмизи).
8-СҰРАҚ: Қабірдегілерге, яғни, әулиелер мен әруақтарға арнап құрбандық шалуға бола ма?
ЖАУАБЫ: Болмайды. Дәлел: Алла Тағала айтады: «Раббың үшін намаз оқып, құрбандық шал» (Кәусәр сүресі: 2-аят).
Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Алладан басқаға атап мал шалған адамды Алла Тағала лағнет етсін!» (Имам Мүслим).
9-СҰРАҚ: Алла Тағалаға жақын болу мақсатымен қабірлерді айналуға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, мүлде болмайды. Тек Қағбаны ғана айналу қажет. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «…Қағбаны тауаф қылсын» (Хаж сүресі: 29-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кім қағбаны жеті рет тауаф етсе және екі бас намаз оқыса, бір құлды азат еткендей болады» (Ибн Мәжәһ).
10-СҰРАҚ: Ғайыпты білетін адам бар ма?
ЖАУАБЫ: Бір Алладан басқа ешкім ғайыпты білмейді. Оған дәлел: «Көместің (ғайыптың) кілттері Оның жанында. Оны Ол Өзі ғана біледі…» (Әнъам сүресі: 59-аят).
Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді» (Имам Табарани).
11-СҰРАҚ: Көріпкел, сәуегей, балгерлерге сенуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, оларға сенуге болмайды. Оның дәлелі: Алла Тағала айтады: «Көктер мен жердегі көместі Алладан басқа ешкім білмейді. Олар қашан тірілтілетіндерін білмейді» (Нәміл сүресі: 65-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кім балгер мен сәуегейлердің алдына келіп, оның айтқандарына нанса, ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген нәрсеге (яғни, уахиге) қарсы болғаны» (Имам Ахмәд).
Алла Тағала берген артықшылыққа – айрықша мұғжизаға ие Пайғамбарымыздың да болашақты болжай алмайтынын мына аяттардан аңғарамыз:
«(Мұхаммед ғ.с.): «Алла қаламайынша, өзім үшін пайда, зиян келтіру күшіне ие емеспін. Егер көместі (ғайыпты) білген болсам, әрине жақсылықты көбейтіп алар едім. Сондай-ақ, маған бір сәтсіздік жұғыспас еді. Мен иман келтірген елді, қорқытушы, қуандырушы ғанамын» де». (Ағраф сүресі:88-аят).
Алла Тағала Өзінің сүйікті құлы әрі Елшісі Мұхаммедке (с.ғ.с.) ғайыпты болжау кереметін бермеген, олай болса, басқаларға ондай қабілет қайдан дарысын?! Алайда, көріпкелдікті оңай табыс табу көзіне айналдырып алған дүниеқоңыздық, өзгелерді өзіне табындырып қоюды мақсат тұтқан атаққұмарлық сәуегейлерге ештеңені ойлантпайды. Олардың иманы өте әлсіз келеді, Алладан да қорқа бермейді. Әйтпесе, Алла Тағаланың тиым салған нәрселерін істемеген болар еді.
Қазір, сәуегейлікпен шұғылданушылардың қатарында өздеріне үміт артқандардың «рухани ауруларын» емдейтін емші-құшнаштар да бар. Адамдарды тура жолдан адастырып, оларды әулие-әнбиелерге табындырып, молаларды аралатып жүргендер де осындай тәуіпсымақтар екені даусыз. Олардың жанын қоярға жер таппай келген науқастарға қоятын бір-екі ғана диагнозы бар: «Сенің ата-бабаң әруақты адамдар болыпты, солардың әруағы саған қонайын деп жүр екен. Егер сен әулиелердің басына барып, алдынан өтіп тәу етпесең, әруақтың сені қинағаны қинаған. Егер әулиелердің саған мейірімі түссе – ауруыңнан кұлан-таза жазыласың және өзіңе де әруақ қонып, адам қарайтын қасиетке ие боласың» – деп сайрайды.
Дертіне шипа іздеп жүрген діни сауатсыз жандар көріпкелдердің айтқан сөздеріне шын көңілімен сеніп қалады. Алғашында олар ауруынан айығып кеткендей сезінеді. Өйткені, бұл адамның дертінің өзі – жыннан болған рухани ауру еді. Ал, «Жынды жын алады» деген мәтелдің мәні – тәуіпке қаралып тәуір болатын аурулардың құпиясын ашып көрсетеді деуге болады. Бұл жәйт ауру адамды тәуіпке тәуелді әрі кіріптар етіп қояды. Егер ауру адам тәуіптің айтқанын істемесе, ол ауруынан жазылмайды. Ауруынан айығу үшін ол да солар құсап емші-құшнаш болып ел қабылдап, адам қарауға ниеттенуі керек. Сөйтіп, Алла кешірмейтін ауыр күнәға ұрынуға мәжбүр болады. Сондықтан, ол көріпкел-емшіге сыйына бастайды. Бұдан өткен ширк бола ма?
Енді, «балшы және көріпкел немен айналысады?» деген сұраққа Ислам ғұламаларының тұжырымымен жауап беріп көрелік: «Балшы – келешекте болатын ғайып нәрселерді, ал көріпкел – түйсіктегі сырларды хабарлайтын адам». Негізі, болашақты білетін және адамның жан-дүниесіндегі жатқан нәрсені білуші Алла ғана емес пе еді? Ал, мыналар асқан тәкәппарлықпен Алланың сипаттарын өздеріне теліп алғысы келеді.
12-СҰРАҚ: Пайғамбарлар (ғ.с.), әулие-әнбиелер және әруақтар Алла қасында адамдардың шапағатшысы бола ала ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, ол мүмкін емес. Өйткені, Исламнан бұрынғы мүшриктер (Мекке кәпірлері) Алла Тағалаға жақын болу мақсатымен әулиелерден шапағат тілеп, қажеттерін сұраушы еді. Дәлел: Алла Тағала айтады: «Сондай, Алладан өзгені дос тұтқандар «Біз бұларға Аллаға жақындастырсын деп қана табынамыз» (дейді)» (Зумәр сүресі: 3-аят). «Олар, Алладан өзге өздеріне не зиян, не пайда бермейтін нәрселерге шоқынып, оларды: «Алланың қасындағы шапағатшымыз» дейді» (Жүніс сүресі: 18-аят). «Раббыларының алдына жиналудан қорыққандарға онымен ескерт. Олар үшін Алладан өзге бір дос та, қолдаушы (шапағатшы) да жоқ. Олардың сақсынулары керек» (Әнъам сүресі: 51-аят). «Барлық шапағат Аллада» (Зумәр сүресі: 44-аят). «Оның құзырында Өзінің рұқсатынсыз кім шапағат етеді?» (Бақара сүресі: 255-аят). «Көктерде қаншалаған періштелер бар. Алла қалап, разы болған кісісіне рұқсат бермейінше, олардың шапағаты еш нәрсеге жарамайды» (Нәжім сүресі: 26-аят).
13-СҰРАҚ: Қабірдегі әнбие (пайғамбарлар (ғ.с.)), әулие және әруақтар атымен ант ішу мүмкін бе?
ЖАУАБЫ: Ол мүмкін емес. Өйткені, Алла Тағаладан басқаның атымен ант ішуге болмайды. Дәлел: Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед ғ.с.), оларға: «Жоқ, Раббыма ант етемін. Әлбетте, өлгеннен кейін қайта тірілесіңдер…» де» (Тәбәғун сүресі: 7-аят).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады: «Кімде-кім Алла Тағаладан өзгенің атымен ант ішсе, ол серік қосқан болып табылады» (Имам Ахмәд).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы айтады: «Кім ант ішсе, Алланың атымен ант ішсін, әйтпесе тек тұрсын» (Имам Бұхари, Имам Мүслим).
14-СҰРАҚ: Алла Тағалаға Пайғамбарларды (ғ.с.), әулие, әруақтарды уәсилә (ортаға қойып сұрау, дәнекер) етуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Өйткені, бұл үлкен ширк күнәсіне жатады. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Және де Алладан өзге саған пайда, зиян келтіре алмайтын нәрселерге жалбарынба. Егер оны істесең, онда сен күдіксіз залымдардан боласың» (Жүніс сүресі: 106-аят).
Имам Ағзам Әбу Ханифаның сенімі бойынша уәсиләнің (ортаға қойып сұраудың) рұқсат етілген дұрысы да, тыйым салынған бұрысы да бар деп есептелінеді. Дұрыс болған уәсилә (ортаға қойып сұрау) үш түрлі болады:
Бірінші: Алла Тағаланың есімдері мен сипаттарын ортаға қойып сұрау. Бұған дәлел: Алла Тағала айтады: «Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол атаулармен жалбарыныңдар» (Ағраф сүресі: 180-аят).
Екінші: Ізгі амалды ортаға қойып отырып дұға ету. Үңгірде қамалып қалған үш кісінің оқиғасы оған дәлел болады.
Үшінші: Ізгі кісінің дұғасын ортаға қоя отырып сұрау. Бұған сахабалар (р.ғ.) Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп, өздеріне дұға етуін сұрауы дәлел ретінде қарастырылады.
15-СҰРАҚ: Алыстағы қабірлерді аралап, зиярат ету үшін арнайы сапар шегуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Болмайды. Оған дәлел: Алла елшісі (с.ғ.с.) айтады: «Адамдарға жер бетінде үш мешітке ғана арнайы зиярат ету үшін сапарға шығуға болады. Олар: (Меккедегі) Харам мешіті, (Мәдинадағы) менің мешітім және (Иерусалимдегі) Ақса мешіті» (Бұхари, Мүслим).
Ислам ғұламалары тек Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабіріне зиярат ету үшін ғана арнайы Мәдинаға сапарға шығуға болмайтынына бір ауыздан келіседі.
16-СҰРАҚ: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабіріне зиярат еткен кезде одан (с.ғ.с.) әлде бір қажеттерді тілеуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, ол мүмкін емес. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.) өмірінің соңғы сәтінде Алладан: «Я, Жаратушы Алла, менің қабірімнің табынатын орынға айналып кетуінен сақта!» деп дұға жасаған.
Ол (с.ғ.с.) тағы бір сөзінде: «Сұрасаң, Алладан сұра, жалбарынсаң, Алла Тағалаға ғана жалбарын» деп айтқан.
17-СҰРАҚ: Қабір басына кесене, мазар немесе күмбез тұрғызу сауапты іске жата ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, олай ету сауапты істен емес. Керісінше, ол өте үлкен күнә болып есептеледі. Бұған дәлел: Әбу әл-Һәяж әл-Әсәдидің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі:
«Маған Әбу Талиб ұлы Али (р.ғ.): «Мен сені Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) өзімді жұмсаған нәрсеге жұмсайын ба? Үй ішінде бірде-бір мүсін (басқа бір риуаятта «сурет» делінген) қалдырмай қиратасың және бірде-бір биік қабір қалдырмай тегістейсің», – деді» (Мүслим, Әбу Дәуд, Нәсәи, Тирмизи, Хаким, Бәйһәқи, Тыялиси, Ахмәд, Табарани, Әбу Исхақ).
18-СҰРАҚ: Ислам дінінде әйелдерге қабірге баруға рұқсат етілген бе?
ЖАУАБЫ: Ондай рұқсат етілгені жөнінде дәлел аз. Әбу Һурайра (р.ғ.) риуаят еткен Ахмәд, Тирмизи, Ибн Мәжәһ жеткізген сахих хадисте: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) қабірге үйірсек әйелдерге қарғыс айтқаны» келтіріледі. Ислам ғалымдарының тұжырымы бойынша, әйелдердің қабірге зиярат ету мәселесі Пайғамбар (с.ғ.с.) кезінде де, халифалар кезінде де дұрыс деп саналмаған еді. Ер адамдарға ғана рұқсат берілген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Қабірге барып тұру өлімді еске түсіреді, жүректі жұмсартады, көзді бақылатады» (қазақтар қабірді «көр» деп бекер айтпаған) деген хадисінің әйелдерге қатысы жоқ. Қабірге бару әйелдерге рұқсат етілсе, олар жылап-сықтап, қатты қайғыланып, сабыр сақтай алмас еді. Оларды күнәлі іске ұрындырмас үшін қабірден тыйған еді. Өлгеннің артынан өксіп, өкіріп жылау – үлкен күнә. Оны Алла елшісі (с.ғ.с.) «жәһилдік» (надандық) деген.
19-СҰРАҚ: Пайғамбар (с.ғ.с.) және әулиелердің қабіріне барып түнеуге және басқа іс-шаралар өткізуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Өйткені қабір басында діни іс-шаралар және басқа да амалдар жасауға болмайды. Өйткені, Алла елшісі (с.ғ.с.) бізге: «Менің қабірімді мереке орнына айналдырушы болмаңдар. Маған салауат айтыңдар. Өйткені, сендердің сәлемдерің маған қайда болсаңдар да жетеді» (Әбу Дәуд, Ахмәд) деп айтып кеткен.
20-СҰРАҚ: Қабірде оқылған Құраннан мәйіттер (әруақтар) пайда ала ма?
ЖАУАБЫ: Егер кім: «Мәйіт қабір үстінде оқыған Құранды естіп пайдаланады» десе, оның сөзі дұрыс емес. Мәйіт Құранды естіп, пайда алмайды. Құранды естіп, оның сауабын алу – тірілерге тән. Өйткені, бұл ықтиярлы амал. Яғни, тірі адам өз ықтиярымен Құранды естіп ғибадат қылған болады. Кейде, өлген кісінің үстіне Құран оқығанда, зарарын көруі немесе зиян шегуі мүмкін. Ғұламалар арасында қабірге Құран оқу туралы пәтуәларында келіспеушіліктер бар. Имам Ағзам Әбу Ханифа, Мәлик: «Қабірде Құран оқу мәкруһ болады. Өйткені, бұл – жаңалық. Сүннетте бұлай істемеген. Құран оқу – намазға ұқсайды. Қабірлерде намаз оқуға қатты тыйым салынған» дейді.
Қабір басында Құран оқу Ислам шариғатында көрсетілмеген іс екенін Әбу Һурайрадан (р.ғ.) риуаят етілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): мына хадисі де қуаттайды: «Үйлерiңдi қабiрге айналдырмаңдар (яғни Құран оқып, ғибадат қылып тұрыңдар). Шайтан Бақара сүресi оқылып тұратын үйден қашады» (Мүслим, Тирмизи, Ахмәд).
Байқап отырғанымыздай, осы хадис арқылы Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабір басы – Құран оқылуға арналған орын емес екенін шарғи түрде түсіндіріп берді. Міне сондықтан да ол Құран оқудың үйге ғана қатысты екенін айтып, оларды (яғни үйлерді) басында Құран оқылмайтын қабірлерге ұқсатып қоюдан тыйды. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Намазды үйлеріңде оқыңдар және оларды қабірге айналдырмаңдар» (Ибн Умардан (р.ғ.) Мүслим, Бұхари және басқалар) – деген екінші бір хадисінде, қабір басын намаз оқу орнына айналдырудан да тыйған.
21-СҰРАҚ: Зиярат етуші адам қабірге дұға еткенде қайда қарап тұрғаны дұрыс?
ЖАУАБЫ: Зиярат етуші адам дұға еткен кезде қабірлерге емес, Құбыла жаққа қарап тұрады. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қабірлерге қарап намаз оқуға тыйым салған. Ал дұға ету болса, Ислам шариғатында белгілі болғанындай, намаздың ең негізгі қозғаушы күші болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Дұға ету – құлшылыққа жатады», – деп, артынан «Маған дұға етіп жалбарыныңдар! Тілектеріңді қабылдаймын» (Ғафир сүресі: 60-аят) деген аятты айтқан (Бұхари, Әбу Дәуд, Тирмизи, Ибн Мәжәһ, Ибн Хиббән, Хаким, Ахмәд).
Сондай-ақ осы мәселеде Мәлик ұлы Әнәстан (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) былай дегені риуаят етілген:
«Дұға ету – құлшылықтың негізі» (Тирмизи).
Нәуәуи өзінің «әл-Файд» атты еңбегінде былай деген:
«Дұға ету құлшылықтардың ішіндегі ең ұлысы болса, қабірлерге зиярат етуші адам өз дұғасында қалайша намазда бұйырылған бағыттан өзге бағытқа қарап тұрып жалбарынбақ? Міне сондықтан да зеттеуші ғалымдар мұсылман адам дұға еткенде намаздағы бағытына жүзін бұрады деген пікірді кесіп айтқан».
Ал Имам Ахмәд және Имам Мәликтің төңірегіндегілер болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қабірінің тұсында тұрғанда да мұсылман адам оған Алланың сәлемін тілегеннен кейін дұға етер тұста Құбыла жаққа қарап дұға ету керектігін айтқан. Шәфиъи де осы мәселеде Ахмәд пен Мәликтің пікірін ұстанған.
Имам Нәуәуи болса, бұл жөнінде «әл-Мәжмуъта» былай деген:
«Фиқһ ілімі зерттеушілерінің бірі болған Имам Әбул-Хасән Мухаммәд «әл-Жәнәиз» атты кітабында: «Зиярат етуші адам қабірді қолымен ұстамайды және қабірге қарап тұрып дұға етпейді. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті осындай. Қазіргі кезде көріп жүргеніміздей қабірді ұстап, сүйіп немесе оған қарап тұрып дұға ету секілді іс-әрекеттер – Ислам шариғатында жоқ, ойдан шығарылған адасушылық. Мұндай көріністерден арылуымыз керек. Сондай-ақ Имам Ағзам Әбу Ханифа мазһабы бойынша қабірге зиярат етуші адам өлікке іштей сәлем тілегеннен кейін, оған дұға ететін кезде жүзін лезде Құбыла жаққа қаратуы шарт. Сонымен қатар осыны Шейхул-Ислам Ибн Тәймия: «Төрт имамның мазһабында және өзге де Ислам ғұламаларының пікірінде дәл осылай», деп ескертіп өтеді».
22-СҰРАҚ: Зиярат етуші адам қабірде жатқан мүмін-мұсылмандардың күнәларының кешірілуін тілеп дұға еткенде қолдарын көкке көтеруіне бола ма?
ЖАУАБЫ: Зиярат етуші адам қабірде жатқан өлілердің күнәларының кешірілуін тілеп дұға етіп жатқанында қолдарын жоғары көтеруіне болады. Бұған Айшаның (р.ғ.) былай деген хадисі дәлел болады:
«Бір түні Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) шығып кетті. Қайда баратынын көрсін деп мен Бурайданы оның артынан жібердім. Бурайда маған былай деп айтып берді: «Ол (шыққан бойда) әл-Бақиъ жаққа беттеді. Қорымның дәл түбіне тақап барды. Сонсоң қолдарын көтерді. Сөйтті де, қайтып кетті». Ертеңгісін мен одан: «Аллаһ елшісі, түнде қайда шықтыңыз?», – деп сұрадым. Ол: «Дұға етіп салауат айту үшін әл-Бақиъта жатқандарға жіберілдім», – деді» (Ахмәд, Мәлик, Нәсәи).
23-СҰРАҚ: Қабір басына гүл дестелерін қоюға бола ма?
ЖАУАБЫ: Қабір басына шоқ гүлдерді немесе сол секілді гүл тізбектерін қою Ислам шариғатында жоқ. Өйткені Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманындағы сахабалар мұндай нәрсені істемеген. Бұлай ету қайырлы іс болғанында, оны бізден бұрын солар істер еді. Ибн Умар (р.ғ.) бұл жөнінде: «Адамдар жақсы деп санағанымен, әрбір бидғат адасушылыққа апарады», – деген. (Ибн Батта, Ләкәи, Һәрәуи).
Біздің бұл айтқанымызға Бұхари мен Мүслимдегі Ибн Аббастан (р.ғ.) риуаят етілген Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жас құрма бұтағының жалаң сабағын екі қабірге қойып: «Бұл кеуіп кеткенге дейін екеуіне жеңілдік болар» деген сөзі қайшы келмейді. Себебі, бұл әрекет Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзіне ғана тән істердің қатарында. Оған дәлел – алғашқы мұсылмандар мұнымен амал қылмаған. Сондай-ақ бұған өзге де дәлелдер жетерлік. Хитаби «Мәъәлим әс-сунәнда» хадиске берген түсіндірмесінде былай деген:
«Қабір басына гүл қойып жүргендер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) істегеніне амал ету есебінде мәйіттің күнәсінің бір бөлігі жеңілдетілер деген ниетте істеп жүрген болуы мүмкін. Олар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан жаңағы хадисіне сүйеніп, мәйіттің азабы қойылған гүл қурап кеткенге дейін жеңілдетіледі деп сенеді. Демек олар хадистегі айтылған екі қабір иелерінің азабының жеңілдеуіне қойылған бұтақтың қурауымен тікелей байланыстырады да, көптеген елдерде құрма ағашының көшетін солып қалмасын деген мақсатта қабірлердің басына қадайды. Бұл олардың хадисті дұрыс түсінбеуінен келіп туындап жатыр».
Шейх Ахмәд Шәкир Тирмизиге берген түсініктемесінде былай деген:
«Хитаби дұрыс айтады. Көптеген мұсылман елдерінде, әсіресе Мысырда Христиандарға еліктеген адамдар осы негізсіз амалды бетке ұстап, оны шектен тыс дамытқан. Гүлді қабірге ғана қоймай, оны бір-біріне сыйлауды шығарған. Тіпті гүлге байланысты сыпайыгершілік мемлекетаралық рәсімдерге айналды; мұсылмандардың кейбір басшылары еуропадағы бір мемлекетке іссапармен бара қалса, ондағы ұлы көсемдердің қабірлеріне немесе «белгісіз солдат» деп аталатын мүсіннің алдына барып шоқ гүлдерін қоюды әдетке айналдырған. Кейбірі еуропалықтарға еліктеп хадисте де келтірілмеген ылғалдығы жоқ жасанды гүлдерді қоюды шығарды. Бұларға «әй дейтін» ғалым, «қой дейтін» дінбасы жоқ. Керісінше, байқасақ, әлгі ғалымдарымыздың өздері қабір басында гүл тізбектерін қойып жүрген жәйы бар. Міне осының барлығы да дінімізде жоқ бидғаттар. Мұны қуаттарлықтай Құранда да, хадисте де ешбір мәтін жоқ. Сондықтан қазіргі таңдағы ғалымдарымыз осындай жаман әдеттерді қолдан келгенше Ислами қоғамнан аластатуы керек».
Қабір басына жас құрма сабағын қою Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ғана тән іс-әрекет болғандығына және Бұхариде келтірілген хадистегі екі қабірдің иелеріне жеңілдік құрма сабағының ылғалдығында болмағанына мына төмендегідей дәлелдер келтіреміз:
Бірінші: Мүслимнің «Сахихындағы» Жәбирдің (р.ғ.) ұзын хадисі. Онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Мен азапталып жатқан екі қабірдің жанынан өттім. Мына екі сабақ ылғал болып тұрғанынша оларға шапағат етуді жөн көрдім» деген сөзі қосымша айтылады. Бұл сөзден мұндағы азаптан арылу құрма бұтағының ылғалдығынан емес, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағаты мен дұғасынан болғандығы анықталады. Ал егер құрма ағашынан болды деп қарастырсақ, онда қазіргі таңда көріп жүргеніміздей, айналасы қысы-жазы гүл мен өсімдіктен арылмайтын кәпірлердің қабір азабы ең жеңіл азаптардан болары сөзсіз. Бұған Суютый секілді кейбір ғалымдардың айтқан бұтаның ылғалдығының мәйітке оң әсер етуіндегі себеп – кез-келген өсімдік ылғал кезінде Аллаһ Тағалаға өзінше тасбих айтып тұрады да, қураған кезде барып ол тасбих айтуды тоқтатады деген мағынадағы сөзін қоса айтуға болады. Алайда бұлай болуы тағы да мүмкін емес. Өйткені бұлай етіп қарастыру Алла Тағаланың «Оны пәктеп, мақтамайтын еш нәрсе жоқ. Бірақ сендер олардың тасбихтарын (яғни пәктеулерін) түсіне алмайсыңдар» (Исра сүресі: 44-аят) деген аятына мүлдем қайшы келеді.
Екінші: Бұхаридегі Ибн Аббастың (р.ғ.) хадисінің өзінде қабірде жатқандардың екеуінің де азабы жеңілдеуінің сыры құрма сабағының ылғалдығында емес екендігіне, «Содан кейін ол (яғни Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)) құрма ағашының бір шыбығын алдыртып, оларды ұзына бойы екіге жарды» деген ишарат бар. Енді қараңыз, «шыбықты ұзына бойы екіге бөлу» дегеніңіз оның ертерек кебуін қалағандықтан болатын әрекет. Бұл жағдайда қабір иесінің азабының жеңілдеу мерзімі шыбық қақ жарылмағандағыдан гөрі азаяды, солай емес пе? Егер де азаптың жеңілдеуінің себебі шыбықтың ылғал күйінде ұзақ уақыт қалуы болатын болса, онда Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) оларды неліктен бүтін күйінде қалдырмады? Демек Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды ортасынан қақ жарып қоюы – оның ылғалдығы бұл жерде рөл ойнамайды дегенді білдіреді. Керісінше бұл Аллаһ Тағала сол ортасынан қақ жарылған шыбық қурап біткенше Өзінің Пайғамбарының (с.ғ.с.) еткен дұғасын қабыл етіп тұрды дегенді анық білдіреді. Мүслимдегі Жәбирдің (р.ғ.) хадисіндегі мағына да сайып келгенде осыны білдіреді. Міне осылайша мұның себебін анықтауда әр түрлі оқиғаға сай келгенімен екі хадис бір нүктеде бірігеді.
Үшінші: Хадистегі әрекеттің мағынасы шыбықтың ылғалдығымен байланысып жатқан болса, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дәуіріне жақын жатқан алғашқы мұсылмандар хадисті осылай деп түсініп, онымен амал қылған болар еді де, қабірлерге зиярат ету барысында олардың басына құрма ағашының ылғал шыбықтарын, гүл тізбектерін қояр еді. Ал олар бұлай етсе, бізге бұл хабарды сенімді риуаятшылардың жеткізбеуі мүмкін емес. Риуаятшылар жеткізбеді деген сөз – оны алғашқы мұсылмандар істемегенін білдіреді. Ендеше, мұндай нәрселермен Аллаһ Тағалаға жақындауға әрекет ету бидғатқа жатады.
24-СҰРАҚ: Қабірден қашық жердегі тірілердің дұға және садақаларында өлгендер (әруақтар) үшін пайда бар ма?
ЖАУАБЫ: Әһлус-суннә уәл-жәмәъа өлген адамдар тірі адамдардың істеген амалдарынан пайда алатынына бір ауыздан келіседі. Бұл пайда екі түрлі амалдан шығады. Біріншісі: адам тірі кезінде өлгеннен кейін де сауап алуға себеп боларлық амалдар істеген болса. Екіншісі: мұсылмандардың өлген кісіге қылған дұғалары, кешірім сұраулары, садақа берулері және қажылыққа барулары сияқты. Тірі адамдардың денесімен орындаған ғибадаттарының сауабы өлген кісіге жетуі туралы ғалымдардың пікірлері әр түрлі. Намаз оқу, ораза тұту, Құран оқу және Алланы зікір ету сияқты ғибадаттар «дене ғибадаттары» делінеді. Имам Ағзам Әбу Ханифа, Ахмәд ибн Ханбәл және көптеген сәләфи ғұламалар «Тірілердің денемен істеген ғибадаттары өлгендерге тиеді» деп айтады. Шәфиъи және Мәлик мазһабындағылар «тимейді» дейді.
Өлгендер тірілердің істеген амалынан пайда алады. Құран, сүннет, ижмәъ және тура қияс бұған дәлел болады. Құраннан дәлел: «Олар: «Раббымыз, бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр, әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма!» (деді)» (Хашыр сүресі: 10-аят).
Егер мәйіт тірі адам дұғасынан пайда алмайтын болса, онда Алла Тағала жоғарыдағы дұғаны жасауымызды бұйырмаған болар еді.
25-СҰРАҚ: Қабірлердің басына мешіт салуға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, ол мүмкін емес. Оған дәлел: Жундуб Абдуллаұлы (р.ғ.); Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қайтыс боларынан бес күн бұрын мынандай сөзін естіген екен: «…Сендерден бұрын болғандар Пайғамбарларының қабірлерін сыйынатын орындар (храм) етіп алатын, ал сендер қабірлерді сыйынатын орын (мешіт) етіп алушы болмаңдар, өйткені, мен сендерді мұны істеуден тиямын» (Мүслим).
Айша (р.ғ.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) өмірден өтер алдында өзіне өлім белгілері келе бастаған кезде бүркеулі бетін ашып: «Пайғамбарларының қабірлерін құлшылық жасайтын жайға (храмға) айналдырып алған яһудилер мен христиандарға Алланың лағынеті болсын!» деп, бетін қайтадан жауып алған екен. (Бұхари, Мүслим).
Осылайша, Пайғамбар (с.ғ.с.) өмірінің соңында бұл нәрседен тыйған. Ал, жан берер алдында ол (с.ғ.с.) осы нәрселерді істегендерге қарғыс айтқан. Қабір басына мешіт тұрғызбаса да, оның басында намаз оқу тыйым салынған нәрселердің қатарына жатады. Өйткені бұл тұжырым Айшаның (р.ғ.) мына сөздерінің мазмұнына кіріп кетеді: «…Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің қабірін кейінгілер мешіт етіп алады деп қорықты. Сахабалар ешқашан қабірдің маңына мешіт салмайтын. Кез-келген орынды намаз оқуға белгілесе, мешіт деп аталатыны белгілі. Өйткені, «мешіт» араб тілінен аударғанда «сәжде қылатын жер» деген баламаға сай келеді.
Ибн Мәсъуд (р.ғ.) Пайғамбардың (с.ғ.с.) мына сөздерін естігенін баяндайды: «Адамдардың ең жамандары қиямет жақындаған кезде тіршілік етіп, қабірлерді сыйынатын орындар етіп алатындар».
26-СҰРАҚ: Қабір басына шырақ жағуға бола ма?
ЖАУАБЫ: Қабір басына шырақ жағып қоюға болмайды. Ол – дінде көрсетілмеген бидғат амалы. Алғашқы мұсылмандар мұндай әрекетке бармаған. Және де Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Әрбір бидғат адасушылыққа апарады. Ал әрбір адасушылық – тозақта» деген (Нәсәи, Ибн Хузейма).
Қабір басына шырақ жағып қою дүние-мүліктің босқа шашылуы болып табылады. Ибн Аббас (р.ғ.) былай деп айтқан: «Алланың елшісі (с.ғ.с.) қабірлерге жиі баратын әйелдерге және (олардың басына) шырақ орнататындарға қарғыс айтқан» (Әбу Дәуд, Тирмизи, ибн Мәжәһ). Хадисте бұл нәрсенің тыйым салынған іс екендігі анық көрсетіліп тұр.
Қабір басына шырақ жағып қою – отқа табынатын мәжусилерге ұқсап-бағудың бір түрі.
Фиқһ ілімінің белгілі ғалымы Ибн Хажәр «әз-Зәуәжир» атты кітабында бұл турасында былай деген:
«Біз таныған ғалымдардың барлығы қабір басына аз болса да от жағып қоюдың харам екенін айтқан. Себебі бұл оттан қабір иесіне де, зияратшыға да пайда жоқ. Ғұламалар мұның харам етілуінің себебін ысырапкершілікпен, дүниені далаға шашумен және мәжусилерге ұқсастықпен түсіндіреді де, оны ең үлкен күнәлардың қатарына жатқызады».
27-СҰРАҚ: Қабірді сылауға, сырлауға, әктеуге, әрлеуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Болмайды. Ол жөнінде Жәбирдің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі:
«Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) қабірді сырлауға, үстіне отыруға, кесене тұрғызуға, (топырағын) биік етіп көтеруге және оған бір нәрсе жазуға тыйым салды» (Мүслим, Әбу Дәуд, Нәсәи, Тирмизи, Хаким, Бәйһәқи, Ахмәд).
Осы мәселеде Ибн Хазмнің: «Қабір басына бір нәрсе соғу, бетін сылап тастау немесе топырағына өзге топырақты қосып биіктету халәл болмайды. Мұндай нәрсенің барлығы да қиратылуы тиіс» деген сөзіне жүгінгеніміз абзал.
Міне, біз осы бағытты ұстанамыз. Бірақ, ішінен шыққан топыраққа ештеңе қоспаймыз. Қабір басын лаймен сыламаймыз. Үстіне мешіт тұрғызбаймыз және ту іліп қоймаймыз. Қабірге жазу жазбаймыз. Басына кесене салмаймыз. Имам Ағзам Әбу Ханифаның ұстанған бағыты – осы.
Шынында да, хадистерде айтылып өткеніндей, бұл хадис те қабір өз ішінен шыққан топыраққа ештеңе қосылмай, бір қарыс қана көтерілетініне дәлел болады.
Хадистегі қабірді сырлап қоюға тыйым салынуындағы басты себеп, алғашқы ғұламалардың айтып түсіндіргеніндей, ол қабірді сәндеп тастаудың бір түріне жатады. Ал оны балшықпен сылап қоюдың үкіміне келсек, ғұламалар бұл жөнінде екі ұдай пікірде:
Бірінші: Ғұламалардың бір бөлігі бұлай етуді макруһ деген. Имам Мухаммәд (Ханафи мазһабының белгілі ғалымы) оны харам дәрежесіндегі макруһ амалына жатқызады. Ханбали бағытын ұстанған Әбу Хафс та осы пікірді айтқан.
Екінші: Ғұламалардың екінші бір бөлігі мұның оқасы жоқ екенін айтқан. Имам Ахмәдтан Әбу Дәуд, Шафиъиден Тирмизи осы пікірді жеткізген. Сондай-ақ Нәуәуи бұл жөнінде былай деген: «Көпшілік ғұламалар бұл мәселені талқыға салмаған. Ал дұрысына келсек, бұл макруһ амалдардың қатарына кірмейді. Өйткені бізге Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бұған тыйым саларлықтай ешбір сахих мәтін жетпеген».
Біздіңше, ең дұрысы, бұл мәселенің ара жігін былай ажыратқанымыз жөн болатын сияқты: қабір бетін балшықпен сылаудағы мақсат – оның сақталып, шариғатта бекітілген деңгейде көтеріңкі күйінде қалуы және топырағы желге ұшып, жаңбырға ағып кетпеуі болса, онда оның тыйым салынбаған амал екенінде күмән жоқ. Өйткені, ол қабір биіктігінің шариғатта көрсетілген деңгейде болуына септігін тигізеді. Ханбалилер де бұл амалды мұстахаб деп шешкенде, оны осы тұстан қарастыратын болса керек. Ал егер ондағы мақсат – сән-салтанат үшін немесе басқа да пайдасыз нәрселер үшін болса, олай етуге болмайды. Себебі ол мұндай жағдайда дінде көрсетілмеген бидғатқа айналады.
28-СҰРАҚ: Қабір басына бірдеңе жазуға рұқсат бар ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Оған дәлел: Жәбирдің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі:
«Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) қабірді сырлауға, үстіне отыруға, кесене тұрғызуға, (топырағын) биік етіп көтеруге және оған бір нәрсе жазуға тыйым салды» (Мүслим, Әбу Дәуд, Нәсәи, Тирмизи, Хаким, Бәйһәқи, Ахмәд).
Хадисте оның харам екендігі айтылған. Имам Мухаммәд та (Имам Ағзам Әбу Ханифа шәкірттерінің бірі) осыны айтқан. Ал Шәфиъи және Ханбали мазһабын ұстанатындар болса, оны макруһ деген. Имам Нәуәуи осы тұрғыда былай дейді:
«Жоғарыдағы хадисте айтылған жалпылама мағынаға сүйенсек, қабірге жазылған нәрсе әдеттегідей қабірдің бас жағында болсын немесе өзге жерінде болсын, барлығы да макруһ екендігі анықталады».
Ғұламалардың кейбірі жай ғана білу үшін әшекейсіз жазылған өліктің аты-жөнін бұл үкімге қоспайды. Олар мұны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Мазъун ұлы Усман (р.ғ.) қаза болғанда оның қабірі басына тас қойып, белгілеп кеткендегі оқиғасымен салыстыра қарастырады. Олардың бірі Шәукәни былай дейді:
«Көпшілік ғұламалардың айтқанындай, бұлай ету хадистің мәтіні жағынан емес, осы мәселеге ғана тән салыстыру болып табылады».
Имам Ағзам мазһабы бойынша, қабірге бірдеме жазу мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) белгі ретінде қойған тасының арасын бұлай етіп салыстыру шындыққа жанаса қоймайтын сияқты. Ең дұрысы, қазіргі таңда мазараттарда қойылып жатқан тастар хадисте көрсетілгеніндей Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзі тірісінде өз қолымен қойған тастың қойылу мақсатымен сәйкес келмеген жағдайда ғана (осы жерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ол тасты қоюындағы мақсаттың сол жерде Мазъун ұлы Усман (р.ғ.) жатқандығын білдіру екендігін ескертіп өтеміз) оған жазуға болатын болса керек. Себебі қазіргі таңда бұрынғыдай емес, қабір де көп, оларға қойылып жатқан тастардың да пішіні біркелкі. Қалай болғанда да, бұл жөніндегі ақиқаттың қандай екенін бір Алланың өзі біледі.
Хаким де хадисті талқылай келе: «Қабірге (бірдеме) жазу макруһ емес. Батыстан шығысқа дейінгі дүниеден өткен көптеген имамдардың қабірлеріне осы күнге дейін жазу жазылып келген. Бұл – кейінгілердің бұрынғылардан еншілеген амалдарының бірі», – дейді.
Ал Зәһәби болса, оның бұл пікіріне қарсы шығып: «Олай болуы мүмкін емес. Өйткені, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардың олай еткені жөнінде бірде-бір дерек жоқ. Бұл өздеріне Пайғамбардың (с.ғ.с.) тыйымы жетпеген кейбір табиъилердің (яғни сахабалардан кейін келгендердің) ойдан қосқан жаңалықтары ғана (ал діндегі жаңалықтардың қайсы бірі болмасын, бидғатқа жататынын ескертіп өтеміз)», – деген.
29-СҰРАҚ: Қабір басында шектен тыс жылауға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Оған дәлел: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:
«Өлiк өз жақындарының оған жылауымен азапталады (басқа бiр риуаятта: «Өлiк қабiрде жатып, жақындарының шектен шыға жылауымен азапталады» делiнген)» (Бұхари мен Мүслим, Ибн Омардан (р.ғ.) Ахмәд, өзiнiң «Сахихында» Хусейн ұлы Имраннан (р.ғ.) Ибн Хиббән).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.):
«Өлiктiң артындағылар оған шектен тыс жылайтын болса, ол қиямет күнi сол жылағандары себептi азапталады» (Бұхари, Мүслим, Бәйһәқи, Ахмәд), деген хадисі де осы мәселеге нақты дәлел болады.
Осы хадис жылаудың барлық түрлерi емес, шашын жұлып, басына топырақ сеуiп дегендей, шектен шыққан түрлерi екендiгiн түсiндiрiп тұр. Бұған жоғарыда хадисте айтылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «кейбiр жылауларымен» деген сөзi демеу болады.
Осында айта кететiн тағы бiр мәселе бар. Ол – осы хадистiң және осы мазмұндас хадистердің мағыналары шариғат негiздерi мен оның ережелерiне қайшы келетiндей болып көрiнетiндiгi. Неге десеңiз, Аллаһ Тағала Құранда: «Бiреудiң күнәсiн бiреу көтермейдi», (Әнъам сүресі: 164-аят) деген. Ғұламалар осы мәселенi шешуде сегiз түрлi пiкiр айтады. Солардың iшiндегi ең дұрысырағы мына екеуi:
1. Көпшiлiк ғұламалардың пiкiрi:
Олардың айтуынша, осы соңғы хадис әдеттенiп қалған адамдар оны бәрiбiр iстейтiнiн бiлiп, шектен тыс жылауды артындағыларға өсиет етiп қалдырғандарға, немесе олай етудiң болмайтындығын артындағыларға түсiндiрмей өлгендерге байланысты айтылған. Олардың iшiнен әл-Мубәрак ұлы Абдуллаһ бұл мәселенi: «Тiрi кезiнде жанындағыларды олай етуден тыйған болса, ал ол өлген кезде тыйым салынғандығын бiле тұра олар соны iстесе, мұндай жағдайда ол мұның күнәсiн арқаламайды», – деп түсiндiредi. Және бұл пiкiрдегiлердiң ойынша, хадистегi «азапталу» сөзi «жазалану» деген мағынаны бередi.
2. Өзге ғұламалардың пiкiрi:
Олар хадистегi «азапталады» деген сөздi «өлiк артында қалған тiрiлердiң жылағанын естiгенде қайғырып, олардың бұл iстерi жанына батқандықтан қиналады» деп түсiндiредi. Онымен қоса, бұл топтағылардың айтуынша, өлiк рухының қиналуы қиямет күнi емес, оған дейiнгi барзах әлемiнде болады. Бұл пiкiрдi ұстанатындар арасында Ибн Жәрир әт-Табари және басқа да бiрнеше ғалымдар бар. Кейiнгiлердiң iшiнен Ибн Тәймия және Ибн әл-Қайюм секiлдi және өзге ғалымдар Табаридiң сөзiн қуаттағаны белгiлi. Олар бұл мәселеге түсiнiктеме берiп: «Хадистен Аллаһ Тағала тiрiлердiң жылауымен өлiктi азаптайды деген мағына шықпайды. Себебi, «азапталу» сөзi «жазалану» сөзiне қарағанда ауқымды мағынада қолданылады. Мәселен, ел аузында «Сапар шегу – кiшiгiрiм азаптанумен тең» деген сөз бар. Бұл жердегi «азаптанудың» орнына «күнәлары себептi жазалану» деген сөздi қолдана алмаймыз. Сол сияқты бiз хадистегi «азаптануды» «жанына батып, қиналу» деп түсiнсек жақсы болады», – деген пiкiр айтады.
Алғашқы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «қабiрде жатып» деген сөзi екiншi топтағылардың пiкiрiнінің кейінгі хадистiң мағынасына мүлдем қарама-қайшы келетiн болғандықтан, оның әлсiздеу бағыт екендiгiн байқауға болады. Себебi, кейінгі хадисте «азапталудың» «қиямет күнi» болатындығы анық айтылып тұр. Және де «қиямет күнi» деген сөздi екiншi топтағылардың пiкiрiмен шатастырып, басқаша түсiну мүмкiн емес. Демек, бұл екi пiкiрдiң iшiнен, «көпшiлiк ғұламалардың» ұстанған бағыты болып саналатын бiрiншi пiкiрдiң дұрысырақ екендiгi белгiлi болады. Өйткенi, көпшiлiк ғұламалардың бұл пiкiрi, алғашқы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «қабiрде жатып», - деген сөзiне де қайшы келмейдi. Керiсiнше, бiрi – екiншiсiне демеу болып, нәтижесiнде бiз өлген адамның тiрiлердiң оған шектен тыс жылауымен қабiрде де, қиямет күнi де Алланың қалауымен анық азапталатындығын аңғарамыз.
30-СҰРАҚ: Әулие-әнбиелер мен әруақтарға арнап нәзір (серт ету) атауға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ. Бұл серік қосу күнәсіне жатады. Оған дәлел: «Ол Алланың құлдары «нәзірін» орындайды әрі апаты етек алатын бір күннен қорқады» (Инсан сүресі: 7-аят). «Алла жолында не берсеңдер немесе бір нәзір атасаңдар, күдіксіз Алла оны біледі және залымдар үшін ешбір жәрдемші болмайды» (Бақара сүресі: 270-аят).
Берілген садақалар мен нәзірдің қай ниетпен болғанын Алла біледі де, қарсы болушыларға жәрдем етілмейді.
Айша (р.ғ.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) келесі сөзін жеткізген: «Кімде-кім Аллаға бағынуды серт қылса, Оған бағынсын. Ал, кімде-кім Аллаға қарсы шығуды серт қылса, онда қарсы шықпасын» (Бұхари).
31-СҰРАҚ: «Арыстан Бапқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген қағида шариғат шартына сай келе ме?
ЖАУАБЫ: Ондай қағида шариғатта жоқ. Оған дәлел: Алла Тағала айтады:
«Егер оларға жалбарынсаңдар – дауыстарыңды естімейді. Мүбада, олар естісе де, сендерге жауап қайтара алмайды. Сондай-ақ, қиямет күні олар сендердің ортақ қосқандарыңнан танады. Толық хабар беруші Алладай сендерге ешкім түсіндірмейді» (Фатыр сүресі:14-аят). «Тірілер мен өлілер тең емес… (Мұхаммед (ғ.с.)) Сен қабірдегі біреулерге естірте алмайсың» (Фатыр сүресі:22-аят).
Қабірдегілер тірілердің сөзін естімесе, жауап беруге шамасы келмесе, онда олар өзіне сиынушылардың мұң-мұқтажын қалай шешіп бермек? Алла тиым салған болса, әруақ адамдарды желеп-жебейтін күш-қуатын қайдан алып, оны тірілер үшін қалай пайдаланбақ? Ендеше, біздің «Құдай оңда, әруақ қолда!» деп сиынуымызға жол болсын?! Ал, осы «әруақ» сөзінің мағынасы не? Енді осыған келейік. «Әруақ» – араб сөзі. Түбірі – «рух». Яғни, «жан» деген мағынаны білдіреді. Жанның жеке түрі – «рух», ал көпше түрі – «әруақ» деп аталады. Сонда, «әруақ» қазақшаға «жандар» болып аударылады. Мысалы, Қабанбайдың әруағы қолдай көр дегеніміз, Қабанбайдың жандары қолдай көр деген ұғым берген болар еді. Сонда, Қабанбайдың қанша жаны болғаны?! Демек, «әруақ» деген сөзіміздің өзінде бір шикілік бар екені осыдан-ақ көрініп тұр. Осы сұрақ төңірегінде ойланған адамдар өлілерге сиынуды тоқтатса керек еді.
Амал нешік, біздің қазақ халқының бір бөлігі әруаққа сиынып, «әулиелер» жатқан молаларға табынуын әлі де қояр емес. «Арыстан Бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» – деген қағиданың бүгінге дейін өз күшінде қалуы – осынау қатерлі сенімнің жаны сірілігін көрсетеді.
Қазіргі таңда елімізде қабірден қабір қоймай аралап, әулие-әнбиелерге мінәжат қылып, медет тілеушілердің дәуірі өрлеп-ақ тұр. Бақытсыздыққа ұшыраушылардың барар жері, басар тауы – әулиенің басы, бейіттің тасы екені өкінішті-ақ. Олар өлген адамдардан өзіне керегін, мәселен ұлсыздар – ұл, қызсыздар – қыз, аурулар деніне – саулық, дертіне – шипа тілейді. Жаратқан Аллаға емес, жаратылған – мақұлыққа жалбарынады. Сөйтіп, тірілер әруаққа емес, әруақ тірілерге мұқтаж екенін ұмыта береді.
32-СҰРАҚ: Қабір басына мүсін тұрғызуға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, ол мүмкін емес. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Және олар: «Тәңірлеріңді тастамаңдар; Уад, Суаъ, Яғус, Яъуқ және Насрды әсте тастамаңдар деседі» (Нух сүресі: 23-аят).
Ибн Аббас (р.ғ.) Алланың осы аяты жайлы былай деп айтқан: «Бұл есімдер Нұх (ғ.с.) қауымының аса абыройлы (тақуа) адамдарының аттары еді. Олар қайтыс болғаннан кейін шайтан сол кездегі қауымға «құлшылық орындарыңа мүсіндер тұрғызыңдар, ол мүсіндерді олардың аттарымен атаңдар» деп азғырып аян етеді. Олар бұны іске асырады. Бірақ, бұл мүсіндерге сыйынбайды. Олар дүниеден өтіп, білім ұмыт болған соң, адамдар мүсіндерге сыйына бастайды». (Бұл сөздерді Бұхари жеткізген).
Ибн әл-Қайюм былай деген: «Сол бес салихалы кісі қайтыс болғаннан кейін қауымы олардың қабірлерінің маңынан кетпейтін болды, кейінірек мүсіндерін бейнеледі, кейінірек, ұзақ мерзім өткен соң, сол бес кісіге табына бастады».
33-СҰРАҚ: Қабірді қаншалықты биік көтеруге болады және оның қаншалықты пайда-зияны бар?
ЖАУАБЫ: Мұнда пайда емес, зияны көп. Бұған дәлел: Әбу әл-Һәяж әл-Әсәдидің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі:
«Маған Әбу Талиб ұлы Али (р.ғ.): «Мен сені Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) өзімді жұмсаған нәрсеге жұмсайын ба? Үй ішінде бірде-бір мүсін (басқа бір риуаятта «сурет» делінген) қалдырмай қиратасың және бірде-бір биік қабір қалдырмай тегістейсің», – деді» (Мүслим, Әбу Дәуд, Нәсәи, Тирмизи, Хаким, Бәйһәқи, Тыялиси, Ахмәд, Табарани, Әбу Исхақ).
Жәбирдің (р.ғ.) былай дегені риуаят етіледі:
«Аллаһ елшісі (с.ғ.с.) қабірді сырлауға, үстіне отыруға, кесене тұрғызуға, (топырағын) биік етіп көтеруге және оған бір нәрсе жазуға тыйым салды» (Мүслим, Әбу Дәуд, Нәсәи, Тирмизи, Хаким, Бәйһәқи, Ахмәд).
Шәукәни бұл жөнінде жеткен хадистерді былай деп түсіндірген екен:
«Бұл хадистер беделді адам болсын, пақыр болсын, барлығының да қабірі қатты көтерілмеуі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті екенін дәлелдейді. Хадистің мағынасына сүйенсек, қабірді көрсетілген мөлшерден асырып биіктету харам болады. Ахмәдтың төңірегіндегі ғұламалар және Шәфиъи мазһабының кейбір ғалымдары да осы пікірді айтқан».
Имам Мәлик бұл жөнінде былай деген:
«Қабірді биіктетудің үкіміне қабір үстіне соғылған күмбездер, кесенелер, жалаң қабырғалар, мешіттер және басқа да сол сияқты құрылыстар кіреді. Мұндай әрекеттерге барғандарға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) лағынеті болатындығы хадистерден белгілі».
Имам Шәфиъи: «Қабір топырағының биіктеу болуының оқасы жоқ» деген. Бірақ бұл пікір хадистегі харам мағынасын беретін тыйым салуға қарама-қайшы келеді.
Осы пікірді Әбу Дәуд те өзінің «әл-Мәсәил» атты кітабында айтқан: «Мен Ахмәдтың «Қабір өзге топырақтармен биіктетілмейді, керісінше жер деңгейімен бірдей етіліп тегістеледі» дегенін естідім».
Ал Имам Мухаммәд (Ханафи мазһабының белгілі ғалымы) болса, «әл-Әсәр» атты кітабында бұл тұрғыда былай деген:
«Имам Ағзам Әбу Ханифа бізге Ибраһимнің (р.ғ.): «Қабірді қабір екені білініп, аяқ асты болмайтындай деңгейде көтеріңдер» деп айтқанын риуаят етті».
Осы күнге дейін Ислам тыйым салған бірнеше қабір құрылыстарын көз алдымыздан өткіздік. Кәпір адам бұттарға табынғанындай, арамыздан кейбір надандар сол қабір басындағы құрылыстарға табынып жүргендігі жасырын емес. Надандықтарының шарықтау шегіне жеткені сондай, қажет-жарақтарын тілейміз деп осы қабірлердің басына арнайы сапар шегуді шығарған. Мәйіттен тілеп жатқан тілектері – пенденің өз Раббысынан ғана сұрауға тиісті болған тілегі екенін байқаймыз. Олар қабір басына сапар шегіп қана қоймай, олардың қабырғасына үйкеліп-сүйкеніп, солардан жәрдем, медет тілеуге дейін барады. Қысқасын айтқанда, олар жәһилиет дәуіріндегілер пұттарға байланысты не істеген болса, соның бірін де қалдырмай істеуге көшкен. Құдайым-ау, осынша жиіркенішті көріністі, осындай адасушылықты жүгендейтін бірде-бір ғалым, бірде-бір білімдар адам табылмағаны ма сонда? Олардың істеп жатқан ширктерінің дәрежесі «Аллаһ Тағала екеудің екіншісі» немесе «үшеудің үшіншісі» деген сенімдердің дәрежесінен аспаса, кем түспейді. Шарасыздықтың шырмауына шырмалған дін ғалымдары мен мұсылман басшыларына нендей өкініш! Исламда ширк күпірлігінен асқан күнә бар ма өзі?! Бұл дінге Алладан өзгеге құлшылық қылудан асқан зиян бар ма?! Мұсылмандардың шегіп жатқан қасіреттерінің қайсысы дәл осы қасіреттен асып түсер екен? Және тыйым салынуы тиіс нәрселердің қайсысының дәрежесі Аллаға серік қосуға тыйым салудан гөрі маңыздырақ болар екен?!».
34-СҰРАҚ: Қабірде түнеген адамдарға түсіне кіріп, аян беретін әулие-әнбие, әруақтар туралы не деуге болады?
ЖАУАБЫ: Әулие-әнбие, әруақтар адамның түсіне кіріп, аян беруі мүмкін емес. Бірақ, солардың кейпінде келетін жын-шайтандар кісінің түсіне кіруі әбден мүмкін. Оған: Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Кім түсінде дәл өңіндегідей мені көрсе, (шынымен) мені көрген болады. Өйткені, шайтан менің бейнемді қабылдай алмайды» деп айтқаны дәлел болады. Бұл хадисті Әбу Һурайра (р.ғ.) естігенін айтады. (Жеткізген: Имам Бұхари).
Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Мені түсінде көрген (адам) шындықты көрген болады, өйткені, шайтан менің кейпіме кіре алмайды» деген сөзін Әбу Сәъди (р.ғ.) естіген екен. (Имам Бұхари).
Ислам ғұламалары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерін түсіндіре отырып: «одан (с.ғ.с.) өзге біреуді түсінде көрген адам – оны емес, шайтанды көрген болады» деген тұжырымдама жасайды. Өйткені, шайтандар адамдарды азғыру үшін, олардың түсіне кіріп, «аян» беруі мүмкін.
35-СҰРАҚ: Алла Тағала әулиелері деп кімді айтамыз және қабірдегілерді ғана «әулиелер» деп атай аламыз ба?
ЖАУАБЫ: Алла Тағалаға кім иман келтірген болса, одан қорықса және Оның елшісіне (с.ғ.с.) ілессе, міне солар Алла Тағаланың достары (әулиелер) қатарында болады. «Біліңдер, расында сондай иман келтіріп, тақуа болған Алланың достарына (әулиелеріне) қауіп-қатер жоқ, әрі олар қайғырмайды» (Юнус сүресі: 62-63-аяттар). «Алла Тағала иман келтіргендердің досы. Оларды қараңғылықтардан жарыққа шығарады. Қарсы болғандардар болса, олардың достары – шайтан, олар оларды жарықтан, қараңғылықтарға шығарады. Міне, солар тозақтық. Олар онда мәңгі қалады» (Бақара сүресі: 257-аят). «Шынайы түрде сендердің достарың Алла және Елшісі және де намазды толық орындайтын, зекет беретін әрі рукуғ қылушы мүминдер. Кім Алланы, Елшісін және мүминдерді дос тұтса, шынайы түрде Алланы жақтаған топ. Солар жеңіске ие болады» (Мәидә сүресі: 55-56-аяттар).
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты: «Шын мәнінде, пәленшенің жанұя мүшелері менің достарым емес. Менің достарым – тек Алла Тағала мен әділ де шыншыл мүминдер» (Бұхари мен Мүслим).
36-СҰРАҚ: Алла Тағаланың достарының кереметтері (караматул-әулия) туралы не айтуға болады?
ЖАУАБЫ: Мұндай кереметтер – шынында да бар нәрсе. Олармен байланысты болған ғажайып нәрселерді осылай (керемет) деп атайды. Әйтсе де, кереметтер олардың өздерімен жасалынбайды және ол адамдар оған ұмтылмайды да, олар білмеуі де мүмкін. Бірақ, мұның бәрін олар арқылы Алла жасайды. Бұған мысал ретінде «үңгірдегі жас жігіттер» тарихын, «жартастың сынығы көміп қалған адамдар» тарихын, сондай-ақ, Журайждың тарихын келтіруге болады. Бұл кереметтердің барлығы олардың Пайғамбарларының (ғ.с.) кереметтеріне қатысты болған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде де, сахабаларының (р.ғ.) кезінде де және оларға таза жүрекпен ілескендердің кезінде де кереметтер болған және біз өмір сүріп жатқан күндерге дейін жалғасқан, сондай-ақ, қиямет күніне дейін бола береді және мұның бәрі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кереметтері болып табылады. Өйткені, әулиелер оның (с.ғ.с.) жолына ілескен себепті ғана мұндай кереметтерді жасау мүмкіндігіне ие болған еді.
Егер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жолына ілесуші болмаған біреу табиғи емес ғажайып бір іс істесе, онда ол керемет бола алмайды. Ол – тек қана алдау-арбау, азғыру үшін жасалынған сиқыр болып табылады. Имам Шәфиъидің былай дегені хабар етіледі: «Егер су бетімен жүріп бара жатқан немесе ауада ұшып жүрген адамды көрсеңдер, оның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ілесуші екеніне көз жеткізбейінше оған сенбеңдер және ілесіп кетпеңдер».
37-СҰРАҚ: Әулиелер мен әруақтар қабірлерді мекендейді ме, немесе, олар тірі адамдардың тіршілігіне араласып, ақыл-кеңес айта ала ма?
ЖАУАБЫ: Оларды қабірлерді мекендеп өмір сүреді дегенге ешқандай дәлел жоқ. Қабірде адамның тәні жатады. Жаны оның денесімен бірге болады деуге де негіз жоқ. «Бұл жөніндегі Ислам ғұламаларының бір ауыздан келіскен ортақ пәтуәсі бар: Алла Тағала қабір азабын немесе нығметін көрсетер тұста өлген адамның жаны мен тәні қосылып тұрады. Бірақ, әрдайым емес». (Ибн әл-Қайюм).
Алайда, қабір сұрағы тек қабірде ғана жүзеге асады деуге де болмайды. Жан тапсырғанның барлығы жерленген немесе жерленбеген болсын, оны жыртқыш аңдар жесін немесе отқа жанып күл болып, ауаға таратылып жіберілсін, дарға асылсын немесе теңізге кетсін, ол өз күнәсіне қарай азап көреді. Мәйіт қабірде жатпаса да, қабір сұрағынан құтылмайды. Олар қабірде болсын-болмасын, барар жері «барзах әлемі» деп айтылады. Барзах – бұл дүние мен ақырет аралығындағы өмір. Барзахтың тілдік мағынасы «бөгет», «тосқауыл», «бөгеу» дегенге саийды. Орысша «преграда» дейді. Яғни, барзахтан бері ешқандай әруақтың өтуіне мүмкіншілік жоқ. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Ақыр олардың әрбіріне өлім келген сәтте: «Раббым! Мені дүниеге қайтар! Мүмкін мен қалдырған (дүниеде) жақсы амал істермін». Әсте олай емес. Рас, бұл оның бір айтқан бос сөзі. Өйткені олардың артында қайта тірілетін күнге дейін барзах бар» (Мүминун сүресі: 99-100-аяттар).
Бұл аят былай тәпсірленеді: «Барзах әлемінде жатқан жандар бұл дүниедегі адамдармен де, ақырет адамдарымен де араласа алмайды, олар қайта тірілетін қиямет күніне дейін осы екі аралықта болады. (Кутуб).
Адамдардың білімсіздігін пайдаланып, көріпкелдер – әруақтар мен адамдар арасында делдалдық қызмет атқарған болады. Олар абыройлы әрі қалталы азаматтарды «ата-бабаларыңның әруағыңмен жолықтырамын» деп, пайдаға шаш-етектен батады.
«Міне, сенің пәлен бабаңның әруағы менің кеудеме келіп кірді, енді оның үнін естисің» – деп дереу дауысын құбылтып жіберіп, тыңдаушының бабасы болып сайрай жөнеледі. Бұл жерде сәуегей қалталы азаматты алдап соғып, сыбаға айырып қалу үшін жанын жалдап, пұлға құл болып тұр, ал алданушы азаматтың мұнысы – арғы ата-бабасының әруағымен жолығып, ақ батасын сұрап алса, ол мұны қиналғанда желеп-жебеп, қорғап-қолдап жүре ме деген дәмелі ойдан туған дәрменсіздік. Аңғарсақ, алдаушы да, алданушы да оңбай ұтылады, екеуі де Алла Тағалаға серік қосып, күнәға белшесінен батады! Екеуі де бұ дүние несібесі үшін,ақирет несібесінен қағылады. Ал, ширк жасағаны үшін шын жүректен өкініп, кең де өте кешірімді Тәңірімізден кешірім сұраса, онда, ин ша Алла, Жаратушы Иеміз кешіреді.
38-СҰРАҚ: Қабірде жатқан абыройлы адамдарға (әулие-әнбие әруақтарына) аса қатты сүйіспеншілік арнауға, олардан аса қатты қорқуға және олардан әлденені үміт етуге бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Өйткені, мұның бәрі ширк күнәсін тудырады. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Адамдардың кейбіреулері Алла Тағалаға пұт, жасанды тәңірлерді теңдес етіп, оларды Алла Тағаланы сүйгендей сүйеді. Ал, мүміндер Алла Тағаланы барлық нәрседен артық сүйеді» (Бақара сүресі: 165-аят).
Қорқу сезімі де Аллаға ғана болғаны дұрыс. Басқа нәрседен қорқу кешірілмес күнәға ұрындырады. Біздің халқымыз «Құдай ұрған оңалады, әруақ ұрған оңалмайды» деп жатады. Мұның дұрыс емес екеніне дәлелдер өте көп. Соның бірі, Алла Тағала айтады: «Шын жүректен иман келтірушілер Раббыларының азабынан қорқып үрейленіп, Раббыларының аяттарына иман келтіреді. Раббыларына серік қоспайды. Дін жолында не берсе де жүректерінде. Бергеніміз қабыл болмай қалады ма деген қорқыныш болады. Өйткені, олар қиямет күні Алла Тағаланың алдында істеген амалдары үшін жауап беретіндеріне шын жүректен сенеді. Міне, осылар ізгілік істеуде жарысып, ізгілік істеу жолында басқалардың алдында болушылар» (Мүминун сүресі: 51-61-аяттар).
Кейде адамдар Алла Тағаланың бір Өзінен ғана үміт етудің орнына, Алладан өзге махлұқтардан әлдене дәметкенін көріп, қапа боламыз. Сондай танымнан «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақал да шығарып алған халықтың өкілі екенбіз. Бірақ, бұл мақал ақиқаттан тым алыс жатыр. Өйткені, адамзат өз құлшылығында тек қана Алланың ғана разылығын іздеп, тек қана Аллаға үміт артуы тиіс еді. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «(Мұхаммед ғ.с.) «Мен де сендер сияқты адаммын. Маған тәңірлерің бір-ақ тәңір екені уахи етілуде. Сондай-ақ, кім Раббысына жолығуды үміт етсе, ол ізгі амал істеп, Раббысына құлшылығында ортақ қоспасын» де» (Кәһф сүресі: 110-аят).
Жүрегінде Алла Тағалаға деген сүйіспеншілік, Оның азабынан қорқыныш пен Оның кеңшілігінен үміті болған пенденің құлшылығы жоғары деңгейде болады. Алла Тағала осы үш сезімді жүректеріне орнатқан пенделері жөнінде былай деген: «Олар аяттарымызға иман келтіреді. Үгіт берілген кезде сәждеге жығылып, Раббыларына мақтау айтып, Оны кемшіліктен пәктейді. Әрі олар құлшылықтан бас тартып тәкәппарланбайды. Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (яғни, олар түнде ұйқыларынан тұрып), Раббыларынан қорқа және Оның жарылқауынан үміттене жалбарынады. Сонымен қатар, олар Біз берген несібемізді тиісті орынға жұмсайды» (Сәжде сүресі: 15-16-аяттар).
Әйтсе де, діннен хабарсыз халық құлшылық жасап, сиынатын нәрсені өзінің айналасынан, көзіне көрініп тұратын жерден іздейді. Өзгелерден әлдебір ерекшелігі бар адамдарды «әулие» тұтып, киесі бар деп ұғады. Алайда, көп пенделер «әулие» сөзін бір ғана адамға бағыштап айтуға болмайтынын, ол «уәли» сөзінің көпше түрі екенін білмейді. Уәли – «Алланың досы» деген сөз, ал, «әулие» – «Алланың достары» деген көпше түрдегі ұғым. Ендеше, бір адамды Алланың достары деп айтуға бола ма? Әрине, болмайды. Өкінішке орай мұндай жағдай жиі кездеседі. Мәселен, халқымыз ерекше жағдайда өскен тал-дараққа «Әулие-ағаш» деген ат қойып алады. Сөйтіп, оған кұлшылық қылады. Бұл жерде ағашты – Алланың достарына балап тұрмыз. Ағаштың – Алланың достарынан бола алатынына қандай дәлел бар? Байқасақ, бұл жерлерде «әулие» сөзі бұрмаланып, бастапқы қалпындағы мағынасынан айырылып қалып, «құдіретті», «киелі», «қасиетті» деген ұғымға айналып кеткен.
39-СҰРАҚ: Қабірдің басында қандай да бір ырым жасауға бола ма?
ЖАУАБЫ: Жоқ, болмайды. Өйткені, ырым жасау ширктің бір түрі. Оған дәлел: Алла Тағала айтады: «Қашан оларға бір жақсылық келсе, бұл біздің хақымыз деп, егер оларға бір жамандық жетсе, Мұса және онымен бірге болған кісілермен ырымдайды. Байқаңдар! Олардың сәтсіздіктері Алла тарапынан. Бірақ, олардың көбі білмейді.» (Ағраф сүресі: 131-аят). «Сәтсіздіктерің өздеріңмен бірге. (Өз қылықтарыңнан) Берілген үгітті ырым қыласыңдар ма? Олай емес! Сендер шектен шыққан елсіңдер» (Ясин сүресі: 19-аят).
Біздің халқымыздың қабір басына үкі қонып отырса, жаманшылыққа жоритыны бар. Сондай-ақ, қабірге қарап қол шошайтқанды кешірілмейтін күнәға теңейтіндер де жоқ емес. Мұның бәрі шариғаттағы жоқ шатасулар деуге болады. Оған дәлел: Әбу Һурайрадан (р.ғ.) жеткен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі: «Індет (жұғу) жоқ. (Исламға дейін індет Алланың қалауынсыз, тағдырынсыз болады деп ойлайтын), ырым жоқ, үкілеу жоқ (арабтар біреудің үйіне үкі қонатын болса, ол үйдің ішінен біреу қайтыс болады деп жоритын), Сафар айын жаманшылыққа жору жоқ (Исламға дейін арабтар бұл айды сәтсіздікке, жамандыққа жорыған, сондықтан, белгілі бір жылды, айды, күнді жамандыққа жоруға болмайды)» (Бұхари, Мүслим).
Кейбір адамдар жаман белгілерді Алланың алдын-ала білдірген нәрсесі дейді. Ибн Аббас (р.ғ.): «Олар ырымды, жаман нышанды Алла Тағаланың алдын-ала білдірген аяны деп санайды». Бірақ, олар бұл жерде бақытсыздықтың себебі Алладан екенін ұмытып тұр.
Егер ырымдарға солай болады деп сенер болса, онда оның іс-амалы жақсылыққа шақырушыларға қарама-қайшы келіп, сенімсіздік туғызады. Ырым әсері жақсылықты тойтарады. Соның себебінен олардың қалауында жауығушылық пайда болады. Олар жаманшылыққа ұшырайды. Оның себебін өздері тудырып алады. Бұл, әрине, Алланың даналығымен, Алланың әділеттілігімен, Алланың тағдырымен (осылай) болады. Мұның бәрін Алла ғана Өте жақсы біледі.
40-СҰРАҚ: Қабір басында кейбір көріпкелдер көрсететін «кереметтер» туралы не деуге болады?
ЖАУАБЫ: Ия, кейбір көріпкелдер қабір аралап жүрген зиярат етушілерге өз «кереметтерін» көрсету арқылы олардың сеніміне ие болғысы келеді. Бұл жөнінде 37-сұрақтың жауабында да біршама айтылып өтті. Әл-Бағауи көріпкел туралы былай деген: «Көріпкел: «Жәйттарды салдарымен білемін. Сол салдар арқылы ұрланған заттың қайда екендігін, адасып қалған адамның мекенін және осыған ұқсас нәрселерді анықтай аламын» деп айтады».
Кейде, кейбір аңқау адамдардың өткен өмірін айтып беру арқылы алдап-арбауға тырысады. Сондай сәуегейлердің кейде айтқандары айдай келіп жататын да кездері бар. Бірақ, бұл жайт олардың болашақты болжайтынының дәлелі бола алмайды. Балшының барлығы да адамдарды алда не күтіп тұрғанын білмейді. Сонда, олар халықтың бір бөлігін өздеріне қалай сендіріп алған? – деген заңды сұрақ туады.
Әбу Һурайра (р.ғ.) Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) төмендегідей ескертуін хабарлайды. «Алла Тағала аспаннан әмір берген кезде, періштелер Оның сөзіне бой ұсынып, қанаттарын қағады. Қанаттарынан шыққан дыбыс – жылтыр тасқа түсіп кеткен шынжырдың үніне ұқсайды. Періштелер Алланың сөзінен қалтырап кетеді. Олар жүректерінің шошынғаны басылған кезде, біреулері «Тәңірлерің не деді?» десе, басқа біреулері «ақиқатты» айтты және Алла аса Жоғары және өте зор» дейді. Бұл хабарды тың тыңдап жүрген шайтан естиді. Шайтандар бірінің үстіне бірі шығып, аспанға жететін еді. Жоғарыдағы мәліметті алдымен естіген шайтан оны өзінен төменгі шайтанға хабарлайды, ол естігенін өзінің астындағы шайтанға жеткізеді. Олар осылайша бұл мағлұматты сиқыршыға не көріпкелге білдіреді. Алайда, шайтан хабарды жеткізуге үлгерместен өзіне атылған жұлдыз-оққа ұшуы мүмкін, немесе жұлдыз келіп соққанша, хабарды беріп үлгеруі де ықтимал. Ал, көріпкел өзіне жеткен шын мағлұматқа жүз өтірік қосып айтады. Халық: «Осы уақытта осындай оқиға болады деп айтқаны расқа шықты емес пе?» деп шайтандар аспаннан алып келген хабарға сенбеске шарасы қалмай алданады». (Хадисті Бұхари және Әбу Дәуіт риуаят еткен).
Міне көріпкел-сәуегейлердің кейбір құпия сырларды қалай біліп қоятыны осы хадистен анық аңғарылып тұрған жоқ па? Бірақ, олар болған оқиғаның бір пайызын ғана дәл айта алатынын естен шығармалық.
Бұл хадистен көріпкелдер мен балгерлердің жын-шайтандармен байланысы болатыны аңғарылады. Әйтсе де, олар жын-шайтандардың көмегіне қанша жерден сүйенсе де, болашақты болжауға құдыреті жетпейді. Сол себепті, Алла Тағала былай дейді:
«Біз оның (Сүлейменнің ғ.с.) өліміне үкім берген заманда, жындарға оның өлімін, оның таяғын жеген бір жердің құрты ғана көрсетті. Сонда ол жығылған сәтте, жындарға аян болды. Егер жындар, көместі (ғайыпты) білген болса, олар ауыр машақатта қалмас еді». (34:14-аят).
Сүлеймен (ғ.с) Масжид Ақсаны жындарға салғызып жатып өлсе де таяғына сүйеніп тұрғандықтан жындар оның көз жұмғанын сезбей, жұмыстарын істей береді де, таяғын құрт жеп құлап түскенде бір-ақ біледі. Егер жындар ғайыпты білетін болса, Сүлейменнің өлгенін сол сәтте-ақ көріп, жұмысын тоқтатып тастаған болар еді. Ендеше, жын-шайтандарда да болашақты болжайтын кереметі жоқ екені ақиқат. Сонда, балгерлердін сыйынғаны – жындардың жағдайы әлгіндей десек, олардың өздері туралы не айта аламыз?! Сондықтан көріпкелге, бақсы-балгерге еш сенуге болмайды. Осыған орай Құран Кәрімге тағы бір құлақ түрелік:
«Көктер мен жердегі көместі (ғайыпты) Алладан баска ешкім білмейді». (Нәміл сүресі: 65-аят).
«Көместің (ғайыптың) кілттері Оның (Алланың) жанында. Оны Ол өзі ғана біледі». (Анғам сүресі: 59-аят).
Міне, көріпкелдердің ешқандай көместің (ғайыптың) сырын көре алмайтынын айғақтауға осы дәлелдер жетіп аспай ма?!
Алла Тағала айтады: «Ғайыпты білуші Алла оның сырын ешкімге ашпайды» (Жын сүресі: 26-аят).
Бұл аят көріпкелдердің «біз көместі білеміз» деген пиғылының күпірлік екенін көрсетеді. Сондықтан, көріпкелдерге сенгендер осы аяттың ақиқатын жоққа шығарады. «Кімде-кім өзінің Аллаға жақын екенін айтып, өзіне құпия ілім жіберіліп тұратынын мәлімдесе, ол Аллаға жақын адам емес, шайтанның құйыршығы, сыбайласы, серіктесі» дейді Ислам ғұламалары. Сонымен бірге, көріпкелдіктің сиқыршылықтың бір түрі болып есептелетіні де белгілі. Аса жоғары Алла Өзінен қорқатын құлдарына (бәрін) сыйлайды. Ал, «мен көместі білемін» деп мәлімдеме жасап жүргендерге ол қабілетті кім берді екен? Өйткені, Алланың адамға сыйлаған нәрсесінің ішінде ондай нәрсе жоқ еді ғой? Бұл – Аллаға жала жабу болып табылады.
Алланың азабын ойлап, қорқып тұрған адам «Біліңдер, біз Аллаға жақынбыз, ғайыпты білеміз» деп қалай ғана айта алады? Бұларды елдің көзіне биік болып көрінгісі келіп тырысып жүргендер және осы ісімен пайда түсіріп, табыс табуды көздейтін алаяқтар деуге болады. Өйткені, бұлар Алла Тағаланың құпия біліміне, ұлықтығына тәкәппарлықпен қол сұғудан қорықпайтын жандар болып табылады. Әйтпесе, Алланың хақына, Оның ісіне араласқысы келетін адамды басқаша не деуге болады?
1 Пікір »
Пікір жазыңыз
-
Мұрағат
- Қараша 2009 (1)
- Қыркүйек 2009 (1)
- Тамыз 2009 (8)
- Шілде 2009 (2)
- Маусым 2009 (7)
- Мамыр 2009 (1)
- Қаңтар 2009 (3)
- Желтоқсан 2008 (1)
- Қараша 2008 (1)
- Тамыз 2008 (1)
- Шілде 2008 (1)
- Мамыр 2008 (1)
-
Категориялар
-
RSS
RSS жазулар
RSS пікірлер



Jaksy, informativ bolgan eken!