Zhandos's Weblog

СҮЙРЕҢДЕГЕН СҮЙІР ТІЛ…

Бар ауылда солай ма, әлде бізде ғана сөйте ме, әйтеуір ауылға барғанда көретінім, екі-үш еркектің басы қосыла қалса, біреулерді сыртынан мысқылдап, мазақтап отырғандары. «Қарап отырғанша ағайынды жамандайық» дейтіндердің дәл өзі. Біреудің отырғаны – опақ, тұрғаны – сопақ. Өзгенің табысын санап, малын есептеп, оны қалай тапқанын, не ішіп, не жеп қойғанын, онысы кімнің арқасында екенін жіпке тізіп, шотқа салып әуре.

Қалалықтар да қалыса қоймайды саясат жайлы сайрай жөнелгенде… Бірақ сөздері сөгіске айналып жүре береді. Алысқа бармай-ақ, өзімізді мысал қылуға әбден болады. Құлшынысымызды құрықтай алмай құба жонға шығып құлдыраңдай жөнелеміз. Ғайбат нәпсіден екен-ау!

… Әлгінде үйге ауылдан бір жеңгем келіп кетті. Көрген, білген, естіген жаңалықтарын айтып, жарты сағат бойы жағы тынбады. Ешкімге қажетсіз, пайдасыз ақпараттарды қардай боратып, судай сапырып қайтты. Бізден шығып тағы біреуге барады. Сосын біздің үйден не көріп не байқағанын жыр қылып айтады. Сөйтетіні анық. Себебі онда пайдалы білім жоқ. Аллаһ ауыз берген соң, ол ауыз сөйлеу керек деп түсінеді. Ел әңгімеге сусап отыр деп ойлайды. Ол, әлбетте, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Адамды жәннатқа жетелейтін оның көркем мінезі, ал тілі тозаққа апарады» деген хадисінен бейхабар. Тіпті естісе де мән бермеген шығар. Әйтпесе қазекеңнің де: «Сүйреңдеген қызыл тіл сүйгеніңнен айырар..» немесе «Тырс-тырс тамшы тасты теседі, былш-былш өсек басты кеседі» сынды мақалдарын естімеуі мүмкін емес қой. Болмаса ол: Әйел сәні өсек деп ұғуы да ғажап емес. Мұхаммед (с.ғ.с.) миғраж оқиғасынан кейін: «Тозақта әйелдер мен семіз еркектер көп екен» депті. Яғни, әйелдерге ерекше жеңілдік жоқ екен. Сабыр, салмақтылық бәрімізге де қажет-ақ.

Бала күнімнен бері өзбектер туралы анекдоттарды көп естідім. Өзім де айттым. Кейінірек қырғыздар, орыстар, армяндар, чукчалар жайлы да талай қисық әңгімелер жаттадық. Наймандар ондай, арғындар мұндай деген сынды рулардың намысына тиетін қалжыңсымақ жетерлік екен. «Құран» кітабын оқымай, оны ақ шүберекке орап биікке іліп қойсақ, ішіндегі Жаратушының ескертулері мен нұсқауларын қайдан білмекпіз? Әйтпесе, «Хұжрат» сүресінің 11-12 аяттарындағы: «Әй, мүминдер! Бір елді бір ел тәлкек (мазақ) қылмасын. Бәлкім олар өздерінен жақсы шығар… Сыр тексермесін. Біреуді – біреу ғайбаттамасын» – дегенді оқып, білер едік қой. Ал, Аллаһтың соңғы Елшісі (с. ғ. с. ): «Ей, тілімен иман келтіріп, жүрегіне әлі иман ұяламағандар, мұсылмандарды ғайбаттамаңдар. Олардың кемшілігін аңдымаңдар. Егер кімде-кім олардың кемшілігін аңдыса, онда Аллаһ оның кемшілігін аңдиды. Егер Аллаһ кімнің кемшілігін аңдыса, онда оны үйінде масқаралайды», – деген. Толығырақ »

Қаңтар 30, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , , , | 1 Пікір

Құран кімдер үшін?

 
Құран кімдер үшін?

Қазір біздің кезімізде Құранды өлілерге арнап оқитындар көбейіп бара жатыр десек артық айтпаспыз. Бір жерге қонаққа барсақ: «Балам, қане, Құран оқып жіберші, дәметкендер бір аунап қалсын!» – дегендерді де естиміз. Егер Құран оқымай, батасын ғана жасап тұрып кететін болсаң, яғни халықтың бір көңілінен шықпасаң, сені уаһабисттің мән-мағынасын түсінбей, уаһабисттердің қатарына жатқызары сөзсіз. Құранды өлең құсап оқып беріп жатамыз. Сол оқылған аяттарға үңіліп, түсінуге көңіл қойып, ынталанып жатқандар да шамалы. Егер, Құранның басынан аяғына дейін ақтарып шықсақ та өлілерге арнап айтылған аяттарды таба алмаймыз. Аллаһ Тағаланың мына аятына назар аударайық: «Құран тірілер үшін ескерту, қарсы болғандарға байланысты сөз шынға шығу үшін» (36:70).

Өйткені, ең бірінші Аллаһ Тағала Құранды ең сүйікті құлы Мұхаммедке (с.ғ.с) Жәбірейл (ғ.с) арқылы түсіргені және Құрандағы «Алақ» сүресінің алдыңғы бес аяты оқып ілім іздену әрі адам баласының жаратылысы жайында қысқаша ғана баяндап кеткен.

Біз осы уақытқа дейін Құрандағы «Оқы!» - деген аяттың келгенін білместен, «Оқы, оқы және оқы, айтқан Ленин бабамыз» – деп жүрмедік пе?

Құран ізденуге шақыратынын, басқада жайттар жайында айтатынын білместен, адасқан ғалымдардың сөздеріне құлақ асқанымыз да өтірік емес.

Иә, ойлап қарайтын болсақ, егер Құран тірілерге емес, өлілерге түскен болса, онда неге жердің астындағы мәйітке түспей, Пайғамбарымызға (с.ғ.с) түседі? «Тал бесіктен жер бесікке дейін ілім іздеу – әрбір мұсылман ер-әйелге парыз» – делінген. Сондықтан кітабымыз Құран Кәрімді насихаттауды және соның жолымен жүруді ұмытпауымыз керек.   

Зікірдің ең үлкені – Құран

Зікірдің тілдік мағынасы «Алланы еске алу» дегенді білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисіне назар аударайық: «Үйлеріңді қабірге айналдырмаңдар, яғни үйлеріңде Құранды көп оқыңдар» – дейді.

Құран біз үшін музейге сақтап қоятын кітап емес. Сыртына қарап, ішіне үңілместен тамашалап кете беретін зат емес. Ол – адам баласының рухын, рухани байлығын қоректендіретін ғажайып кітап. Алла Тағаланың мына аятына көңіл бөлейік: «Сондай иман келтіргендер – Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады». (13:28) және Бақара сүресінің 152-аятында «Енді Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар!» – дейді.

Жоғарыдағы аяттардан көріп тұрғанымыздай, Құран Алланы еске алудың ең үлкені екендігін байқауға болады. Құран кітабы аруақтардың артынан бағыштап, болмаса оқып, хатым түсіріп, бергенін қиналмастан алу беру үшін түскен бе? Әрине, жоқ! Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Құранды арзан бағаға сатпаңдар» – дейді. Яғни, Құран оқып ақша табу – мүлдем мұсылмандыққа жат нәрсе. «Арзан бағаға сату» дегеніміз, яғни бұл дүниедегі бүкіл байлық жиналса да Алланың қасында түкке тұрғысыз болып қалады. Мысалы: Аллаһ Тағаланың бізге берген бір көзінің құнын да өтеу мүмкін емес. Аллаһ Тағала Құранда: «Әрі сендерге өзінен сұраған нәрселеріңнің бәрінен берді. Егер Алланың нығметін санасаңдар, санына жете алмайсыңдар. Расында адам баласы – өте ынсапсыз, аса шүкірсіз» (14:34). Және Нахл сүресінің 18-аятында: «Алланың нығметін санасаңдар санына жете алмайсыңдар. Рас, Алла – өте жарылқаушы, ерекше мейірімді». Құранды арзан бағаға сатып жаңылыспайық. Себебі, бұл зікірдің ең үлкені болған Құран баға жетпес қазына екенін ұмытпауымыз керек.

Құран – екі дүниенің азығы

Бұл дүниедегі азығың, рухани байлығың. Ал, ақыреттік азығың, сені тозақтан қорғап, арашалап қалуы, яғни саған шапағатшы болады. Адам баласы материалдық жағынан бай болса да, бірақ рухани жағынан жұрдай болуы мүмкін. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мына хадисіне назар аударайық: «Құран оқыңдар, себебі кім Құран оқыса, Құран қияметте өз егесіне шапағатшы болады» – делінген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қайтыс болар сәтінде: «Мен сендерге екі нәрсені қалдырып бара жатырмын. Біріншісі – Алланың кәләмы Құран және Менің сүннетім (хадис)» – деген екен.

Алла бізге жақсы мен жаманды, ақ пен қараны ажырату үшін баға жетпес өзінің кітабын Құранды сыйлады. Бұл Оның бізге деген мейірімділігі емес пе? Бұл дүние – жалған, ал ақырет – мәңгілік екенін көрсетіп, бұл уақытша ғана өмірде жақсылық амалдарын істеп, ақыретте солардың жемісін жейтінімізді көрсетті. Иә, Құран бізге мал-мүлік табу үшін емес, рухани байлығымызды күшейтіп, ақ пен қараны ажыратып, құлдарына насихат ретінде түскен.  Аллаһ Тағала Шура сүресінің 20-аятында: «Кімде-кім ақырет пайдасын қаласа, оған оның пайдасын арттыра түсеміз. Ал және кім дүниенің пайдасын іздесе, оған одан береміз. Оған ақыретте несібе жоқ» – дейді. Алла бізді осыдан сақтап, Өзінің тура жолынан тайдырмасын!

Қаңтар 29, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , | 5 Пікір

Зікірлер

  Ассаламу ғалейкум, құрметті дін-қарындас бауырлар! Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі күнде орындаған осынау зікірлердің бұл күнде біз үшін де маңызы зор. Бүгін біз осы зікірлерді өмірде күнделікті қолдана білуіміз қажет. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Алланы еске алушы мен еске алмаушының арасындағы айырмашылық – өлі мен тірінің мысалындай», – деп айтқан екен. Бұл зікірлерді айту ауырлық келтірмейді. Ал, оны күн сайын орындаған адамдардың Алла алдында мәртебесі артады. Алла алдында аз да болса, ұдайы жасалатын амал – көп болып, кейіннен тоқтап қалған амалға қарағанда жоғары бағаланады. Егер, төмендегі екі шарт сақталынбай жасалса, амал – Аллаһтың алдында қабыл болмайды: 1. Ықылас: (амалды Аллаға ғана беріліп атқару). 2. Сүннет: (амалды Пайғамбар (с.ғ.с.) үйреткендей етіп орындау).

ЗІКІРЛЕР

МАҒЫНА-ТҮСІНІГІ

МӘРТЕ

САУАП ДӘРЕЖЕСІ

لاَ إِلَهَ إِلا اللهُ وَحْدَهُ لاَ شَرِيكَ لَهُ. لَهُ الْمُلْكُ وَ لَهُ الْحَمْدُ وَ هُوَ عَلَى كُل شَيْءٍ قَدِيرٌ.

Ләә иләәһә илляллаһу уахдаһу ләә шәрикя ляһу ляһуль-мульку уә ляһуль-хәмду уә һуә ‘аля кулли шәй-ин қадиир // Алладан басқа құлшылық қылуға лайық ешбір құдай жоқ. (Мейлі, ол періште болсын, пайғамбар болсын, ғұлама-ғалым, әулие болсын сыйынуға болмайды. Дұға-тілек, құрбандық шалу, қорқу (жыртқыш аңнан қорқу секілді табиғи түйсіктен туған үрей, ол басқа), жарылқану сұрап жалбарыну, намаз т.б. амалдар құлшылыққа жатады). Ол жалғыз әрі Оның серігі жоқ (ешқандай). Мүлік Оған тән және Ол барлық мақтауға лайық. Сондай-ақ, Оның күш-құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.

100

1. Он құлды азат еткенмен бірдей.2. Жүз сауап жазылады.3. Жүз күнәні жуады (өшіреді).4. Күні бойы шайтаннан қорған болады.

سُبْحَانَ اللهِ وَ بِحَمْدِهِ

Субхәннәллаһи уә бихәмдиһи // Алла (кемшілік атаулыдан) пәк және Ол барлық мақтауға лайық.

100

Аспан мен жердің арасын толтырады.

أَسْتَغْفِرُ اللهَ وَ أَتُوبُ إِلَيْهِ

Әстәғфируллаһә уә әтуубу иләйһи // Алладан жарылқау тілеймін әрі Оған тәубе етемін

100

Күнәлар кешіріледі.

اَلْحَمْدُ للهِ

Әльхәмдулилляһи // Аллаға мадақ, Аллаға шүкір (қуанышта да, қайғыда да).

 

Ақыретте таразыны толтырады

اللهُم صَل عَلَى مُحَمدٍ وَ عَلَى آلِ مُحَمدٍ

Аллаһуммә салли ‘алә Мухаммадин уә ‘алә әәли Мухаммад // Иә, Алла! Мұхаммедке (с.ғ.с.) әрі оның үй-ішіне игілік бер.

 

Кім мұны бір рет айтса, Алла оны он есе артық рақымына бөлейді.

قِرَائَةُ الْقُرْآنِ الْكَرِيمِ

Құран оқу (күніне кемі бір пара).

 

Әр әрпіне он сауап жазылады.

اَلْبَقَاءُ فِي الْمَسْجِدِ بَعْدَ صَلاَةِ الْفَجْرِ إِلَى الإِشْرَاقِ

Таң намазын орындағанан кейін күн шығып жүзі көрінгенше зікір етіп, мешітте қалу.

 

Қажылық пен Умра орындағанмен тең.

صَلاَةُ الضُحَى

Духа намазы (күн шыққан соң бір-екі сағаттан кейін оқылатын нәпіл намаз).Алла Тағала әрбір пендеге күн сайын 360 садақа беруді жүктеді.

2-12 ракағат

2 ракағат етіп оқу 360 садақаға тең.

Құрметті дін-қарындас бауырлар! Дұғаның қабыл болатын белгілі бір мерзімдері мен орындары бар екенін біле жүргеніміз абзал. Олардың бірқатарлары:

1. Қадір түні. 2. Түннің үштен бір бөлігі қалған таң атардың алды. 3. Сәждеде (намаз оқу кезінде). 4. Арафатта (қажылық кезінде). 5. Ораза кезінде (әсіресе ауыз ашар алдында). 6. Жұма күні. 7. Азан мен қамат арасында. 8. Намаздың соңғы отырысында (салауаттан соң) сәлем алдында. 9. Парыз намазынан соң. 10. Сапар кезінде. 11. Жаңбыр мен қар жауып тұрғанда. 12. Әтештің дауысы естілгенде. 13. Сафа мен Маруада (қажылық пен умра кезінде). 14. Ата-ананың балаға, баланың ата-анаға тілеген тілегі. 15. Зұлымдыққа тап болғанда. 16. Зәмзәм суын ішерде (әсіресе денсаулық тілесе).

Сондай-ақ, дұға ету әдептерін сақтау ләзім. Оның ішінде:

1. Аллаға ғана ықылас арнап сұрау. 2. Алла ғана тілегімді береді деп кәміл сену. 3. Дәретті болу. 4. Дұғаны Аллаға мадақ, Пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айтып бастау және аяқтау. 5. Харам ас пен харам істен сақтану. 6. Құбылаға бет қарату. 7. Екі қолды көкке көтеріп, алақан жаю. 8. Алланың көркем есімдерін ортаға қойып тілеу. 9. Дұғаның қабыл болу уақыттары мен орындарына сәйкес сұрау. 10. Тілекті үш қайтара айту. 11. Алла алдында қажеттілік пен мұқтаждықты сезініп тұру. 12. Мүмкін еместі сұрамау. 13. Өзгелерден бұрын өзіңе тілеу. 14. Шын көңілмен тілеу. 15. Дұғада әдептілік шегінен шықпау. 16. Харам және күнәлі нәрсені сұрамау. 17. Жалықпай тілеу. 18. Басына күн туғанда ғана емес, барлық уақытта да Алла Тағаланы еске алып, дұға ету. 19. Дұға қабыл болмады деп асықпау. 20. Дұғада ширк амалы болмау. 21. Аят пен хадисте көрсетілгендей етіп дұға ету.

Кім осы ұсынылған ізет-парағындағы ізгі сөздерді іске асырса, онда ол Алланы ұдайы еске алушылар қатарынан табылатын болады. Сондай-ақ, ол Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетін берік те бекем ұстанған берекелі жанға айналады. Аса жоғары Алла Тағала ақырет күні бәрімізге осы ізгілікті істің игілігін көру бақытын жазсын! Алла Тағала бәріміздің күнәларымызды жарылқасын! Бізді тозақ отының азабынан құтқарып, жәйімізді жәннаттан нәсіп етсін!

Аллаға мадақ! Ол күш-құдірет, билік және ұлылық иесі. Барлық жақсылық Оның қолында. Иә, Алла, Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.), оның үмбетіне және ақырет күніне дейін оның артынан ергендерге игілік бер!

Шорабек Айдаров 

Қаңтар 27, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Дұғалар, Ислам | , , , | 2 Пікір

ДІН МЕН ДӘСТҮР (дүкеншінің әңгімесі)

Қайырымды да мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қызық деген осы. Күні кеше мен қолыма қалам алып, бірдеңе жазып ой толғаймын деп ойлаппын ба? Ойламақ түгілі, ондай нәрсе үш ұйықтасам түсіме кіріп пе екен? Енді міне, түн ұйқымды төрт бөліп, сөз теріп, сөйлем құрастырып, басым қатып отырғаны. Абай атамның: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін…» дегені өз басымнан өткен соң ғана түсіне бастағандаймын. Расында, маған да ат пен атақтың қажеті шамалы. Тек қана жүрегіме жүк болған бір мәселені айтып салып тынышталмасам болатын емес. Ендеше, бәрін басынан бастайын.

Мен жер шары деген көк глобустың бір нүктесіндегі аты жазылмаған ауылдың қарапайым ғана дүкеншісімін. Көргенім көп болмаса да, ауыл деңгейіндегі мәселелердің бел ортасында жүруге мәжбүрмін. Және мен айтқалы отырған жағдай бір ауылға ғана қатысты емес-ау деп топшылаймын…

Қазақ қонақжай, жомарт халық. Қазекеңнің кеңқолтық пейілі, жаймашуақ, жайылмасуат мінезі біздің жаңаарқалық ағайындарда жап-жақсы сақталған. Өзім деген кісіге өзегін суырып, жаяу қонаққа астындағы жалғыз атын түсіп беретін дархандығы қандай мақтауға да сиярлықтай. Соның бір көрінісіндей нәрсе – тойшылдығы. «Шілдехана, бесіктой, тұсаукесер, сүндеттой… ай, шіркін-ай!» деп ақындардың шырқайтынындай-ақ бар. Қарызданып, қауғаланып жасайды да жатады. Қалталарында көк тиын болмаса да мейлі. Бәрібір, байлардан бетер тәуекелшіл. Ленин айтатын коммунизм бізде. Жалақыдан – жалақыға дейін дүкенге келіп, керегін алып кете береді. Оған көнбесең, саудаң жүрмейді.

Әлбетте, ел болған соң, оның тыныс-тіршілігі, қимыл-қозғалысы, ыстық-суығы болмай тұрмайды. Мәселен, біреудің ұлы келін әкеп қалды делік. Әбігерге түскен әке «ә» дегенде дүкенге қарай тартады. Яғни, маған келеді. Керек заттар тізімін алдыма тастайды. Мен түгендей бастаймын. Барын буып-түйіп болғанда, ол маған ақшасы жоқ екенін айтады (айтпаса да білемін ғой). Оған уайымдамаймын, бір-екі қапшық азық-түлікті артамын да жіберемін. Тойдан соң есептесеміз. Бұл жағдай күніге-ақ болып жатыр. «Киіз кітабымның» ішінде талай есімдер мен цифрлар бар. Қалаңды қайдам, ауыл дүкенінің бәрінің жұмысы осылай болып келетін шығар деп ойлаймын. Елдің бәрі ақшасы айналымда жүрген саудагер емес қой. Бірде бар, бірде жоқ, бірде зар бірде тоқ. Көктемде дән сеуіп, күзде егін орып алатын егіншідей, айдың басынан бастап таратқан тауарларымның ақысын жалақы, зейнетақыдан түгендеп аламын.

Бір күні бір ауылдасым келіп, тойға деп кәмпит-пішіни, сусын… секілді азық-түліктер сұрап тұр. Берейін десем, қайтара алмайтынын білемін. Бермейін десем, жағама жармасардай екпіні қатты. Болмағасын:

«Әй, ел қаншадан беріп жатыр, өзі? Мен олардан асырып берейін. Он-онбес мың теңгенің затын тегін ал. Бірақ, ары қарай мені қинама» дейім. Көнбейді. Сұрағаны менің айтқанымнан он есе асып тұр. Ренжиді. Ашуланады. Мен бар елдің қажетін өтей беруге міндетті сияқтымын. Абайдың сөзі бар ғой: «Бай болғаннан не пайда, кедей болғаннан не зиян, бәрі ортақ болса?» деген. Сол психология әлі де бар. Елге жексұрын боламын.

Хош делік. Айтқаным «ауыл» деген организмның ыстық (нөлден жоғары) жағдайы. Ал, суығында қандай болады? Енді соған келейік. Толығырақ »

Қаңтар 26, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , , , | 2 Пікір

Жандостың жазғаны

Жаз жақындады… Жалаңаштардың жағдайы жанды жегідей жеп жүр. Жан-жағымызды жартылай жалаңаш – жарымжандар жайлаған, жабайылардың жанында жүргендейміз. Жартылай жалаңаштыққа желігу жақсылыққа жет-кізбейді. Жалпы, жұрттың жамалының жалаңаштығынан жанының жалаңаштығы жаман.Жаратушының жақсылықтарынан жиреніп, жануардан жаман жүгенсіздік жолымен жүру жамандықтың жегіне жеткізді.

Жалаңаштану – жезөкшелік жолы. Жартылай жалаңаштануға жандары жақындар – жамандыққа жандары жақын жандар.

Жалаңаштанудан жиренбейтіндердің жанын жындар жайлағандай…

Жақсы жандар “жылтырағын” жылтыратып жарнамаламай жамалын жамылғымен жасырады. Жүрегіне Жаратушының жылуы жеткен жандар жәннәтта жадырайды. Жанын жене жамалын жалаңаштағандар жеһеннемда жазаланады. Жәһәннәмнің жалыны жүзін жапқанда, жалғандағы жымысқылықтары жене жақсы-лықтан жырақтап, жамандыққа жақын жүруі жанын жегідей жеп, жалындағы жанып жатқан жүйкесін жұқартады.

Жақсылық-жамандықтың жағдайын жастарға жеткізу жауапты жүк. Жалпы жағдайымыз жан жылатарлық. Жанымызға жылу жетпейтіндей… Жақсылықтан жүрдай жандар жан-жағымызды жайлап жүр. Жанымызға жылу жинаудан жасқануымыз жақсылыққа жатпайтын жағдай. Жақсылықтың жолында жұмылмасақ жүгенсіздікке “жүгенделіп”, жалаңаштықпен жанымызды жаралап, жанымызды жанып жатқан жалынға жібергеніміз.

Жабайылардың жамандығын жанымызға жолатпай, жақсылардың жолымен жүрейік. Жастарымызды жалаңаштық жолына жібермейік! Жөн жүрсек жиыламыз, жұртымыз! Жөн жүрмесек жырымдаламыз.

Жақсылықты жандарыңызға жеткізуге жұмыс жасадық. Жақсылыққа жорып, жандарыңызға жылу жинап, жүректі жібітудің жолына жөнелсеңіздер жақсылыққа жетесіздер!

Жаратушымыз жүрегімізді жақсылыққа жұмылдырып, жамандықтан жырақтатсын!

ЖАЛАҢАШТЫҚТАН ЖЫРАҚТАМАЙЫНША ЖҰРТЫМЫЗҒА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖОҚ!

Жанашырларыңыз – Жандос.

ps

Мынау менің жазғаным емес :) Жандос деген басқа бір бауырымыздікі

Қаңтар 26, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам, жайжай, анау-мынау | , | 9 Пікір

Үрей мен үміт

Қап-қара жалын тозақтан қорқам тозақтан
Сұп-суық хабар кеп жете ме деп сол жақтан
Шыжылдап майлар, сатырлап сүйек жанғанда
Лағнет айтып айтып бес күндік сынақ жалғанға
Ібілісті қарғап, түзу бір жолдан тайдырған
Азапқа ылайық мазаққа ғана сай қылған
Мың шақты емес миллион жылға айдалып
Қор болар ме екем қып-қызыл шоққа айналып
Адамның ұлы ем дүниеге мынау таралған
Дәрежемді айтсам періштеден артық жаралған
Бүгінде бірақ періште қайда мен қайда
Кім созар қолын мүшкілдеу біздің жағдайға
Бауырларым да, бала-шағам, дос, жекжатым
Шайқаспай беріліп шайтанға әскер боп жатыр
Бәріде дана бәріде көсем шетінен
Дәуірлеп дәурен сүруге мықтап бекінген
Ақырет қамын жасамай жүріп әлекпен
Алланың ұлы мейірімінен дәметкен
Сол оттан қорқам, тозақтан қорқам тозақтан
Көрмейді соны қазақтар біздің көзі аққан
Ағылған солай парақорлардын парады
Маскүнемің әне қолтығына қысқан арағы
Жемқорын анау отырған әрең тыныстап
Зинақорың жүр шоколад, шампан, гүл ұстап
Сопылар кетті Аллаға пірін серік қып
Зіркілдеп зікір салғандарыңнан зеріктік
Дымыңды білмес дүмшелер кетті молда боп
Құдайым оңда, әруағым өзің қолда деп
Сәуегей, балгер, тәуіптер кетті дес бермей
Құранның қатал ескертпелерінен сескенбей
Әр төмпешікті әулие санап асыға
Мәр-мәрдан өріп, кесене салдық басына
Қарасаң қайда ағыл да тегіл ысырап
Ысталды кеуде тәңір кәріне ұшырап
Өнерде жүрген сезімнің сансыз құлдары
Сендерде болдың тақ пенен даңқтың құрбаны
Ақын мен әнші серіліктен ептеп татса дәм
Оралың барда ойна-күл деп қақсаған
Жазушы қайтпек бауыры бүтін басы аман
Кейіпкерлердін тағдырын ойдан жасаған
Сан ғасыр бұрын бақилық болған кісінің
Қиялға еріп саламыз сурет мүсінін
Айтылған ғайбат сөздерге сөзсіз жауап бар
Саулайды тілден тірнектеп жиған сауаптар
Қалады ертен қарқ та қарқ, күлкі қалжының
Тозақта шөлдеп, ішкенді ыстық қанды ірің
Жегенің сонда тікенек тектес ас болса
Ата-анаңмен де алмайсын онда достаса
Шайтанға тозақ, жәннәттән оған үміт жоқ
Солқылдақтарды әкетіп жатыр үгіттеп
Сондықтан түскен төрт кітап, сансыз пайғамбар
Сақтаныңдар деп сайтани сауық сайраннан
Жаратушы өзі жөн сілтеп сені қорғаса
Азғырушыға қашқын келеді алдаса
Ғибадат түгел, құлшылық бүтін болмаса
Ниетім түзу жүрек таза деу далбаса
Раббына құл боп өмір сүргісі келмеген
Түсінбей қойдым тәкәппарсыған елге мен
Көз жұмып барып ел ішкен уды менде ішкем
Әдісі артық нәпсіні сонда жеңбестен
Сәл ерте білсем, сан соғып калмай оңбастан
Сәждеге мандай тигізбеспе едім он жастан
Құрышты судай қайнатқан пештен көп ыстық
Азаптан қорықпай әз-әзілдермен өбістік
Қимастай қызық хараммен жиған мал-мүлік
Сорлатар ма екен төзгісіз отта жандырып
Өртеніп жатып өлейін десем өле алмай
Өкірер ме екем өмірге екі келе алмай
Біз қайбір достар пайғамбар сынды асыл ек
Асығып аққан судаймыз, құмы, тасы көп
Шын мұсылман боп өте алмау сұмдық қасірет
Жәрдем бер Алла, жәнәтті бізге нәсіп ет. Әмин!

Қаңтар 24, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам, Өлеңдер | , , , | 4 Пікір

Қабірге зиярат жөнінде Қырық сұрақ

   

1-СҰРАҚ: Қабірлерге зиярат етуге бола ма?

ЖАУАБЫ: Болады. Оған: «Мен сіздерді қабірлерге зиярат етуден тыйған едім. Енді, оларға зиярат етіңіздер. Өйткені, қабірге зиярат ету ақыретті еске түсіріп, жақсылықты арттырады. Енді, кім қаласа, зиярат етсін. Бірақ, (онда) бос сөз айтпаңдар» деген хадис (Мүслим, Әбу Дәуд, Бәйһәқи, Нәсәи, Ахмәд, Тирмизи) дәлел болады.

2-СҰРАҚ: Қабірлерді зиярат етудегі мақсат не?

ЖАУАБЫ: Ондағы мақсат ақыретті еске түсіріп, одан ғибрат алу және мәйіттің күнәсінің кешірілуін Алладан тілеу болып табылады. Оған дәлел Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» (Ибн Мәжәһ).

Әбу Сәъид әл-Худридің (р.ғ.) риуаятында: «…Енді, оларға (қабірлерге) зиярат етіңдер. Расында, зиярат етуде ғибрат бар…» деген жолдар бар.

Айшадан (р.ғ.) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) әл-Бақиъ қорымына шығып, олардың күнәларының кешірілуін тілейтін. Сонда Айша (р.ғ) одан бұл жөнінде сұрады. Ол (с.ғ.с.): «Мен оларға дұға етуге бұйырылдым» деді» (Ахмәд, Мүслим және басқалар).

3-СҰРАҚ: Қабірлердің басында дұға жасауға бола ма? Толығырақ »

Қаңтар 22, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , , , , | 1 Пікір

Намаз оқуыңа не кедергі?

  namaz

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен.

Оны дәріптеп әрі Одан жәрдем мен кешірім сұрап жалбарынатын Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын. Жанымыздың жамандықтары мен жаман іс-амалдарымыздан Аллаһқа сиынып, Одан пана тілейміз. Кімде-кімді Аллаһ тура жолға бастаса, онда оны ешкім де адастыра алмайды. Ал кімде-кімді адастырса, онда оны тура жолға салар ешкім жоқ. Біз Аллаһтан өзге құлшылыққа лайық ешкім жоқ екеніне, Оның серігі жоқ әрі жалғыз екеніне куәлік етеміз, сондай-ақ  Мұхаммед Оның құлы әрі елшісі екеніне куәлік етеміз.

WWW.TOISLAM.COM сайтынан Әбу Салих бауырымыздың таңдап, жинақтап әрі толықтырған баспа күйіндегі бір топ дәрістер жиынын қалың мұсылман жұртшылығы назарына ұсынамыз. Бауырымыздың осынау еңбегі үшін оған алғысымызды айтып, оған Аллаһ екі дүниеде де жақсылық беруін сұраймыз. Мұхаммедке, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһ тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын!

«Исламға» сайтының басшылығы.

WWW.TOISLAM.COM 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен.

Әлемдердің Раббысы Аллаһқа барлық мақтау мен мадақтар болсын, әрі Мұхаммедке, оның отбасына және оның сахабаларына Алла тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын!

Ұлы Аллаһ тағала мейірімін төгіп, кейбір бауырларымыздың ат салысуымен осыдан төрт жыл бұрын «Исламға» деген сайт ашылған болатын. Дыбыс күйдегі Ислам жайындағы мағлұматтардың көптігі – бұл сайттың құндылықтарының бірі болып табылатын. Алға қойылған негізгі мақсат – дініміз ең алғашында пайғамбарымыз Мұхаммедке e қалай түсірілген болса, қалың жұртшылыққа дінімізді тура сол қалпында жеткізу еді.

Бұл сайттағы лекциялар бүкіл жер бетіндегі орыс тілдес мұсылмандар арасында өте кең таралып кетті. Ізінше әртүрлі ұсыныстар, өтініштер, алғыс хаттар және әлемдердің Раббысы Аллаһқа шүкіршілік айтқан тақырыптағы хаттар келіп жатты.

Көбіне осы сайттағы лекцияларды жазбаша түрде шығару жөніндегі өтініштер келетін еді. Алайда, бауырларымыздың оқып өткен сайттағы лекциялары мен дәрістері дайындық ретінде шағын ғана қағаз бетіне түсірілгені болмаса, үлкен көлемде қағаз бетіне түсірілмеген болатын. Дәрістердің жазбаша түрін талап еткен хаттар легі толастамағаны үшін мен Аллаһтан жәрдем сұрап, иман келтірген бауырларымыздың өтінішін орындауға бел будым.

Менің атқарған істерім:

1) Дыбыс күйіндегі материялдардан дәрістер мен лекциялар стилінен алыстамай, тыңдаушыға қалай жеткізілген болса, тура сол қалпында баспаға шығару. Мағынаның дәл болуы үшін, сондай-ақ сөздерді қайталамау мақсатында кейбір жерлері сәл ғана қысқартылып, кейбір сөздері ауыстырылды.

2)  Қысқаша толықтырулар мен түсініктемелер енгізілді.

3) Лекциялардағы аталып өткен аяттар мен хадистерге сілтеме жасалды. Хадистердің алынған жерінің бір-екеуін ғана атап өтумен шектелдім.

Бұл еңбегім тегін таратылып, жалпы осы атқарған ісімнің құқығы өзімде қалады.

Аллаһ тағаладан Оның есімдері мен сипаттары арқылы осы ісімді пайдалы етуін, әрі бұл еңбегім үшін үлкен сый беруін сұраймын. Мұхаммедке, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһ тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын![1]

Әбу Салих.

Һижра жыл санағы бойынша зул-Хижжаның 8-і, 1426 жыл.

2006 жыл, 8 қаңтар.

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен.

 Әлемдердің Раббысы Аллаһқа барлық мақтаулар мен мадақтар әрі Мұхаммедке, оның отбасына және оның сахабаларына Аллаһ тағаланың салауаттары мен сәлемдері болсын!

Бұл үндеу-адамды өзінің иесі, әлемдердің Жаратушысы Аллаһқа қайтару мақсатында жазылған. Шын мәнінде біз мұсылманбыз, Раббымызды жақсы көреміз әрі басқалар да Оны жақсы көргенін қалаймыз емес пе? Әрине, кез-келген жаратылыс өзінің жаратушысын, бәлки барлық әлемдерді Жаратушы Аллаһты жақсы көруін қалаймыз. Егер де біз Жаратушы Иемізді жақсы көрсек, ол да бізді жақсы көрері анық. Кімді Аллаһ жақсы көрсе, онда оны тура жолға салады. Ал кімде-кім тура жолда болса, оны Аллаһ жәннәтқа кіргізері сөзсіз.

Бұл үндеу-құлшылықтардың ең абзалын тастап кеткен адамдарға арналады. Қолға қалам алуға себеп болған пасық жандарға бағытталған. Иә, достым, қателеспедің, менің бұл сөздерім саған бағытталған. Бізге міндеттеліп, жүктелген құлшылықты тастап кеткен сен емес пе едің? Намаз оқуды керек етпей, оны тастап кетуші ақымақ та сенің өзің.

Толығырақ »

Қаңтар 13, 2008 Жазған: Abu Muxsin | Ислам | , , | No Comments Yet